облыс әкімі Бейбіт Исабаев Алматыдағы АҚШ Бас консулдығының делегациясымен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Талдықорғанда өткен кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты дамыту және өңірге инвестиция тарту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Ресми қонақтарды қарсы алған Бейбіт Исабаев «Қорғас» ХШЫО мен «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндіктеріне ерекше назар аудара отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарына қысқаша тоқталды. Облыс әкімі атап өткендей, АЭА аумағында жылына 100 мың күн панельдерін шығаратын «Майами Солар» кәсіпорны орналасқан, жоба америкалық серіктестердің қатысуымен жүзеге асырылуда.
- Жалпы біздің өңірде 5 негізгі стратегиялық бағыт бойынша, атап айтқанда агроөнеркәсіптік кешен, көлік және логистика, туризм, жер қойнауын пайдалану және баламалы энергетика салаларына жаңа инвесторларды тарту жұмыстары жүргізілуде. Жетісу облысында ең алдымен, су-, жел - және күн энергиясы бағытындағы жаңартылған энергия көздерінің айтарлықтай әлеуеті бар екенін атап өткім келеді. Өңірдің қолайлы табиғи-климаттық жағдайы туристік саланы дамытуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Жетісудың топырағы құнарлы, суы мол, сондықтан ауыл шаруашылығын белсенді дамытып келеміз, қазір біз ылғал үнемдейтін технологияларға баса назар аудара бастадық. Бизнесті дамытуға, инвестициялар тартуға қажетті жағдай жасаймыз. Америкалық инвесторларды ынтымақтастыққа шақырамын, - деді Б. Исабаев.
АҚШ-тың Бас консулы Мишель Еркін қатысушыларға өзінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Сэмюэль Фонтела мен Бас консулдың көмекшісі Зульфира Садықжанованы таныстырды. Сонымен қатар ол өңірдегі баламалы энергетиканы, әсіресе күн энергетикасын дамыту мүмкіндіктеріне қызығушылық танытты, сондай-ақ облыс әкімдігінің теңгеріміне біраз бұрын берілген «Қорғас» ХШЫО мен «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА қызметіне қатысты өздерін қызықтырған мәселелер жайлы сұрады. М.Еркін ауыл шаруашылығын дамыту саласына да қызығушылық танытты. Ол жазда Алакөл ауданында жыл сайын өтетін «LEPSI» халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысуға ниет білдірді. Бас консулдың бұл ұсынысына облыс әкімі қолдау білдіретінін айтты.
Кездесу соңында қос тарап алдағы уақытта сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарға дайын екендіктерін білдірді.