Цифрлық трансформация: цифрландыру және байланыс туралы заң жобасы мақұлданды

3960
Фотосурет: Shutterstock/Rigelp

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Заң жобасы байланыс инфрақұрылымын дамытуға, перспективалы телекоммуникациялық және цифрлық технологияларды тарту үшін қолайлы заңнамалық жағдайларды қалыптастыруға, инновациялық экожүйені одан әрі жетілдіруге бағытталған.

Онда желілерді дамытуды ынталандыру және халық үшін байланыс қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі заңнамалық шаралардың кешенді пакеті көзделеді. Бұл - жергілікті атқарушы органдардың ұялы немесе спутниктік байланыс операторларының антенна-діңгек құрылыстарын және (немесе) ұялы немесе спутниктік байланыс жабдығына арналған тіректерді салуы үшін орындардың берілуі. Республикалық және негізгі облыстық автожолдарды сапалы байланыспен қамту үшін автомобиль жолдарын дамытуды жоспарлау, реконструкциялау және жөндеу кезінде талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу мүмкіндігі бекітіледі.

Мемлекет меншігіндегі электр беру әуе желілерінің тіректерін бірлесіп пайдалану, оның ішінде байланыс операторларының оларды тиісті жағдайда ұстау жөніндегі міндетін белгілей отырып, байланыс желілерін жүргізу үшін мүмкіндіктер кеңейтілуде.

Цифрлық технологияларды енгізу мақсатында ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп нысандарында байланыс қызметін субсидиялау көзделеді. Геостационарлық емес спутниктік жүйелерді қолдана отырып, байланыс желілерін пайдалану бойынша екі жылға дейінгі мерзімге пилоттық жоба енгізілуде.

Бұл Заңда байланыс саласындағы уәкілетті органның байланыс операторларының мүгедектігі бар адамдарға жеңілдікті тарифтер беру жөніндегі қосымша міндеттемелерін белгілеу құқығы көзделетіні маңызды.

Сонымен қатар, халықты төтенше жағдайдың туындау қаупі туралы ұялы байланыс арқылы жедел ақпараттандыру үшін байланыс операторларының хабарламаларды тарату ауқымы кең желі технологиясының жұмыс істеуін қамтамасыз етуі көзделеді.

Заң жобасымен сондай-ақ жердің, орман және су қорының жай-күйіне қашықтықтан бақылау жүргізу кезінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасы талаптарының сақталуына жерді ғарыштық зондтау деректерін пайдалану бойынша мүмкіндіктер кеңейтілуде. Бұл табиғи ресурстарды пайдалануды мемлекеттік бақылаудың тиімділігін күшейтуге және адал табиғат пайдаланушыларға әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, «бір терезе» қағидаты бойынша инновацияларды мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға арналған ұлттық инновациялық жүйені іске қосу көзделеді, елдің инновациялық дамуына қатысу үшін технологиялық құзыреттердің салалық орталықтарының мәртебесі артады.

Заң жобасы азаматтарға сапалы және қолжетімді байланыс қызметтерін ұсынуға, инновациялық белсенділіктің артуына, елге перспективалы цифрлық технологияларды тартуға ықпал ететін болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -