Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде ядролық энергетика бағдарламасын енгізу үшін инфрақұрылымды дамытуды қолдауға арналған халықаралық форум өтті. Аталған іс-шара аясында білім беру, ғылыми-зерттеу, технологиялық және кадрлық әлеуетті арттыру бағытында мазмұнды пікір алмасу орын алды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жиынның басты мақсаты – атом электр станцияларын қауіпсіз және тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін білікті мамандарды даярлау үшін заманауи білім беру бағдарламаларын құру және жетілдіру. Бұл бастама ҚР Энергетика министрлігі мен Халықаралық атом энергетика агенттігінің (МАГАТЭ) «Expert Mission to strengthen the National Capabilities for Education and Training to support the NPP Programme» және «KAZ2010, Supporting the Development of Infrastructure for the Introduction of the Nuclear Power Programme (Phase 3)» атты бірлескен жобалары аясында жүзеге асырылып отыр.
Форумда отандық және шетелдік сарапшылар, білім беру мекемелері, энергетикалық компаниялар, халықаралық ұйымдар мен реттеуші органдардың өкілдері бас қосты. Қатысушылар оқытудың заманауи әдістері, жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдердің интеграциясы, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық аясындағы кадрларды даярлау мәселелерін кеңінен талқылады.
Шараның мәртебесін арттырған қонақтардың қатарында Вена халықаралық орталығы, МАГАТЭ (Аустрия), Беларусь мемлекеттік университеті (Беларусь), МИФИ (Ресей), STAR-NET өңірлік желісінің (Аустрия) өкілдері болды.
Осы форум шеңберінде Халықаралық атом энергетика агенттігінің қатысуымен елімізде атом электр станцияларын пайдалану бойынша білім беру бағдарламасы әзірленіп, оның мазмұны мен құрылымы талқыланды. Бұл бағдарлама еліміздің энергетика саласында жоғары кәсіби мамандар даярлау ісіне серпін бермек.