Қазақ халқы қай кезде болмасын үлкендерін сыйлап, сый-құрмет көрсете білген халық.
Бала кезімізден ата-анамыздың беретін алғашқы тәрбиесі бұл үлкен кісінің тілін алу, дөрекілік танытпай әрдайым көмектесу. Жастайынан осы тәрбиені бойына сіңірген әрбір қазақ баласы ата-ана алдындағы парыз туралы білетіні де бәріміз ге мәлім. Халқымыз үшін отан алдындағы парыздан бөлек, ата-ана алдындағы қасиетті парыз бар. Сол себепті де әрбір балада ата-анамның үмітін ақтасам екен, қолғабыс болсам екен деген тұла бойын жаулаған бір сезім болатыны да рас. Әке үмітін ақтау, әке көңіліне қаяу түсірмеу, әкені қуанышқа бөлеу бақыт баспалдағының биік шыңы емес пе? Ұл-қыздарына деген бар ықылас ниетің бір-ақ ауыз сөзбен білдіретін әкенің үмітін ақтап, мақтаныш атану бұл бір ғанибет. Әкенің ұлына, анасының қызына деген сенімі мен қамқорлығын ешқандай жан баса алмас. Сондықтанда бала үшін ата-ананың үмітін ақтау өте маңызды. Бүгінде біз бұл мақаламызда ата-анасының үмітін ақтаған ұландықтың перзенттері туралы сөз қозғағымыз келеді. Алайда ең алдымен перзенті не бұрын әкесі туралы бір сөз айта өтсек. Бүгінгі мақаламыздың басты кейіпкерлері Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Ақтау қаласында орналасқан 3502 әскери бөлімінің әскери қызметкері Керімбаев Манат Заманбекұлы және оның отбасы. Керімбаев Манат Заманбекұлы 1978 жылдың наурыз айының екінші жұлдызында қазіргі Түркістан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. Жастайынан білімі мен біліктілігін шындай бастаған кейіпкеріміз бала кезінен өте пысық болатын. Қарапайым ауылдың қара домалақ баласы болғандықтан әрдайым ата-ананың қадірін білуді және де үмітін ақтаудың маңызын өте жақсы түсінген. Бала кезінен аға әпкелеріне көмек көрсетіп, ал артынан ерген бауырлары мен қарындастарына әрдайым тіреу бола білген. Мектепте оқыған кезінен бастап спортқа етене араласқан кейіпкеріміз бала кезіне үлкен белестерді бағындырсам екен деп армандаған. Тек ел біріншілігін де ғана емес, әлемдік аренада еліміздің жалауын асқақтатып, әнұранымызды барша әлемге естірткісі келген. Мектеп қабырғасында оқып жүрген сәтінде самбо, дзюдо, еркін күрес сынды спорт түрлерімен айналысып аудандық, қалалық, облыстық тіпті республикалық сайыстардың жүлдегері мен жеңімпазы атанған. Өзінің шымырлығын байқаған өзіне сенімді болған кейіпкеріміз орта мектепті аяқтаған соң, отан алдындағы борышын 1997-1999 жылдары бұрыңғы Ішкі Әскер қазір Ұлттық ұланның сапында Алматы қаласында атқарып келген. Әскерден келген соң, спорттық мансабын әрі қарай жалғастырып самбо спортынан Қазақстан Республикасының екі дүркін чемпионы атанған. Алайда, әскерден келген соң, спорт пен қатар әскери қызметкер болуды мақсат тұтқан кейіпкеріміз 2003 жылы Қарағанды облысы Теміртау қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 5516 әскери бөліміне келісімшарт бойынша орналасқан. Әскери қызметкер болып жүрген шағында Қарағанды қаласындағы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Университетінде заңгер мамандығын оқып шыққан. Ұлттық ұлан сапында көптеген лауазымдарда қызмет атқарған кейіпкеріміз келісімшарт бойынша қызметкерден бастап офицер шеніне дейін барған. Алайда, кейіпкеріміз әскер қатарына келіп спорттық мансабын еш қараусыз қалдырмаған. Ұлттық ұлан сапында да, самбо, дзюдо күресімен айналысып 2005 жылы Қазақстан Республикасы бұрыңғы Ішкі әскер қазіргі Ұлттық ұланның самбо күресінен чемпионы атанды. 2006 жылы дәл осы жарыста қайта өз бағын сынап жүлделі екінші орынды қаңжығасына да байлаған.Ал, 2022 жылы Ақтау қаласында орналасқан 3502 әскери бөліміне ауысып келген. Кейіпкеріміз әскери қызметте жүріп, жеке өмірінде ұмытпағын 2004 жылы Маржан есімді жолдасымен шаңырақ көтеріп, отбасы құрған. Бүгінде отауласқан бұл жұптың артынан ерген үш ұлы екі қызы бар. Әке жолын қуған перзенттердің қайсы бірі болсын ел жалауын биікке желбіретер мақтан тұтар азаматтар мен азаматшалар болып өсіп келеді.
Ең алдымен кейіпкеріміздің үлкен ұлы туралы айта өтсек. Заманбек Айбол Манатұлы 12 маусым күні дүниеге келген. Бала кезден әкесінің жолын қуған Айбол, самбо және еркін күреспен айналысып, Қарағанды облысының бірнеше дүркін чемпионы атанған. Бала кезінен спортқа деген құлшынысын әкесі ашып, спорттың қыр сырымен таныстырған.Әрдайым әкесінің қолдауын сезген ұл тау қопарары анық, осылайша біздің кейіпкеріміздің үлкен ұлы да үлкен белестерді бағындырудан еш тайынбаған. Спорттық мансап пен қатар білімге құштар болған Айбол орта мектепті аяқтаған соң, колледжге оқуға түскен. Колледжде оқып жүрген шағында спортты ұмытпай, жаттығудан еш тайынбай облыстық, қалалық жарыстарға шығып өнер көрсетіп, жүлдегер атанып жүрген. Алайда, колледжде оқып жүрген сәтінде әке жолын қуып, әкесінің қалдырған ізін ары қарай жалғастыруды көп ойланған екен. Осылайша қазіргі уақытта кейіпкеріміздің тұңғыш перзенті орта арнайы мамандандырылған мекемедегі оқуын аяқтап Петропавл қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының академиясына тапсыруда. Бүгінде әке жолын қуған перзент пен бізде сұқбаттасып қайтқан болатынбыз.
Сенің әке жолын қуып, әскери мамандықты таңдау ойында бар екен? Жалпы бұл таңдауына не түрткі болды?
Мен жастық шағымнан бастап әкемнің тәрбиесін көріп өскен баламын. Әкем әрдайым мені өз отанының патриоты бол деп тәрбиелейтін. Бала кезімнен мен спортқа тартып, спорттық мансабымды бастап берген болатын. Әрдайым жұмыстан келген соң, менің жаттығуда өзімді қалай көрсеткенімді сұрап, өзіме әртүрлі әдіс тәсілдерді көрсететін. Жас болған соң алғашқы жарыстарым да жеңілісте тауып көрдім, алайда әкем мені жеңілгенім үшін еш сөкпейтін. Керісінше әрдайым күрес барысында жіберген қателіктерімді көрсетіп, жаңа әдіс тәсілдер үйрететін. Әкемнің маған берген қолдауының арқасында мен бүгінде үлкен белестерге шығудан тайынбаймын. Әкемнің мамандығына деген мақтанышын, махаббатын көріп өскен бала болған соң, менде әкемнің арман мақсатын орындағым келеді. Әкем бастаған дара жолды жалғастырушы болып көз қуанышы болып жүре бергім келеді. Сол себепті де, мен әкем секілді елімнің патриоты болып өзімді әскери қызметкер ретінде көрдім.
Әке жолын қуған бала әрине көз мақтанышы бола алады. Ал бүгінгі таңда артынан ерген бауырларынның қарындастарынның спорттағы жетістіктері туралы не айтасың?
Артымнан ерген іні-қарындастарым әкемнің мақтаныштары болуға әбден лайық, оларда мектеп қабырғасынан бастап күрестің түр-түрімен айналысып өздерін жеңімпаз ретінде көрсетуде. Болашақта мен олардың әлемдік аренадағы жетістіктерін көре бергім келеді. Себебі әкеміз бен анамыздың бізге берген тәрбиесінің арқасында біз кез келген шыңға шығуға еш тайынбаймыз.
Міне бүгінде кейіпкеріміздің жолын үлкен перзентінен басқада барлық балалары қуып келуде. Мәселен өмір жолында ғана емес, спорттық мансабын да әке үмітін ақтау жолында аянбай тер төгіп жүргендерінің бірі екінші ұлы Заманбек Альмир Манатұлы. Әкесі сыңды мектеп жасынан бастап дзюдо, самбо спортымен айналысып келген бұл перзенті облыстық және республикалық сайыстардың бірнеше дүркін чемпионы. Теміртау қаласында орналасқан «Миталь стил» спорт кешенінде Андрей Владимирович есімді бапкердің астында жаттығып спортқа аяқ басқан Альмир бүгінде Қарағанды облысы мен қатар Маңғыстау облысының өз салмағында самбо күресі бойынша чемпионы. Сонымен қатар, Қарағанды облысында өткен Қазақстан Республикасының біріншілігінің жүлдегері атанған. Альмирде өзінің үлкен ағасы мен әкесі сынды әскери саланың майталманы боламын деген мақсат қоюда. Кейіпкеріміздің ұлдары мен қатар спорттық мансапты үшінші перзенті Мирена есімді қызы да бастаған. Еліміздің батыл да батыр Әлия мен Мәншүк әпкелері секілді бүгінде Мирена өзінің қажымас қайрат, батыл жүрегімен ел біріншілігінде ғана емес әлемдік ареналарда топ жарып жүр. Ағалары секілді Теміртау атты кішігірім қалада жаттығу жасап бастаған Мирена бүгінде ел чемпионы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы және де спорт шеберіне үміткер. Жаста болсада білімі мен білегі мықты Мирена бүгінде Ақтау қаласындағы Жас батыр спорт клубында жаттығын ғана қоймай, Маңғыстау облысының жастар арасындағы қыздар құрамасының мүшесі. Сонымен қатар, Маңғыстау облысында Қоссай батырдың құрметіне өткізілген республикалық сайыстың жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, Есет батырдың құрметіне орай ұйымдастырылған халықаралық сайыстың жүлдегері атанды және де Алматы қаласында ұйымдастырылған Хамза батырдың жарысында жеңімпаз атанған. Жалпы алғанда жаста болсада әкесінің жолын үлкен ағаларымен бірге қуып келе жатқан нәзік жанды. Әкесі мен анасының берген тәрбиесі мен қолдауының арқасында бүгінде үлкен шыңдарды бағындыруда. Ал бүгінде балаларының бойындағы табандылық пен ұлтына еліне деген сүйіспеншілікті қалай дамытқаны туралы біз кейіпкеріміздің өзінен де сұрап білдік.
Манат Заманбекұлы қарап отырсақ, перзенттерініңіздің әрқайсысы облыстық, республикалық, тіпті халықаралық жарыстардың жүлдегерлері екен. Перзенттеріңізді бойында спортқа деген махаббаты қалай тәрбиелей алдыңыз?
Шынымды айтсам, балаларымның бойындағы бұл махаббатты өздерінің талпыныстарының арқасында пайда болды. Мен тек балаларымның спортқа аяқ басуына өз септігімді тигіздім. Әрдайым қастарында жүріп, бос уақытымды балаларыма арнап оларға қолдау көрсетіп жүргендіктен спортқа деген құлшыныс дами түсті деген ойдамын. Себебі, әрбір перзентімнің жеткен жеңісі мен жемісі менің көз қуанышым болып табылады. Балаларымның үлкен аренаны бағындырып жүрген шындары мен үшін үлкен бақыт десем де артық айтқаным емес.
Иә, әрине баланың жеткен жетістігі ата-ана үшін әрдайым мақтаныш болып табылады. Қарап отырсақ артыңыздан ерген екі ұлыңызда сіз секілді ел қорғаған айбынды ұландық болғысы келеді екен. Бұл туралы не айта аласыз?
Балаларымның кез-келген таңдауына мен ешқашан қарсы болмаймын. Балаларым отан қорғап, айбынды әскери қызметкер болам десе мен тек қолдау көрсетемін. Себебі мен салып бастаған дара жолды жалғап үлкен жетістікке жетсе мен үшін бұл қуаныш емес пе. Балаларымен деген менің сенімім жоғары себебі артымнан ерген осы перзенттерім мен бастаған істі ары қарай жалғастырады деп сенемін.
Расымен де әке салған дара жолды жалғастыру бала үшін бір ғанибет қой. Сіздің спорттағы жетістіктеріңізді жалғап артыңыздан ерген ұлдарыңыз бен қатар Мирена есімді қызыңызда спорттық мансабында бірнеше халықаралық турнирлерді жеңіп ел жалауын асқақтатқан екен. Қызыңыздың жеткен жетістіктері сіз үшін үлкен бақыт шығар?
Иә,әрине бүгінде Мирена қызым ұлдарыммен бір қатарда жүріп менің көз қуанышым болып жүр. Әрдайым ешнәрседен тайынбай алдыға қарай нық қадам басуда. Ел біріншіліктерін ғана емес халықаралық деңгейдегі жарыстарда ел жалауын асқақтатып, менің мақтанышым болуда. Мен барлық перзентімді бірдей көремін. Алдағы уақытта менің бала күнімдегі арманым олимпиада жүлдегері болуды осы перзенттерім орындайтынына сенімдім-деп Манат Заманбекұлы өз сөзін аяқтады.
Бүгінде әкесінің жолын қуған ұл-қыздары әлі талай шыңдарды бағындыратынына сенімдіміз. Кейіпкерімізде балаларының жемісті де жеңісті күндерін көру үшін бар күшін салып аянбай еңбек етуде. Кейіпкеріміздің балаларына берген ыстық махаббаты мен қамқорлығының арқасында бүгінде бұл отбасында чемпиондар мен ел жалауын биікке асқақтатар тұлғалар пайда болуда. Өзінің жолдасы Маржан мен бірге бала бақыты үшін аянбай тер төгіп жүрген Манат Заманбекұлының әлі де артынан еріп келе жатқан Нармина есімді қызы мен Дінмұхамбед есімді ұлы бар. Бұл перзенттері бүгінде кішкентай болғаны мен болашақта ағалары мен әпкесі сынды биік белестерді бағындырып үлкен шыңға жетері анық. Бүгінде бұл балалар спорттық мансап пен қатар өмірлік белестерді бағындыратынына бүгінде біздің де кәміл сенеміз. Әке үмітін ақтаған балалар ата-ананың қамқорлығы мен қолдауының арқасында кез-келген тауды қопаратынына да көзіміз ді осы шағын отбасы жеткізді.
Лейтенант Бақдәулет Манарбек