Газетіміздің бүгінгі санында 5572 әскери бөлімінің кинологы аға маман (аға нұсқаушы) ефрейтор Юлдаш Бахтахуновпен болған сұхбатымызды ұсынамыз.
– Юлдаш Русланұлы, әскери қызметке қашан және қалай келдіңіз?
– 2015 жылы Леңгір қаласында шекара әскерлері құрамында мерзімді әскери қызмет атқардым. Сол жерде маған кинолог болуды ұсынды. Жаңадария бекетінде кинологтардың жетекшісі болдым. Екі жылдан кейін 5572 әскери бөліміне жұмысқа орналасудың мүмкіндігі пайда болды және бүгінге дейін осында қызмет етіп келемін.
– Қызметтік итіңіз жайлы айтып берсеңіз.
– Бельгиялық овчарканы қолға үйреткенмін. Ол қызметте шабуылдаушы иттер санатына жатады. Мен оны ұзақ уақыт іздедім. Бірде жарнама арқылы бір жерге барғанда хабарландыру беруші жалғыз еркек күшік қалғанын айтты. 1 айлық күшік екен. Өзі сондай сүйкімді, бірақ мінезді әрі шапшаң көрінді. Мен оның бұл қасиеттерін бірден байқадым. Сондықтан көп ойланбастан үйге алып келдім. Алғашқы күндерден бастап өзім тамақтандырдым. Күтіп-баптадым. Қолға алып ойнатып жүрдім. Өйткені бірінші кезекте кинологқа итпен байланыс орнату қажет. Сондықтан үш айға дейін доппен, шүберекпен ойнатып жүрдім. Күшік иесінің кім екенін түсінуі үшін тек өзім тамақтандыруға тырыстым. Үш ай бойы мен оны бірте-бірте отыруға, жатуға үйрете бастадым. Оған Акелла деген есім бердім. Бұл сөз көшбасшы деген мағынаны білдіреді. Ол бір жасқа толғанда, мен оны әскери бөлімнің балансына өткіздім. Сол жерде күрделі тапсырмаларды үйрене бастады. Ең алдымен оның бойын атылған оқтың дыбысына үйреттік. Яғни, бастапқыда алақанымызды шапалақтаймыз, кейін мылтықтың тарсылына құлағы үйрене бастады. Содан кейін ғана жанында мылтық атылса қорықпайтын болды. Сөйтіп, оның 5572 әскери бөліміндегі қызметі басталды.
– Итіңізбен бірге қандай іс-шараларға қатыстыңыз? Қызметтегі жетістіктеріңіз қандай?
– Алғаш рет 2020 жылы өз итіммен Заречныйда «Алан» жаттығуына қатыстым. Сынақ пәтердегі тапсырманы шабуылдаушы итпен орындау бойынша өтті. Сол кезде өз қабілетімізді ойдағыдай байқаттық. 2021 жылдың жазында да Заречный кентінде жаттығулар өтті. Онда біз жақсы нәтиже көрсеттік. Жауынгерлік топтың құрамына қосылған ит әр бөлмеге кіріп, жарылғыш заттардың керілген сымдары бар-жоғын анықтауға көмектесті. Мәселен, ит нысан ішін тексеріп шыққанша біздер сыртта тұрдық. Егер ит жарылғыш заттың сымдарын, не жарылғыштың өзін сезсе үріп шақырады. Сондай-ақ онда кепілге алынған адамды жібермей тұрған қылмыскер болады. Міне, осы кезде кинологқа шабуылдаушы итті қолдану туралы бұйрық беріледі. Осындай жаттығулар барысында ұйымдастырылған операция сәтті өтті. Қылмыскер залалсыздандырылды, ал кепілге алынған адам зардап шеккен жоқ.
Сол жылы Алматыдағы Ішкі істер министрлігінің Кинология орталығында шабуылдаушы иттерге арналған курстан өттім. Акелла есімді қызметтік итіммен сәтті өнер көрсеттік. Шамамен 25 адамнан тұратын әртүрлі ведомстволардың кинологтары арасында үшінші орын иелендік. Нәтижеміз бұдан да жақсы еді. Бірақ менің пәрменді дұрыс жеткізбеуіме байланысты ұпайымызды шегеріп тастады. Сондай-ақ 2021 жылы Шуда да шабуылдаушы итпен қашқынды ұстау бойынша жақсы нәтиже көрсеттік.
Осы ретте айта кетейін, 2021 және 2022 жылы 5572 әскери бөліміндегі жауынгерлік жарыстың қорытындысы бойынша үздік кинолог атандым.
– Кинологияға не үшін қызықтыңыз? Бұл саланы меңгеру үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы керек?
– Мен бала кезімнен иттерді қатты жақсы көретінмін. Шамамен сегізінші сыныпта оқып жүргенімде неаполетано мастино тұқымды итім болды. Бұл менің ең алғашқы итім еді. Сол кезден бастап YouTube-тен итке белгілі бір пәрмендерді қалай жеткізуге болатынын үйрене бастадым. Осылайша, оқушы кезімнен-ақ кинология саласын өзім оқып-біле бастадым. Өз бетіммен ізденіп, саланың қыр-сырымен таныстым. Кейін біз бір айлық алабай сатып алдық. Жұрттың бәрі алабай қолға үйретілмейді деп жиі айтады. Бұл иттің ызақор және реті келгенде тістеп алуы мүмкін екенін ескертеді. Бірақ бәрі де иттің күшік кезіндегі тәрбиесіне байланысты деп ойлаймын. Менің алабайым ақ және ірі болды. Оны Зевс деп атадым. Мен оған отыруды, жатуды, қасыма шақыруды, бұйрықпен ғана үруді, аяғын созуды үйреттім. Өкінішке қарай, ол небәрі 4 жыл өмір сүрді. Оған біреу у беріпті. Біз құтқара алмадық.
Жалпы кинолог боламын деген адам шыдамды болғаны жөн.
Өйткені итті қолға үйрету оңай шаруа емес. Көп уақыт кетеді. Сол уақыттарда жүйкең жұқарады. Егер сіз өзіңізге жақсы дос, сенімді серік тапқыңыз келсе итпен күн сайын жаттығу жасауыңыз керек. Осының бәріне төзімділік таныта алсаңыз, сізден ит үйретуші маман шығып қалуы әбден мүмкін.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Өзіңіздің хоббиіңіз жайлы айта кетсеңіз.
– Мен өз мансабымды 5572 әскери бөлімінде кинолог ретінде әлі де жалғастырғым келеді. Итпен жұмыс істегенді жаным сүйеді. Бұдан бөлек, менің хоббиім – жүгіру. Қазіргі уақытта мен «Михаил Красиловтың жүгірісі» мектебіне барып жүрмін. Жартылай марафонға және ұзақ марафондарға қатысқым келеді. Келесі жылы 42 шақырымдық марафонға қатысып, мәреге 3 сағат ішінде келуді жоспарлап отырмын.
– Әңгімеңізге рахмет! Қызметіңізге табыс тілеймін!
Әңгімелескен қатардағы
Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ