Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шын мәнінде мүмкіндіктер мекені екеніне шетелдік жоғары оқу орындарымен көбірек танысқан сайын көзім жете түсті.
ЮНЕСКО жанындағы әлемдік бұқаралық коммуникация мен журналистиканы біріктіретін ОРБИКОМ ұйымының мүшесі ретінде бірталай дамыған елдерді аралап, біраз классикалық университеттерді көрдік. Тарихы терең, тәжірибесі мол сол оқу орындарынан алар үлгі, түйер түйін жеткілікті екен. Бірақ...
Иә, бірақ қолымды жүрек тұсына қойып айтайын: мен үшін ҚазҰУ-дың орны мүлде бөлек!
Бұл оқу орны – білім алғысы келетін әрбір қазақ баласының арманы!
Бұл оқу орны – осында дәріс беріп, мағыналы ғұмыр сүрсем дейтін белгілі ғалымдар мен даналардың арманы!
Бұл оқу орны – Алаш жұртының күмбірлеген кеудесі, тарихта қалар зердесі!
Бұл қалашық – әсем Алатау иығындағы алқаракөк шапанның құндыз жағасы!
Ол аз десеңіз, оған Орталық Азиядағы ұлттық университеттер ішіндегі флагманы деген атауын қосыңыз!
Сол себепті осы қара шаңырақта тіл және тәрбие жөніндегі проректор қызметін сегіз жыл атқарғанымды әрқашан мақтан етемін.
Әлі күнге дейін есімде, алдымен қызметтің бағытына қарай атқарылуға тиісті жұмыс жоспарын анықтап алу керек болды. Ол үшін студент жастарға тәрбие берудің концепциясын жасап, «Білім және еңбек» журналының екі санында жарияладық. Оны сол кездегі білім және ғылым министрі Шәмша Көпбайқызы Беркімбаева қолдап, жоғары оқу орындарында пайдалануды міндеттеді. Өйткені біздің студент жастарға жетпейтіні білім емес, тәрбие болатын.
Бірақ тәрбиенің түрі көп қой. Соның ішіндегі рухани тәрбиенің кемшін екені көзге бірден ұрып тұрды. Сол себепті Студенттер сарайынан Жастардың рухани орталығын аштық. Жыл сайын «Менің Қазақстаным» фестивалін өткізуді дәстүрге айналдырдық. «Қозы мен Баян» күнін, «ҚазҰУ аруы» байқауын өткіздік. «Біз» деген студенттік театр ашып, нашақорлыққа қарсы «Адаспаңдар!» деген спектакль қойылғанда көңілі құлазып, көзіне жас алған жастар аз болмады. «Той» деген спектакльді өзге оқу орындарының студенттері мен ұстаздарына дейін келіп көрді.
Наурыз мейрамына орай, Ректорат үйі мен Студенттер сарайы алдында және стадионда өткен ұлттық нақыштағы театрланған көріністерді қала жұртшылығы да келіп қызыға тамашалады.
2004 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Румыния президенті Вацлав Клаустың университетке келуіне байланысты Студенттер сарайында бір жарым мыңнан аса студент пен оқытушылар оң қолдарын жүрек тұсына қойып, алғаш рет Әнұранды фонограммасыз орындағаны қонақтарға ерекше әсер етті. Осы дәстүр кейіннен «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» заңына енгізіліп, Әнұранды айтқанда қолды жүрек тұсына қою жалпыға бірдей міндетті саналды.
Дейтұрғанмен ол кездегі құрылыс ауқымы мен бүгінгі қалашықты салыстыруға болмайды. Қазір мұнда адамзат өркениеті көшінен қалып қойғысы келмейтін әрбір жасқа қажеттінің бәрі бар:
Замана талап-тілектеріне сай жабдықталған оқу корпустарында 180-нен аса мамандық бойынша білім беріледі; олардың қақ ортасында 2 000 000-дай қоры бар кітапхана орналасқан. Одан өзге, бүгінгі озық технологияның небір үлгілерімен жабдықталған оқу залдары да жетерлік; қалашықты айнала салынған әр мамандықтың өз алдына 14 жатақханасы бірінен бірі өтеді; осылардың дәл кіндігіндегі қызмет көрсету орталығы көпшілікке қолайлы жерде тұр. Ректорымыз Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, келер жылы университет құрылысының екінші кезеңі басталмақ. Көп ұзамай, амандық болса, оның да куәсі болармыз.
Әрине, осыншама игіліктердің бірден орнай қалмағаны ақиқат. Оның бәрі халқымыздың маңдайалды азаматтарының қажыр-қайраты арқасында біртіндеп іске асқанын тарихтан білеміз. Ұмытпасам, алғаш гуманитарлық мамандықтар даярлайтын оқу корпустары берілді. Ректорат үйі мен Студенттер сарайының құрылысы әлі де жүріп жатқан кез. Сабақ арасындағы үзілісте балконға шығып, бұрын-соңды көрмеген керемет еңбек майданын тамашалап, талай таңданғанбыз.
Университет ректоры қызметін әр жылдары Т.Тәжібаев, Т.Дарханбаев сияқты халық қадірлейтін академиктердің атқарғаны белгілі. Олардың әрқайсысы оқу орнының қабырғасын қатайтып, қалыптасуына аз тер төккен жоқ. Дегенмен Өмірбек Арысланұлының бүгінгі ҚазҰУ қалашығына сіңірген еңбегі алабөтен. Республика және облыс басшылары: Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаровтың қолдауымен ректорымыз Өмірбек Жолдасбеков осы тұста керемет басшы екенін дүйім жұртқа дәлелдеді. Оның аты сол кезден-ақ аңызға айнала бастады.
Өмірбек Арысланұлы ректор болып келгенде біз студент едік. Болашақ журналистерді даярлайтын республикадағы жалғыз факультет болатын. Курсымызда аттары көпшілікке таныс Жүрсін Ерманов, Асқар Егеубаев, Дәуітәлі Стамбеков, Несіпбек Айтов, Тұрсын Жұртбаев, Жанболат Аупбаев сияқты журналистиканың жүйріктері оқыды. Факультетіміз акт залымен қабырғалас бұрышта-тұғын. Сол факультет бүгіндері ҚазҰУ-мен қатар торқалы 90-ға келіп жатыр.
1934 жылы Коммунистік журналистика институты (КИЖ) болып ашылған оқу орны газеттер үшін зәру мамандық – жазатын тілшілер даярлайтын. Қазақтың абыз ақыны Дихан Әбілев бір естелігінде бітіру емтиханы комиссиясының төрағасы Сәкен Сейфуллин болғанын еске алады. Яғни қазақ журналистикасының басында ұлт қамын ойлаған осындай Алаш арыстары болғаны мақтаныш. Ол институт кейін, яғни 1941 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің құрамына кірді.
1942 жылы осы оқу орнын бітірген Қайыржан Бекхожин алдымен Қостанай облыстық газетінде редакторлық қызмет атқарып, үш жылдан соң ҚазҰУ-ға қайта оралды. Ол журналистикадан дәріс оқи жүріп, оқулық та жазды. Сөйтіп, кәсіби мамандар даярлаудың алғашқы үйлестірушісі болды.
Қазақ журналистикасында орны бөлек ардагердің бірі – алғашқы декан Амандосов. Тауман Салықбайұлы 1966 жылы журналистика факультетін филфактан бөліп, өзі соған басшы болды. Бұрын Әуезовтер жұмыс істеген филфакты басқарған Тауман Салықбайұлының ҚазҰУ-дағы беделі тым керемет болатын. Жүріс-тұрысы, киім киісі, студенттермен қарым-қатынасы ерекше-тін. Кейін ол журналистика мамандығы бойынша алғашқы профессор атанды. Тауман Салықбайұлының сүйегін университеттен шығарып жатқанда бір ақсақалымыздың: «Амандосовта арман жоқ. Университетке еңкейіп кіріп, шалқайып шығып барады», – дегені әлі есімде.
14 жыл (1972-86 жж.) декан болған Қожакеев тұсында журфак университет бойынша алдыңғы орындардан жиі көрінді. Темірбек ағамыз журналист мамандарын даярлаудың дәрежесін жаңа сатыға көтерді. Өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоятын басшы студенттен бастап, оқытушылар құрамына дейін ширатты. «Темекеңнің тепкісінен шыққанбыз» дейтін тіркес деканымыздың сол кездегі мінез-құлқына, жұмыс стиліне қарай тарады.
40 жасында МГУ-дегі журналистика факультетінде (10.01.10 – журналистика) мамандығы бойынша Орталық Азиядан алғаш рет докторлық қорғаған Марат Барманқұловтай таланттар көп болған жоқ. Республикалар түгіл, Мәскеудің өзінде бұл саладан докторлық қорғағандар ол кезде саусақпен санарлық болатын. Оның журналистикадағы деректі жанрлар туралы салыстырмалы талдауы ғылыми ортада резонанс тудырған керемет жаңалық болды. Әсіресе «Әлемге ашылған терезе» деп танылған телевизия жайлы ізденістері өте жоғары бағаланды. Күні бүгінге дейін ол жазған еңбектердің алдына түскендері аз.
Бүгінгі қазақ журналистикасының теориясы мен тәжірибесі осындай тұлғалардың қажырлы еңбектері арқылы қалыптасты. Оларға күні бүгінге дейін дәйек көзі ретінде жүгінеді.
Менің факультетке басшылық жасауым тәуелсіздікпен тұспа-тұс келді. Сондықтан БАҚ-тың қоғамдағы орнын қайта таразылауға, жаңа оқу жоспарын жасауға тура келді. Ол үшін дамыған елдердегі журналистика факультеттерінің тарихын зерделеуге, журналистика жоғары мектептерінің іс-тәжірибесімен танысу керек болды. Сол себепті Америка мен Еуропа елдеріне іссапарларға шықтық. Олардың ғалымдары бізге келіп дәріс оқыды. Осылайша тәуелсіз елдегі журналистік білім берудің жаңа стандарттары жасалып, елдік мұраттар алға шықты.
Тәжірибелі журналистер дәріс оқуға тартылып, ғылыми дәреже беретін арнайы кеңес ашылды. Онда 60-тан аса кандидат (10.01.10 – журналистика) диссертация қорғап, қазақ журналистикасының өзекті мәселелері ғылыми айналымға қосылды.
1995 жылы ЮНЕСКО жанындағы бұқаралық коммуникация мен журналистика бойынша дүниежүзілік ОРБИКОМ ұйымына Орталық Азия елдерінен мүше болып қабылдандым. Келесі жылы мамырдың 14-інде сол кездегі ЮНЕСКО-ның бас директоры Фредрико Майордың бірінші орынбасары Аднан Бадран Қазақстанға арнайы ұшып келіп, ҚазҰУ мен ЮНЕСКО арасында шарт жасасты. Келісімшарт негізінде университетте ЮНЕСКО кафедрасы ашылып, ОРБИКОМ мүшесі ретінде мені кафедра меңгерушісі етіп тағайындады.
Осыдан бастап біздің шетелдік барыс-келістеріміз көбейді. Халықаралық гранттар мен ЮНЕСКО қаражаты негізінде факультетте: қалаған спутниктерден хабар қабылдай алатын парабалистік антенна орнатылды; дәліздегі бос жатқан жерден радиостудия жасалды; сол сияқты фотостудия, телестудия, компьютерлік класс ашылды. Факультет осылайша оқу үрдісін өркениеттік жолға қою арқылы халықаралық деңгейге көтерілді.
Намазалы ОМАШЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор