Елімізде 1-наурыздан бастап көктемгі әскери шақыру басталған болатын.
Осыған орай Аягөз қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінде әскерге шақыру науқаны қарқынды өтуде, деп хабарлайды DKNews.kz.
Биылғы көктемде аудан бойынша 100-ден астам жасты Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарына жіберу жоспарланған.
"Қазіргі таңда шақырылушылардың алғашқы командасы Шекара қызметіне іріктеліп жатыр. Наурыз айының соңына таман 30-ға жуық аягөздік бозбала мемлекеттік шекараны күзетуге аттанады" Аягөз қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы майор Жасұлан Қожахметов
Қазір әскери сала да сандық жүйеге көшірілген. Сондықтан бұрынғыдай 18 жасқа толған азаматтың үйіне әскерге шақырту қағазы жіберілмейді. Барлығы азаматтарға арналған электрондық үкімет порталы арқылы жүзеге асырылады. Әскери тәртіпке сәйкес, шақырту алған әрбір азамат тұрғылықты жері бойынша әскери басқару органдарына барып, медициналық және психологиялық тексеруден өтуге міндетті.
Әдеттегідей, биыл да әскерге шақырылушылардың арасында ерік-жігері мықты жастар айтарлықтай көп. Солардың бірі Алмас Жанатұлы.
"Әскерге шақыру туралы sms хабарлама алдым. Қазіргі уақытта медициналық тексеруден өтудемін. Денсаулығыма шағымым жоқ. Өзім Шекара қызметінде борышымды өтегім келеді. Отан қорғау әрбір ер жігіттің азаматтық парызы деп есептеймін" Алмас Жанатұлы
Айта кету керек, әскери борышын өтеген азаматтарда ары қарай келісім шартпен әскери қызметте қалу мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, көктемгі әскерге шақыру науқаны маусым айының соңына дейін жалғасады.