Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның кезекті отырысы өтті. Жиынға депутат Айдос Сарым төрағалық етіп, онда есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобалары талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жиынға Қоғамдық палата мүшелерімен қатар Мәжіліс депутаттары, заң жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелері, Ішкі істер, Денсаулық сақтау және Әділет министрліктерінің, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан Айдос Сарым есірткінің заңсыз айналымы мәселесінің кең етек алғанын, қазақстандықтар арасында синтетикалық есірткіні тұтыну күрт артқанын атап өтті. Себебі олар әлдеқайда арзанырақ, тіпті мектеп оқушыларына да қолжетімді және оларды дилерлер әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы тарата алады.
– Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында бұл мәселеге тағы да әлеуметтік келеңсіздіктердің бірі ретінде назар аударды. Дәл осы есірткі бизнесін өндіріп, есірткінің заңсыз айналымына ықпал ететіндер жазалануы керек. Президент есiрткi заттарын өндiргендерге жауапкершілікті күшейтiп, оны аса ауыр қылмыстармен теңестiрудi ұсынды. Құқық қорғау органдарына тікелей тапсырма берілді, – дейді Айдос Сарым.
Ол Парламент депутаттары бастамашы болған заң жобасы Мәжілісте бірінші оқылымнан өткенін айтты. Депутаттардың алдында Мемлекет басшысының барлық тапсырмасын ескере отырып, түзетулерді пысықтау міндеті тұр. Осы мақсатта олар үкіметтік емес сектор өкілдерінің қатысуымен Қоғамдық палатаның талқылауына ұсынылды.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев заң жобасының негізгі ережелеріне тоқталды. Оның айтуынша, түзетулерде прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың, оларды өндіруге немесе өңдеуге арналған құралдар мен жабдықтардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылған.
– Тағы бір маңызды ұстаным – дәрі өндірушілерге жазаны күшейту. Осы мақсатта ҚР ҚК-нің 297-бабының 4-бөлігі «Есірткі туралы» заңның 1-бабының 11-тармағында көрсетілген құраммен толықтырылады. Түзетулер қабылданса, есірткіні заңсыз өндіргендер 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылады, – деді Марат Қожаев.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттармен жұмыс істеу ережелерін бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік те енгізілетінін айтты. Мысалы, егер фармацевт белгіленген тәртіпті сақтамай мұндай дәріні берсе, бұл қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастырылады. Бұл айыппұл және қоғамдық жұмыстар түріндегі жазаға әкеп соғады.
Қоғамдық палата мүшелері мен басқа да жиынға қатысушылар өз пікірлерімен, ұсыныстарымен бөлісті. «Community Friends» ҚҚ нашақорлықтың алдын алу және халықтың негізгі топтарымен жұмыс жөніндегі үйлестірушісі Оксана Ибрагимова жазалаудан гөрі алдын алу мен қолдауға бағытталған неғұрлым тиімді реттеу жүйесін құру қажет екенін атап өтті.
– Бұл тәсілді тиімді қолдану үшін Қазақстанда есірткі мен психотроптық заттарды қолдану жазаға әкеп соқпайды, бірақ адам құқықтарын сақтай отырып, әлеуметтік, ақпараттық және медициналық ықпал ету шараларына әкеп соғуы мүмкін деген норманы заңнамаға енгізу қажет. Сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адамдарға, егер олар есірткі заттарын қолдану нәтижесінде жасаған деп санауға негiз болса, оларға құқық қорғау органдарының медициналық, емдеу-профилактикалық көмек көрсету үшін қоғамдық ұйымдарға және әлеуметтік қолдау мекемелеріне өз еркімен жіберуі туралы нормалар да қажет, – деді О.Ибрагимова.
Оның пікірінше, бұл шараларды қабылдау мәселені тиімді шешуге және медициналық-әлеуметтік көмекке қолжетімділікті арттыруға, есірткіні пайдаланатын адамдарға қатысты айыптау мен кемсітушілік деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Сөз соңында Айдос Сарым жиында айтылған ұсыныстар Қоғамдық палатаның ұсынымарына енгізілетінін айтты. Түзетулерді екінші оқылымға дайындау бойынша талқылау депутат Дмитрий Колода бастаған жұмыс тобында жалғасады.