Адал азамат, сенімді қарулас немесе генерал-майор дәулет салханов туралы үзік сыр

8987
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Жуырда Атырау қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті. Онда ел болашағына қатысты көптеген мәселелер көтерілді. Ойымда ерекше қалғаны «Адал азамат» ұғымы. Ел Президентінің айтуынша: «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам». Әрине, сананы болмыс билеген заманда, шетелдік пірәдар ойшылдардың жетегінде кеткен бүгінгі буынның кей өкілдері үшін айналасынан аталған ұғымға лайықты адамдарды көру қиын.

Десе де, ғұмырын Отан қорғауға  арнаған адам ретінде кешегі мен бүгінгіні байланыстырып келе жатқан «алтын көпір» адал азаматтардың бар екенінін және олардың әскери салада көптеп кездесетінін айтқым келеді. Солардың бірі  - әскери қайраткер, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі генерал-майор Дәулет Қамарұлы Салханов.

Кейіпкеріміз 1949 жылы 4 сәуірде Семей қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келді. Ата-анасы мен ағайын туыстары «елім» деп еңбек еткен жандар еді. Қамар ақсақал балаларын тек адал жолмен күн көруге үйретті. Оның үстіне, білімді болуға тәрбиеледі.  Өзі де Ұлы Отан соғысының ардагері бола тұра балаларының әскери болуын қалайтын. 1966 жылы баласы Дәулет болашақ өмірін әскери саламен байланыстыратынын естігенде іштей қуанды. Сонымен не керек, жас өрен мектепті аяқтай салып, өзінің алдына нақты мақсат қойып, болашақта ел қорғайтын офицер болуды таңдады. Он сегіздің жалынымен алдынан кезіккен кез-келген қамалды бұзуға дайын тұрды. Ақылы айбатына, қадірі қайратына сай жас жай емес, Ресейдің Саратов қаласындағы Ф.Э.Дзержинский атындағы КСРО ІІМ Әскери училищесінде оқуға бел буады. «Өмір толассыз тасқын, тоқтаусыз күрес» демекші, кейіпкеріміз өз таңдауы үшін күресуге дайын еді. Ортақ үйіміз Кеңес Одағы деп ән салған заманда Одақтық республикалардың түкпір-түкпірінен өзі секілді үміткерлер әскери оқу орнының алдына жиналды. Топ-топқа бөлініп, әр түрлі сабақтар бойынша емтихандар тапсырды. Әскери азамат халқын қорғауға дайын тұру керек. Сол үшін ең бірінші кезек дене дайындығына берілді. Тепсе темір үзер тегеурінді ер осы аламаннан қалыс қалған жоқ. Ауылдың қара жұмысында шыныққан жас өз қатарластарынан оқ бойы озық келді. Басқа да сабақтар бойынша намысты қолдан бермей үздік көрсеткіштерге қол жеткізді. Барлық жағынан «жақсы» деген баға иеленген ол аталған әскери жоғары оқу орнына қабылданып, курсант атанды. 

Жас курсант жат елде өз елінің абыройын төкпей, үздіктердің қатарын толықтырды. Саптық дайындық, қару-жарақ түрлері, спорт соңғы төрт жылда оның айнымас серіктеріне айналды.  Оқу орны басшылықтары тарапынан мақтау қағазы мен грамоталар табыс етіліп отырды. Бұл оның талапшылдығының арқасында қол жетімді болды. Сонымен, ыстық көрінген оқу орнын аяқтайтын да кез келді. Алғашқы «лейтенант» әскери шенін алған курсант Д. Салханов қолдағы жолдамасымен Алматы облысындағы Қаракемер кентіндегі 6654 әскери бөліміне взвод командирі міндетін атқаруға кіріседі.

Әскери өмірдің өз заңдылығы бар. Отан қайда бар десе, қолбасшылық қай жерде қажетсің десе ,«құп болады!» деп чемоданыңды жинайсың да «алға!» деп жүре бересің. Аталмыш әскери бөлімде табанды еңбек етіп, рота командирі, әскери құрама штабының офицері, полк штабының бастығы лауазымдарынан өтеді. 1976 жылы өзін оң қырынан көрсеткен кейіпкерімізді кәсіби біліктілігін арттыру үшін Мәскеу қаласындағы М. В. Фрунзе атындағы әскери Академиясына оқуға жібереді. Академияда білімін жетілдірген офицер әскери бөлімге орала салысымен өз білімін жүзеге асырады. Штаб бастығы ретінде жеке құрамның жауынгерлік даярлығын арттыруға үлесін қосады. Араға біраз уақыт салып сол кездегі Ақмола қаласындағы 6636 әскери бөліміне командир етіп тағайындалады.

Ұлтымыздың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлы: «Командир – жеңістің әкесі» деп айтқан болатын. Басқа офицерлік қызмет бір төбе де, командир болу бір төбе десек қателеспейміз. Өзіңе сеніп тапсырылған жеке құрамның әр жауынгеріне жауаптысың. Өзің барлық жағынан үлгі болуға тиіссің. Сексенінші жылдардың соңында заң бұзушылықтар көбейіп, адамдар темір тордың ар жағына көптеп қамалды. Сотталған және қамауға алынған адамдарды айдап апару және еңбекпен түзеу мекемелерін күзету Дәулет Қамарұлы басқаратын әскери бөлімге сеніп тапсырылған болатын. Қылмыс әлемі қателікті кешірмейді. Қорқыту, үркіту не болмаса сатып алу әрекетіне барады. Командир өзі де батыр және жеке құрамды батылдыққа үндеуге тиіс. Өйткені, артыңда жауынгерге сенген ел тұрады. Кейіпкеріміз әкелік қамқорлықпен, қатал талапшылдығымен және Отанға деген риясыз сүйіспеншілігімен дараланды. Өзіне жүктелген міндеттерді адал орындай білді. Сол арқылы басшылық тарапынан зор сенімге ие болып, Ішкі әскерлер әскери округі штаб бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды. Командирлік тәжірибе оны биік жетістіктерге жетуге шыңдады.

Осылайша, қызмет атқарып жатқанда Кеңес Одағының қабырғасы күйреді. Әр ел өздерінің ұлттық пәтерлеріне көшті. Еліміз тәуелсіздік алды. Араға 26 күн салып күш құрылымдардың ішінде ең бірінші болып, 1992 жылдың 10 қаңтарында Ішкі әскерлер құрылды. Себебі, ішкі тұрақтылық бірінші кезекте тұрды. Отаны бөлек офицерлер кезек күттірмей өз елдеріне қайтып жатты. Жауынгерді бастап шығар офицерлер тапшылығы пайда болды. Барлық жүк кейіпкеріміз секілді ұлттық кадр, қара көз офицерлердің иығына артылды. Жаңа құрылған ұлттық әскерге еліміздің тәуелсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздік, азаматтардың бостандығы мен құқығын қорғау, мемлекеттің әлеуметтік-саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету, арнайы жүктерді және мемлекеттік маңызы бар нысандарды қорғау міндеттері жүктелді. Қазақстан халқының бейбіт өмірі, қалыпты тіршілігінің бұзылмауына үлкен рөл атқаратын ҚР ІІМ Ішкі әскерлердің штабы әскердің миы іспетті болды. Мұнда уақытпен санасу болмайды.  Күні-түні еліміздің түкпір-түкпірінен келіп жатқан шұғыл жедел хабарлар, шұғыл шешімді талап ететін. Республикамыздың әр қаласында орналасқан әскери бөлімдерге тез әрі қысқа да нұсқа тапсырмалар берілуі керек. Дәулет Қамарұлы осы қызметтің қара қазанында қайнады. Бір қарағанда, кәсіби білікті сардарға өз қызметін орындау оңай көрінер. Шынтуайтына келгенде, тоқсаныншы жылдардың басында жағдай күрделі еді. Офицерлер тапшылығынан бөлек, сардар мен сарбаздардың күнделікті әскери қызмет барысы, жатын орны, киім-кешегі, қару-жарағы мен тамағы, оған қоса «штаттан тыс жағдайларды» реттеу штабқа келіп тірелетін. Оның үстіне нарықтық экономика тудырып отырған ауыртпашылық әскерді айналып өтпеген кез. Әскери азамат тек соғыс шебері емес, кәнігі дипломат, әккі ұйымдастырушы, іскер болуы тиіс. Басқа біреу болса, қолын бір сілтеп әскерден «қашып» кетер ме еді. Біздің кейіпкеріміз Отанға деген шексіз адалдығымен алдағы ұрпақ алдындағы жауапкершілікті түсініп, тағдырдың ауыртпалығын қара нардай қымсынбай көтере білді. Өлара уақытта кейіпкеріміз заман сынынан сүрінбей өтті.  Қиыншылықтарды жеңіп қана қоймай, қол астындағыларға да жеңімпаздық рухты дарыта алды. Сол себепті оған алдымен дивизияға командирлікті, кейін құқықтық тәртіп әскерінің Бас штаб бастығы лауазымын сеніп тапсырды. Сенім демекші, сара жолдан өткен сардарға ел мен Мемлекет басшылығы да зор сенім артты.

Тоқсаныншы жылдардың басында Дәулет Қамарұлы ҚР ІІМ Ішкі әскерлер Қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы лауазымына тағайындалды. Оған бүкіл әскердің штабын сеніп тапсырды. Барлық қызмет штаб арқылы тарап, өрбіп жатты.  Ол үшін «күндіз күлкі, түнде ұйқы» көрмей, талай етіктің табанын тоздырды.  Кең байтақ Отанынның бір күні оңтүстігінде болсаң, ертеңінде солтүстігінде боласың. Бұйрықтың аты бұйрық. Қыстың аязды бораны, жаздың аптап ыстығы, жаңбырлы күні, көктайғақ, батпақ, сулы жер, сусыз шөл  тосқауыл болмауы тиіс. Ол есепке алынбайды.  Қысқасы Отан үшін кез келген уақытта бойыңыз дайын, ойыңыз жинақы жүруі тиісті.  Кейіпкеріміз де осындай талай түйткілді жағдай, күтпеген  оқиғаларда әскери тапсырмаларды  дәл уақытында орындауда қоластындағыларға басшылық жасап, жауынгерлерін де, өзін де абырой биігіне көтере білді. Сенім биігінен көрінген сардарға «генерал-майор» жоғары әскери атағын табыс етілді. Әйтсе де, бұл сенімнің соңы емес, 1998 жылы генерал-майор Д.Салханов ІІ  дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.  Бұл орден қоғамдық тәртіпті бұлжытпай сақтағаны, халық мүддесін бұлжытпай қорғағаны, әскери және қызметтік міндеттерді орындауда көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы үшін беріледі. Бір сөзбен айтақанда, қызметіне берілген оң баға, риясыз сенім.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, кейіпкеріміз қиын-қыстау жылдары Ішкі әскерде басшылық қызметтерді қабылдап, келесі буын командирлеріне барлық жағынан кәсіби даяр әскерді тапсырып кетті. Қызмет барысында өзін білімді де білікті басшы, әкедей қамқор командир ретінде танытты. Қазіргі кезде онымен қызметтес болған, қол астында қызмет еткен сардарлар мен сарбаздар Дәулет Қамарұлын тек жылы сезіммен есіне алады. Он бес жылдай Бас штабты басқарған генерал Д. Салханов өзіне халқының алтынын емес, адалдығының арқасында халықтың алғысын жинады. Бұл жоғарыда айтылған «Адал азамат» ұғымына дәлме -дәл келеді. 2007 жылы құрметті еңбек демалысына шығады. Сонда да, әскерден қол үзген жоқ. Жастарды тәрбиелейтін патриоттық шараларға белсене қатысады. БАҚ-та өз ойын еркін жеткізіп, жастарды ел қорғаушы болуға шақырады. Жолдасы Шолпан Сәбитқызы екеуі өнегелі отбасы ретінде қырық жылдан аса бірге жүр. Шуақты шаңырақта Талғат пен Рүстем атты екі ұл тәрбиеленіп ер жетті. Немерелері Тайыржан мен Дания дүниеге келіп, ата-апасын балдай тәтті сөздерімен қуантуда. Тайыржан Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды, дарынды музыкант. Дания да білімге құштар бала.

Дәулет Қамарұлы екеуміздің достығымыз уақыт сынынан сүрінбей әлі күнге дейін жалғасып келеді. Сонау 1992 жылы алғаш рет таныстық. Мен Қарулы Күштерге кадр даярлайтын жоғары әскери оқу орнының басшысымын, ол Ішкі әскерлердің Бас штаб бастығы болатын.  Сол кезде басымызды  тағы бір керемет азамат Исмаил Абизов ағамыз қосты. Үшеуміз әлі күнге дейін достығымыздың туын түсірген емеспіз. Әр түрлі әскери-қоғамдық шараларда жолдарымыз жиі тоғысатын болды. Ресми шаралардағы оның сөз саптауы, өзін -өзі ұстауы бөлек бір әңгіменің парасы. Жасыратыны жоқ, өз ортамызда кейіпкерміздің басқа да игі қасиеттерімен танысудың жөні келді. Риясыз таза күлкісі, орынды, ойшыл, өткір әзілі, қажет кездегі батыл сөздері оның тұла бойындағы табиғи тазалығын аңғартып тұрғандай. Және оның тумысынан бойына біткен адалдығын айтпасқа болмайды. Ондай азаматтар барлық жерде, барлық жағдайда шынайы болуға тырысады. Жақындарына, дос-жарандарына, отбасына және Отанына адал болады. Ондай қасиетті қолдан жасай алмайсың. Ол нәрді Жаратқан адам жанына дарытады. Жоқ болса, жоқ. Бар болса, барлық жағынан білініп тұрады. Қарабайырлықсыз қарапайымдылық, қыңырсыз табандылық, аңғалдықсыз ашықтық,  көр соқырлықсыз басшылық, есепсіз мәрттілік, жалғансыз кішіпейілдік және басқа да көркіне көзің жеткенімен, айтуға сөзің жетпес қасиеттерінің темірқазығы ішкі адалдығына байланып тұр.

Бүгінгі таңда біздер ардагерлер ұйымы арасында әр түрлі спорттық жарыстар ұйымдастыруға атсалысып келеміз. Кейіпкерімізбен «Динамо» спорт қауымдасытығының аясында волейбол, теннис, бильярд секілді спорт түрімен айналысып, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстарымен айналысып жүрміз.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ұландағы қызмет бүгінде патриотизм мен ерліктің нағыз мектебіне айналғанын атап өткенін білеміз. Ұлттық ұлан жауынгерлері әрқашан да Отан қорғаушы және тәртіп сақшысы атына лайықты болуына атсалысып, елжандылық дәстүр мен патриотизм мектебінің іргесін қалағандардың бірі – бүгінгі мақаламызға арқау болған генерал Дәулет Салханов.

75 жылдық мерейтой қарсаңында Дәулет Қамарұлына  зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық бақыт, талмас қанат, қажымас қайрат тілеймін. «Отан» деген ерлеріміз көп болсын!

Генерал-лейтенант

 Абай Тасболатов

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -