Щучинск қаласындағы әскери колледж – кәсіби сержанттардың білім ордасы, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Бурабай» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан ҚР Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы Әскери колледжінде кәсіби сержанттарды дайындайды.
Қазақстанның Қарулы күштерінде кәсіби сержанттар құрамын құру жөніндегі реформа 1996 жылдан басталды. Қазақстан әскерінде қалыптасқан сержанттар институты United States Army-де қолданылатын жүйеге ұқсас. Барлық деңгейдегі бөлімшелерде – взвод сержанты, рота сержанты, батальон сержанты, полк немесе бригада сержанты, әскер сержанты, әскер түрінің сержанты және Қарулы күштердің Бас сержанты штаттық лауазымдары енгізілген.
Әскери оқу орны да «әскери істегі кіші буын менеджменті» мамандығы бойынша кәсіби сержанттарды даярлауға арналған. Ол 1996 жылы Кадет корпусы болып ашылды. 1999 жылы оның қабырғасын кәсіби сержанттардың алғашқы легі бітіріп шықты. Осы жылдар ішінде әскери колледжден бүгінде бөлімше командирінен ҚР Қарулы күштерінің бас сержантына дейінгі лауазымдарда қызмет өткеріп жатқан 4000-ның үстінде сержант білім алды.
Мұндағы орта білім беру базасында оқу мерзімі – бір жыл 10 ай. 9-сыныптан кейін оқуға түскендер 2 жыл 10 ай оқиды. Бірінші курста курсанттар әскери ант береді, ал оқудың екінші жылында Қарулы күштердің әскери бөлімдерінде әскери тағылымдамадан өтеді, олар практикалық дағдыларды меңгеріп, жетілдіреді. Оқуды аяқтаған түлектер әскери басқарудың кіші маманы, 3-сыныпты маман, «В», «С» санатындағы және 3-сыныпты жаяу әскердің жауынгерлік машинасын жүргізуші біліктіліктерін алады.
Колледжге түсу үшін орта мектептің 9 немесе 11 сыныптарын бітіргені туралы аттестат болуы керек, ҰБТ нәтижелері талап етілмейді. 9 сыныптан кейін 15 жасқа толған, бірақ 17 жастан аспағандар, ал 11 сыныптан кейін 17 жастағы, бірақ 22 жастан аспаған балаларды оқуға қабылдайды. Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер үшін оқуға түсудің шекті жасы 24 жас болып саналады. Өтінішті тұрғылықты жері бойынша қорғаныс істері жөніндегі департамент немесе басқарма бастығының атына берілуі қажет.
Колледжде заманауи оқу-материалдық база және «Амандық» жеке оқу-жаттығу орталығы бар. 2009 жылдан бастап оның базасында взвод-рота буынындағы сержанттар құрамының курстық даярлығы ұйымдастырылды, онда әртүрлі әскер тектерінің кіші командирлері біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.
Оқу орнында білім алу тегін. Колледж қабырғасынан түлектер мемлекеттік үлгідегі диплом мен «кіші сержант» әскери атағын алып шығады. Олар Қарулы күштердің әскери бөлімдеріне мотоатқыштар, танк, зымыран және артиллерия бөлімшелерінде сержанттар құрамының әртүрлі лауазымдарында әскери қызмет өткеруге жіберіледі.
Сержант корпусы – армияның негізі. Сарбаздың жауынгерлік шеберлігі, әскери тәртіптің жағдайы және бөлімшелердегі моральдық-жауынгерлік рух кіші командирдің дайындығына байланысты.