Ұлттық ұлан қоғам дертімен тоқтаусыз күресуде

4257
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Қоғамда болып жатқан оқиғаларға селқос қарамай, салдарымен күресу болашақ ұрпақ қамын ойлаған жанашыр азаматқа тән дүние.

Өйткені, күрмеуі шешілмеген мәселеге сүрлеу салып, сүзгіден өткізіп, құр сүлдері қалғанша жан аямай әрекет ету бұл ел дамуына себепкер жанның мұраты рәуішті. Бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайған шағынан бастап, алысқа көз тіккен қатардағы жауынгер Ерғали Издрганның өмірлік ұстанымы айналада белең алған қым-қуыт оқиғаларға бей-жай қарамау. Осы орайда Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген мерзімді әскери  қызметшіні сөзге тартып көрдік.   

Қалың  қалай жауынгер? Ұлттық ұландағы мерзімді әскери қызметің қалай өтуде?

- Бәрі жоспардағыдай. Мен өмірде өзіме қажетті қызметті тапқандаймын.  

Өскемендегі қоғамдық тәртіпті қадағалау сенің межелі мақсатыңмен үндестік тапқандай. Қаруластарың өзіңді жауынгерлік жасақ қатарында қала тұрғындарына жіті назар салып, әрбір шалыс қимылды қалт жібермейді дейді деп сипаттайды.

-  Асыра мақтау деп ойлаймын. Дегенмен, Ұлттық ұлан қатарында жүріп, қоғамды дендеген дерттің алдын алуға болады. Мені  марқайтатыны осы.   

Қандай дертті меңзедің? Жалпы, дамушы қоғам болған соң шаш-етектен асатын шаруа көп қой?

-  Күні кеше ғана Ұлттық ұланның Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшілері шлакоблок қуысына тығылған целлофонға оралған өткір иісті ұнтақты тауып алды. Табылған зат сараптамадан өтіп, тексеру барысында синтетикалық есірткі екендігі анықталыпты. Қаланың бұрыш-бұрышына жасырылған есірткінің бұл түріне тәуелді жандардың қатары, көбеймесе, азайған емес. Жоқ іздеген адамдай сенсіреген күйі бұрыш-бұрышты тіміскілей кететіндерді көргенде жаныңды қоярға жер таппайсың.  Сау адамды әумесер күйге түсіріп, нашақордың қамытын кидірген бұл ұнтақты қоғамның дерті демей,  асқа не деуге болады?  Алыстан  арбаламай,  жақыннан дорбаласам, менің тай-құлындай тебісіп, ауылда бірге  өскен сыныптасым да осы бір ұнтақтың құрығына ілінді. Сөздің ашығы, басқасы басқа, оқуда озат, спортта белсенді болған  танысымның  бұндай күйге душар болар еді деп үш ұйықтасам түсіме кірмес  еді.

-  Ауылдасыңның  синтетикалық  есірткіге тәуелді екендігін қайдан білдің? Әлде  Ұлттық ұлан қатарында жүргенде  құрықтадыңдар  ма?  

-   Жоқ. Бұл Түркістан қаласында болған оқиға. Танысымның қазір қандай күйде, қайда екендігінен бейхабармын. Әйтеуір,  өткен жылы  жаздың  жаймашуақ күндерінің  бірін  жаттығуға   арнайын  деп  спорт алаңында дене шынықтырмақ болдым.  Белтемірде  ойнақ салған мен,  бұқаралық спорт  алаңқайынан  көптен бері  көрмеген танысымды жолықтырдым.  Атын атап,  түрін   түстеудің  қажеті  жоқ деп ойлаймын. Жоғары да  атап  өткендей, сыныптасым екеуіміз спортты бала кезімізден  серік  еттік. Әсіресе,  кешқұрым  өрістен  қайтқан  малды қораға  кіргізген  соң, бес  шақырым жүгіруді әдет қылдық.  Жайшылықта  темір-терсек  көтеріп сынасамыз.  Ол да  белтемірге епті еді.  Мен екі қолмен   тыраштана  әрең тартылғанда,  ол бір  қолмен  де  емін-еркін көтерілетін. Ауылдың қара сирақ, қара домалақ баласының  штангіні жұлқи көтергеніне  куә болған  жергілікті  жұрт  менің досыма  тамсана қарайтын еді. Бір үйдің  баласындай  бауырмал екеуіміз ауылдағы  мектептің  бастауыш  сыныбын  аяқтаған кейін қалаға көшіп кеттік. Ол  Түркістанның  басқа  ауданында  қоныс тепсе, мен басқа ықшамаудандағы  білім  ордасында оқыдым.  Осылайша,   біздегі  байланыс үзіліп кетті. 

- Балалық шақтағы жолдасыңды бұдан кейін спорт алаңында көрген екенсің ғой. Яғни, әлі күнге дейін дене шынықтырып жүрген болар?           

-  О басында  мен де солай ойладым.  Алайда ол спорт алаңына  басқа мақсатпен келген екен.  Біраздан бері жүздеспеген  мені де  керек  қылып  тұрған жоқ.  Дегбірі қашқан  ол  бұқаралық  спорт  алаңқайының қуыс-қуыстарына қол жүгіртіп  әбігер.  Жақын   танысымның   бейтаныс  әрекеті  алғашында маған оғаш көрінді.   Не  іздеп  жатырсың  деп  едім,  «сосын  айтамын»  деп  қысқа қайырды.  Есірткі  тасымалдаушылар  қалтасына жасырған ұнтақты  кез келген спорт алаңдарындағы темір-терсектің  бұрыш-бұрышына  тыққыштап кетеді екен.  Синтетикалық нашаның тұзағына түскен  әлгі досым да бала кездегідей белтемірге тартылуға  емес, бұл жолы есірткі  іздеуге шыққан екен. Мектепте  үлгілі оқушы,  спортқа да жаны құмар досымның  мұндай  күйге түскенін көргенде  қандай хәлде  болғанымды  білсеңіз ғой. 

- Ол мұндай күйге қалай душар болып жүр?

-  Менің ойымша, көп  жағдайды  адамды  ортасы  бұзады. Әрине,  адамдар бар,  керісінше   ортаны өзі  билеп,  төске өрлеп,  өз дегенін қылатұғын.  Ауылдан қалаға бірге аттанған  досым   мұндай  топтың қатарынан шықпады.

-  Содан, ауылдасың іздегенін тауып алды ма? 

- Иә, нашақор деп айтуға қимайтын бұрнағы танысымның есірткіні тапқандағы түрін көрсеңіз ғой.  Сірә, әлемде одан бақытты адам жоқ сияқты. Мен де оның масайрап тұрған сәтін аңдып,  қолындағы синтетикалық нашасын  тартып алдым. Сол кезде  оның бір мезетте адам кейпінен  жабайы аңға айналғанын  көрдім. Бала кезінде ашуланғанда  өңі  қызанақтай  қызарыңқырап  кететін досым,  есірткісінен айырылған шақта  дәл сондай күйде болды.  Балаң  шақтан  бауырмал болып,  тек қана мамыражай  тату күн  кешкен досымның маған қарай сұрлана қарап,  қатігездене атылғаны бірінші рет болды. Ішімнен  мең-зең күйдемін. Сұрағанын  бермесем,  мені жұдырықтаудан тайынбайтын тәрізді.  Шиелінісе түскен сәттен шығудың  бір жолы  қашып кету болды. «Жарайды, керегіңді ал» деп,  есірткісін  қолына ұсынғандай емеурін танытып,  маған қарай  созған  қолын дереу артына  қайырып,  жерге қарай сұлатып түсірдім.  Сосын құлағына « бұл зат  сені  құрдымға  батырады.  Өзіңді аямасаң да,  әке-шешеңді ая сені өсіріп баққан» дедім.  Сол мезетте  әлгі досым бір тоқтамға келгендей терең күрсінді. Тапжылмастан тырп еткізбей, етпетінен жерге жатқызған менде қолымды сәл босатып, содан кейін мүлде жібере салдым.  Босаған қолымен шаң-щаң  болған  үстін қаққан   ауылдасым сүт пісірім уақыттан кейін  ағынан жарылды.   Оның айтуынша,  қалада оқыған  мектептегі достарыммен бас қосуда бір рет есірткінің  дәмін көріпті.  Артынша осы бәленің дәмін көрмесе, тұра алмайтын хәлге жетіпті. Сай-сүйегі сырқырап,  дегбірі  кететіні  сонша өзімді қоярға  жер таппайтындығын  ашық айтты.   

-  Содан кейін, әлгі затын бердің бе?

-  Жоқ.  Бермедім.  Ол да  қайта алуға  талпынбады. Оның   бұл әрекетінен кейін, көңілім бір жасап қалып еді. Дегенмен,  артынша  есірткіге  әуес  болып кеткенін естідім. Синтетикалық  есірткінің  тұзағына  түскендердің  нашадан бас тартуы өте қиын. Сондықтан есірткі тасымалдаушылардың жолын кесу қажет.

Бұл бағытта  жауынгерлік жасақ  қатарында қыруар істер атқарылған болар?

-  Әрине,   мен күтпеген саналы азаматтың  өмірінде болған күйбең оқиға мені бұл дертпен күресуге ұмтылдырды.  Сондықтан қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде  барынша қырағылық танытамын. Көшеде жүрген біреу қалтасындағы затын әдейі жерге тастады ма? Әлде қоқысқа тастауға ерінді ме? Кез келген оқиғада дереу іс-әрекетке көшемін.  Кез келген  бұрыш-бұрышқа көз тастаймыз. Жасырылған  тығындыны нашаны іздеуге келгеннен  бұрын табу үшін, мөлшермен жасырғанға қолайлы жерлерге  қол сұғып, әрбір күдікті көрінген аймақты жіті  бақылаймын. Жалпы, Ұлттық ұлан қоғам дертімен тоқтаусыз күресуде.

- Өскемен қаласы тұрғындарының  Ұлттық ұлан сарбаздарына деген  алғыстары шексіз.  Әсіресе,   егде  тарқандар көктайғақта   жолдан  өткенде  қол ұшын береді деп ризашылығын білдіруде. Жауынгерлік қызмет барысында алғыс арқалап жүргендерің рас па?

-  Әрине рас. Бірақ біз бақылайтын тиісті аймақта  егде жандарға көмектесіп көрмедік. Әрине, жәрдем береміз ғой. Бірақ бұлай қолқа салып, өтінгендер болмады. Дегенмен, көмек сұраған  жандардың бетін қайтармауға  тырысамыз. Бәлкім,  өзге  жауынгерлік  жасақтар  мосқал  жандарды  жолдан өткізіп жіберуге  қол ұшын берген болар. Бізге  ылғи  да  темір тұлпар  иелері  қолқа салады.  Көктайғақта    көлік тұрағынан   шыға алмай   қалған  автомобильдерін  жолға қарай итерісіп жібереміз. Күніне үш көлікті итеріп жібермесек, көңіліміз  көншімейді  қазір. (жымиып).  

- Таяуда  Ұлыстың ұлы күні  Наурыз мерекесін  мұқым ел болып кең көлемде атап өттік. Мерекедегі   жауынгерлік  қызметке  тоқталып  өтсең.

- Жалпы, Ұлттық ұландағы қызмет сан салалы ғой. Кісі нөпірі қалың болған мерекеде жауынгерлік қызметімізді қалтқысыз орындадық. Концерттік қойылымның сәтті өтуіне ықпал жасадық. Шепті бұзып, өнерпаздарға қарай ұмтылмақ болып, әрекет еткендерге тосқауыл болдық. Өйткені, белгіленген  уақытқа орай  ұйымдастырылған  бағдарлама сценарийінен ауытқымауы шарт.    Біздің ең басты  міндетіміз  азаматтардың қаіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан қалың топтың  әрбір өтінішіне  құлақ түріп,  әрбір  істе  ұқыптылық  таныту қажет. Қала тұрғындарымен барынша сыпайы болып, жауынгерлік қызметте қырандай қырағылық танытқан  абзал. Жалпы, орталық алаңдағы  салтанатты шара аяқталған соң да  мерекедегі жауынгерлік қызметіміз аяқталмады.   Мерекелік  көңіл күйде мейманасы тасыған масаң жандар  қала тұрғындарының берекесін қашырып, қоғам тыныштығын бұзуы мүмкін. Сол себепті мерейлі мерекенің қалтарыстарында  орын алатын оқиғалардың алдын алуда тайынбас батыл қадамдарға барып, қоғам қауіпсіздігінің  кепіліне айналуды бұлжымас міндетіміз  деп білемін. 

- Әңгімеңе рахмет!

Сержант Рүстем  Мұхамет-Рақым

Өскемен қаласы 

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -