«Қазсушар» мекемесінің Батыс Қазақстан филиалының мамандары тасқын суын қауіпсіз өткізу іс-шараларын атқарып жатыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Орал-Көшім суару-суландыру жүйесінің 4 су қоймасына су жиналуда. Қазір мұнда 217 млн текше метр су жиналды, бұл жалпы көлемнің 83,4% құрайды.
Кіші Өзен бойындағы төрт су қоймасы 91%-ға толды, бұл 101 миллион текше метр су. Үлкен Өзен бойындағы үш су қоймасында 104,6 млн текше метр су жиналды, бұл жалпы көлемнің 67% құрайды. Үлкен және Кіші Өзен өзендеріндегі су тасқыны аяқталды, су тасқыны кезінде барлығы 428 миллион текше метр су келді.
Орал қаласындағы Жайық өзенінің деңгейі 854 см. БҚО Бәйтерек ауданы Чувашинское кентіндегі Шаған өзенінің деңгейі 733 см. Белес кентіндегі Дерқұл өзенінің деңгейі 239 см.
«Қазсушар» мамандары Ресей Федерациясының Орынбор және Саратов облыстарының су қызметтерімен үнемі ақпарат алмасуда.