«Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның Қазақстандық ардагерлер ұйымы» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы, милиция генерал-майоры Болсамбеков Өмірзақ Қоспанұлы - 85 жаста!
«Арын жанынан жоғары қоятын жан. Ешқашан шен-шекпенін алға тартып, қызметін асыра пайдаланған емес. Ешбір адам оған «Сен осындайсың» деп кінәрат таға алмасы анық. Себебі, ол – әділ! Ол, себебі – шыншыл! Ұлтжанды. Отанына адал перзент!» Бұл – он жылдай ішкі істер вице-министрі болған, бүгінде зейнеттегі ардагер, КСРО және Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының құрметті қызметкері Николай Власовтың генерал Болсамбеков жайлы пікірі.
«Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның Қазақстандық ардагерлер ұйымы» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы, милиция генерал-майоры Болсамбеков Өмірзақ Қоспанұлы бүгін 85 жасқа толы! Құқық қорғау органдары мен төл әскерімізде мерейтой иесінің есімін білмейтін адам кемде-кем шығар. Себебі, саяси-қоғамдық, әскери-патриоттық маңызы бар ауқымды деген шаралар генерал Болсамбековсіз өтпейді. Игі істердің басында, ізгі жандардың қасында жүретін абзал ағамыз, ардақты ардагеріміз «Нағыз қазақ генералы!» деуге лайық азамат. Оған себеп – ең әуелі, оның елі мен халқы алдындағы мінсіз қызметі дер едік.
Өзінің ізін алып келе жатқан сардарлар алдында да, Отан сапына қосылған жас сарбаздар алдында да Өмірзақ Қоспанұлы әрқашан ана тілінде сөйлеп, парасатты пайымын айтып, ұлтымыздың құндылықтарын тілге тиек етіп жүреді. Оның ата дәстүр, салтқа деген, туған тілге деген құрметі ерекше?! Аты қазақ та, заты орыстанған генералдар арасынан қазақы болмысын жоғалпаған ағамызды даралап тұрған екінші қасиеті – осы, мінекей!
Ұзақ жылғы төккен тер, сіңірген еңбегінің өтеуіне бүгінде абыройдың шыңынан көрініп, зор құрметке бөленген тұлғаның әр күні игі істерге толы. Туған күні қарсаңында тағылымға толы тағдыры, өмір және қызмет жолымен бөлісуін өтініп хабарласқанымызда, жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, өтінішімізді жерге тастамады. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Өмірзақ Қоспанұлы, бірде берген сұхбатыңызда «Қызметіңе адалдық – еліңе деген адалдық» деген екенсіз. Құқық қорғау ісіне жастық жалыныңыз, қажыр-қайратыңыз бен ғұмырыңыздың алпыс жылын арнап, жасыңыз сексен беске жетсе де, әлі күнге дейін осы саланың жол сілтеуші шамшырағы секілді, тыныс-тіршілігімен біте қайнасып келесіз. Құқық қорғау органдарының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы не айтасыз?
– Елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығының сақталуында құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдардың рөлі қашанда маңызды болып қала береді. Өйткені, уақыт көшіне ілесіп, өсіп өркендеуіңе, дамуыңа ішкі тыныштығың да, сыртқы елдермен сыйластығың да тікелей әсер етеді. Еліміз соңғы жылдарда “Жаңа Қазақстан” – әділ қоғам құру жолында қарқынды жұмыс істеп, қыруар істер атқарды. Мұндай жаңашылдықтың куәсі болғаныма, осы елдің азаматы ретінде, әлбетт, бақыттымын. Мемлекет басшысының бастамасымен әлі де жалғасып жатқан дебюрократизациялық қозғалыстан біздің министрлік тысқары қалмайды. Мемлекет мүддесі мен халықтың игілігі үшін қандай да бір бастаманы жалғап әкету – ведомство басшылығының ықпалында, десе де оң шешім қабылданса, біз оған міндетті түрде қатысамыз, әрқашан қолдаймыз. Ашықта әділетті қоғамды қаласақ, өзіміздегі мәселелерді де жасырмай айтқан жөн болар. «Ауруын жасырған өледі» дейді қазақ. Құқық қорғау жолында жүргендіктен, осы жолға өміріңді арнағандықтан бар болмысыңмен соған сай болуың керек. Ішкі істер органдарының Жаңа Қазақстанмен үйлесім табуына моральдық тұрғыдан ықпал ету жолында біздің бірлестігіміз жүйелі жұмыстар жүргізеді. Қызметкерлер арасында тәрбиенің осалдығы, неше түрлі ыңғайсыз жағдайлар, тіпті пара алу, мас күйде көлік жүргізу секілді қылмыстра көрініс табатын жағдайлардың алдын алу үшін, ардагерлер кеңесі кездесулер ұйымдастырып отырады.
Еліміз дамыған сайын, құқық бұзушылықтардың да түр-түрі кездесіп отырады. Оны күнделікті мына ғаламтор беттерінен де көріп жүрміз. Полиция жұмысының күн-түн демей, мезгіл мен уақытқа қарамай толассыз жұмыс істеуі де сондықтан. Әкімшілік құқық бұзушылық та, бұзақылық, қарақшылық, тонау, ұрлау, жол жүру ережесін бұзу, тіпті қасақаны кісі өлтіру, өкінішке орай тоқтаған емес. Осылармен күрес – өте қиын міндет. Дегенмен, мемлекет мұны ескерусіз қалдырып жатқан жоқ. Полицейлер қызметінің ауыртпалығын, сан-салалығын ескеріп, ішкі істер органдары қызметкерлерінің әлеуметтік жағына үкімет тарапынан назар аударылып басталды. Соңғы кезде жалақылары көтерілді. Басым бөлігіне баспана мәселесу қиын тимесін деп, ай сайын тұрғынүй төлемін беріп отыр. Заман талабына сай жаңа формаға көшті. Жыл сайын заңдылықтың сақталуын қадағалауға қажетті заманауи технологиялар мен түрлі қондырғылар қолданысқа енуде. Осыларды айту – парыз. Мұның барлығы үкіметтің, Президенттің қамқорлығы, елдің ертеңіне деген алаңдаушылығы деп білеміз. Жүрген жерімде жігіттерге, жастарға осыны айтамын. «Өміріңді осы салаға байладың ба, антыңа әрдайым берік бол», «Ешқандай келеңсіз, бұрыс әрекет жасама», «Сен – халықтың адамысың», «Еліміздегі тыныштықты сақтап, халықты қорғайтын адамсың», «Қай жағдайда да сертіңе берік боп, қабылдаған антыңнан тайма», «Адал еңбек ет» деп айта жүремін. Ешкім іштен туа сала министр немесе генерал болмайды. Адал еңбегі мен маңдай терінің арқасында жетістіктерге жетіп, дәрежесі көтеріліп, шыңдалады. Оған дәлел – Отан қорғаушылар күні қарсаңында көптеген қызметкерлеріміздің Президент Жарлығымен марапатталуы. Мемлекет басшысы еліміздегі тыныштықты сақтауға зор үлес қосып жүргшен жандардың еңбегін жоғары бағалады.
– Генерал мырза, Сіз басқарып отырған бірлестік тарихы сонау 1970 жылдардан бастау алатын ауқымды да ықпалды ұйым. Өзіңіз жоғарыда атап өткен жетістіктерде бірлестіктің де үлесі бар деп білеміз. Атқарып жатқан жұмыстарыңыздың бір парасын айтып, алдағы жоспарларымен бөлісе кетсеңіз.
– Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның Қазақстандық ардагерлер ұйымының бүгінде 45 филиалы жұмыс істейді. Қазақстан бойынша бірлестік есебінде 80-мыңнан астам зейнеткер, ардагерлеріміз бар. Сол кісілердің әлеуметтік жағдайына қолдан келгенше көмек көрсетіп келеміз. Кезінде елі үшін жастығы мен қуатын берген ардагерлеріміздің денсаулықтарын түзету жөнінде санаторийлер мен арнайы ем орындарына жолдама алып береміз. Жалпы өмірлік жағдайлары мен тұрмыстық тіршілікте де көмегімізді жасап, ақшалай қол ұшын созудамыз. Кей ардагерлерге ота жасау, қымбат дәрі-дәрмек алу керек болған жағдайда, қажет көмекпен қамтамасыз етуге тырысамыз. Бұйымтайы мен өтініші бар әр ардагерге есіміз ашық. 6-мамыр Отан қорғаушылар күніне орай, отставкадағы бір топ қызметкерді марапатқа ұсынған едік, Президент Жарлығымен Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары болған полиция генерал-лейтенанты Василий Симачёв орден алды. ҰОС және ІІО ардагері Құрмат Рахимов ағамыз “Құрмет” орденін алды. Айтқандай, 17 маусымда 100 жылдық мерейтойына орай Өскемен жұртшылығы батыр Рахимовқа арналған құрмет тақтасының ашылу рәсімі өтті. Ішкі істер минитсрінің орынбасары Айдар Сайтбеков бастаған Шығыс қазақстан полицейлері ардагерді ғасырлық тойымен құттықтап, құрмет көрсеттік. Әңгіме болсын, мен осы тұста бір қызық айтайын. Президент қолынан мемлекеттік награда алу үшін мамырдың басында Астанаға Құрмат ағамыз келді дедік қой. Сонда қазақы дәстүрмен шаңырағыма шақырып, дастархан жайып, дәм бердім. Соны естіп, осыдан екі ай бұрын дүниеге Дар есімді кішкентай шөберемді әкелген Шынар есімді тұңғыш немерем де келді үйге. “Ата, батыр атамыз Диардың аузына түкірсінші, жасын берсін. Қазақтың сондай ырымы бар емес пе?!» деп. Америкада өмірге келген шөбереме Құрмат ағамыз батасын берді. Арасында маған қарап “Әй, Өмірзақ, мынау Диар менен 100 жас кіші ме сонда?!” деп күлді. От пен оқтың ортасында сұм соғысты көрген ағамыз бейбіт күнде ғасыр тойына жетіп жатыр. Бұл бір үлкен бақыт, балам. Енді, Алла жазса, Алматыдағы Қамбар Сәрсенов ағамыз да биыл 100-ге келеді, ол кісіні де осылай құттықтап бару нәсіп болсын. Мұндай жағдай күнде болмайды ғой, “Қарты бар ел – қазыналы ел” дейді, үлкенге деген құрметті, ізгі іс-шараларды жеке құрам, жастар көрсін деймін.
Біздің ардагерлер қоғамдық бірлестігінің мақсаты – “Тарихсыз болашақ жоқ” демекші, жаһанданудың құбылмалы кезеңінде өсіп келе жатқан келешек ұрпақтың бойына рухани ізгіліктерді сіңіру. Ішкі істер органдары мен Ішкі әскерлерінен Ұлы Отан соғысына 5000-ға жуық жауынгер қатысқан, соның 16-сы Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Екеуі толық «Даңқ» орденінің иегері болды. Сол кісілерге арнап, 2013 жылы “Алатау» спорт кешінінің алдынан монумент аштық. Сол кезде, яғни 11 жыл бұрын құқық қорғау органдары және құқықтық тәртіп әскерінің қызметте жүріп, қаза болған қызметкерлерінің саны 688 еді. ҰОС батырлары мен бейбіт күннің батырларының рухына тағзым ретінде ашылған монументіміздің жанына “Даңқ аллеясы” деп Кеңес Одағының 16 Батырына да ескерткіш тақталар қоюды жоспарлағанбыз. Бірақ, оны жүзеге асыруды қалта көтермеді. Десек те, Алматы жақтан арнайы сапалы гранит алдыртып, монолитті мәрмәрдан 16 батырдың бейнесі бар естелік қабырғалар салдық. 2022 жылы қолға алынып, 2023 жылы аяқталған бұл жобаны “Мемориалды кешен” деп атадық. Одан бөлек, бұрынғы министрлеріміздің есімі қалсын деген ниетпен, Қостанай академиясына генерал Шырақбек Қабылбаев, Қарағанды академиясына Бәрімбек Бейсенов, Алматының академиясына Мақан Есболатов есімдерін беруге мұрындық болдық. Ал Ақтөбе заң университетін сол елден шыққан, Ұлы Отан соғысының батыры Малкеждар Бөкенбаев ағамыздың есімімен атадық. “Жеңіс жолы”, “Ұлы дала батырлары” деген кітаптар шығардық. 2009 жылдан бері “Ардагер” журналы тікелей басшылығыммен тұрақты шығып келеді.
– Өмірзақ аға, «Алла тағала тағы бір ғұмыр берсе, дәл осылай өмір сүрер ем. Мен бақытты жанмын!» дегенді жиі айтып жүресіз. Бұл бақыт қызметіңізбен байланысты ма? Бақыттың бастауы отбасыңызда жатыр ма әлде? Жалпы, генерал Болсамбеков отағасы, әке, ата ретінде қандай адам? Ұрпағыңыз жайлы айтыңызшы.
– Иә, қарағым. Бұл өмірде ұрпағыңмен бақыттысың! Оны ешкім жоққа шығармас. Отанның өзі түптеп келгенде отбасынан басталады. Биыл жұбайым Рысбике Көшмағанбетқызынан айрылып қалдым. Тамаша адамға жолықтырған тағдырыма ризамын, осы күнге жеткізген Аллаға тек шүкіршілігімді айтамын. Десек те, пендеміз ғой «Жанымда тағы да жүргенінде ғой» деймін. Халқымыз «Орта жолда атың өлмесін» деген емес пе?!.. Медицина саласының маманы, жақсы дәрігер ретінде танылды. Ақ халатты абзал жан ретінде де, ана ретінде де, менің, балаларымның, немере-шөберелерімнің денсаулықтарымызға үлкен мән беретін. Мен кәрі тарихтан сыр шертіп, саналарын байытып, перзенттерімді рухани құндылықтарға үйретсем, жан саулықтарын түзесем, ол тән саулықтарын қадағалайтын. Игі дәстүрлерімізді құрметтеуін талап етіп отыратын балалардан. Менің үй бетін көрмей, қызметте жүрген шақтарымда ошағымның отын сөндірмей, түтінін түтетіп, бала тәрбиесімен айналысты. Осылай бір-бірімізді толықтырып, қолдап жүретінбіз. Мына фәниде тұрақтап қалар ешкім жоқ, бәрімізде қонақпыз, жарығым. Мәңгілік мекеніне арулап шығарып салдық. Жаратушы бізге үш перзент берді, Мұрат және Талғат есімді ұлдарым, Жанар деген қызым бар. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, қанға тартқандық па, жоқ тағдырдың жазуы ма білмедім, екі балам жолымды қуып, өмірлерін құқық қорғау саласымен байланыстырды. Тұңғышым 68-де. Талғат 66-да – бүгінде отставкадағы полиция полковнигі, Кенжем Жанарды кемпірім екі ұлдан соң 11 жылдан кейін тапқан. Оның өзі 45-тен асты, полковник шенінде елге қызмет етіп жүр. Балдай тәтті немере-шөберелерім бар, шөберемнің алды 16-ға келді. Әзірге кішісі – Алида. Екінші ұлымның қызының баласы. Мана айтқан Диардан да кіші. қазақ айтады ғой “Өз балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» деп. Шөбере тіптен тәтті болады екен. Шүкір! Балаларымды – байлыққа теңесем, олардан тараған әр ұрпағымды алтынға балап отырамын. Әр немере, шөберем дүниеге келген сайын, Алла жаңа өмір бергендей болады. Солардың күлкі-қуанышынан қуат аламын. Балаларды еркелеткенді жақсы көремін, көбінде еркіндік беремін. Күндіз қызметте, басқа уақытта балапандарымның қызығын көріп жүрмін. Тәубә! Қысқасы, бақшаға баратынның тақпағын жаттатып, мектепте оқитынының сабағын оқысып, спортқа жақынының жанкүйері боп жүрген жәйіміз бар. Бірін әзілдеп дипломат деп атаймыз. Осы бақыт емей, не?! Санат деген немерем қасымда жатады. “Ата, мен каникулға шықтым. Теперь, буду за тобой ухаживать” деп қояды өткенде. “Жақсы, молодец, рахмет! Ухаживай, бірақ қазақша сөйле” дедім. Өкінішке орай, бүгінгі ұрпақ заман талабына сай технологияға, компьютер, телефонға құштар. Ол да керек шығар. Дегенмен, саналары уланбасын деп алаңдайсың, көңілде әрдеңені көріп қатыгездікке бой ұрмасын деген қаяу бар. Болашақты ең алдымен отансүйгіштікке, елге деген махаббатқа баулу керек деп ойлаймын.
– Сіздің жолыңыз, осы айтып жатқан әңгімеңіз, атқарып жатқан ісіңіз – бәрі бізге тәлім ғой. Осы сұхбатымызды оқып, “Болмасаң да, ұқсап бақ” дегендей, Қазақстан полициясы, Ұлттық ұлан қатарында қызмет атқарып жатқандар, жалпы Отан қорғаушы санатындағылар өзіңізге қарап бой түзейтініне сенеміз. Соларға не айтасыз?
– Менің бір айтарым: өз ісін адал сүйетін, өзін-өзі үнемі дамытып отыратын адам ғана қызметтегі кез келген қиындықты жеңе алады, заман көшіне ілісе алады. Мен қайда жүрсем де, тәрбие ісіне көп көңіл қоямын. Кездесулерде «Біздің кезімізде сендер қолданып жүргендей жаңа заман техникасы мен оқулығы арман болатын. Ал бүгінде ізденемін, адам боламын, нағыз маман боламын деген жанға барлық жағдай жасалған. Сондықтан да еріншектікті, тойынғандықты жеңіп, еңбекқорлыққа ден қойыңдар. Сендерді шыңға жетелейтін – ақыл мен еңбек» деймін. Жасырып қайтеміз, қоғамда полицияның қызметіне көңілі толмай, сынап-мінеп жататындар аз емес. Осы ретте құқық қорғау қызметінің, қызметкерлерінің имиджін көтеруді, адал қызметпен көтеруді мақсат етуіміз керек. Адал қызмет етсеңдер, абырой да болады, Үкіметтің уәкілі ретінде қамқорлық та болады. Вашинтонг тәртіпті – әскердің жанына балайды. Өйткені, тәртіп жәй ғана әскерді алып күшке айналдырады, әлсізге қайрат береді, жауыңды мойындатады. Өздерің көріп отырған генерал Болсамбековті бүгінгі биігіне жеткізген қасиет те сол, тәртіпке бағыну! Тәртіпке бас иген халықтың да, тәртіпке мойысұнған елдің де жолы жарқын болады, балам!
– Алтынға бергісіз уақытыңызды бөліп, кейінгі ұрпақ алдындағы парызым деп, сүбелі ойыңызбен бөліскеніңізге үлкен рахмет! Өзіңіз әлгінде айтқандай, алақанға салып, құрмет тұтып жүрген ардагер аталарымыздың жасын берсін Сізге. Мерейтойыңызбен құттықтаймыз, аға!
Сұхбаттасқан
капитан Мөлдір НӘЛІБАЕВА