Қазақстандағы су тапшылығы проблемасын шешуге қадамдар

13079
Фотосурет: Ж. Жұмабекова / Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжілісте Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршиннің жетекшілігімен дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Депутаттар Үкімет мүшелерімен, құзырлы орган өкілдерімен және сарапшылармен еліміздегі ағынды суларды қайта пайдалану мен перспективасын талқылады.

Еділ Жаңбыршин былтыр күзде комитет мүшелері Атыраудағы көшпелі отырыста сарқынды су мәселесін талқылағанын атап өтті. Өңірге барып, ондағы жағдаймен жақын танысқан депутаттар сапар нәтижесінде Үкіметке арнайы ұсыныстарын берген.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бүгінгі таңда министрліктің жұмысы негізгі үш бағытқа құрылғанын айтты.  Ең бастысы – суды үнемдеу саясатын қалыптастыру және тазартылған ағынды суларды қайта пайдалану үшін жаңа құқықтық база құру. Су тапшылығы мәселесін шешу үшін екі іргелі құжат әзірленген: Су кодексі және Үкімет қабылдаған Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы.

Министрдің айтуынша, кодекстің мақсаты – суды пайдаланудың қауіпсіз деңгейіне қол жеткізу және қолдау. Заңнамалық деңгейде су шаруашылығы саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтіледі. Тұжырымдамада су қоймаларын, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелерді және топтық су құбырларын салу және қайта жаңарту бойынша бірқатар шұғыл шара қарастырылған. Ауыл шаруашылығындағы суды үнемдеу мәселесі де өзекті болып қала береді.

Фермерлерді суды үнемдейтін технологияларды қолдануға ынталандыру үшін біз Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, суару жүйелерін құруға, тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға субсидияланатын шығындардың үлесін 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайту жұмыстарын бастадық. Бұл 2030 жылға қарай су үнемдейтін технологияларды қолдана отырып, суармалы жер көлемін 312 мыңнан 1,3 миллион гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді Нұржан Нұржігітов

Сонымен қатар министрлік көрші мемлекеттермен трансшекаралық ынтымақтастықты нығайтуды, соның ішінде Аралды құтқару халықаралық қорына төрағалық етуді жоспарлап отыр.

 Мәжіліс депутаты Аян Зейнуллин Қазақстандағы ағынды суларды қайта пайдаланудың өзіндік проблемаларына тоқталды. Республиканың жер үсті су объектілері өнеркәсіптер мен коммуналдық шаруашылықтар әсерінен қарқынды ластанып отыр. Ағынды суларды бұру жүйелері қолжетімділігінің артта қалуына байланысты елдімекендердің ағынды суларының тек 29 пайызы қайталама тазартудан өтеді.

Қиындықтарға қарамастан, бұл – еліміздің тұрақты дамуын және табиғи су ресурстарын сақтауды қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Табысты жүзеге асыру үшін тиісті нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу, қажетті инфрақұрылымды дамыту, кадрларды оқыту және ағынды суларды қайта пайдаланудың маңыздылығы туралы халықты ақпараттандыру қажет Аян Зейнуллин

 Жиын барысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов, «Табиғат» экология одағының төрағасы Мэлс Елеусізов, «Компания Зеңгір НС» ЖШС директоры Еркін Кенжебаев және басқа да мамандар өз ойларын ортаға салды.

 Өз кезегінде депутаттар Мәжіліс қарауына енгізілген Су кодексінің жобасына қатысты ескертулер мен ұсыныстарын айтты. Палата вице-спикері Альберт Рау құжатта суды үнемдеу мен басқа да мәселелерді реттеудің нақты тетіктері көрсетілмегендіктен әлі де жетілдіру қажет екенін атап өтті. Еділ Жаңбыршин әріптесінің пікірімен келісіп, жобаның Аграрлық мәселелер комитетінің құзырына берілгеніне қарамастан, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті жобаны әзірлеуге белсенді түрде атсалысатынын мәлімдеді. Депутат Сергей Пономарев республиканың жылу электр станциялары мен осыған ұқсас кәсіпорындарының суды қайта пайдалану мәселесін көтерді. Құжатты одан әрі талқылау жұмыс тобында жалғасады.

 

Бірінші, біз жаңа Су кодексін қарастыруға көшіп жатырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында министрлікпен, құзырлы органдармен, сарапшы мамандармен бірлесіп, осы Су кодексін реттеуіміз керек. Оның ішінде суды үнемдеу, есепке алу, тариф, жаңа технологияларды енгізу, цифровизация сынды өзекті мәселелерді заңнамаға енгізу қажет. Кетіп жатқан ағын суды бақылау жұмыстары да маңызды. Белгілі бір жүйе орнатпасақ, қоршаған ортаға қандай су кетіп жатқанын бақылау қиын. Біз қалай да сарқын суларды тазалауымыз және ол судың сапасы нормативке сай болуы керек. Себебі суды үнемдеп қана қоймай, тазалап, қайта пайдалануға тиіспіз Еділ Жаңбыршин

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -