«Қорғансыздың күні» қайталанбайды

5819
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Шырышы  бұзылмаған  табиғатынан  бөлек  мырышы  мырғамға батырған Өскемен қаласындағы Ұлттық ұлан сарбаздарының ұстанымы бөлек.

Осы орайда «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінде азаматтық борышын өткеріп,  қала тұрғындарының  қауіпсіздігін  қадағалайтын мерзімді әскери қызметші Нариман Байдалин  ағынан жарылып сұхбат берді.

Қайырлы күн!  Қалың  қалай жауынгер?  Ұлттық   ұлан сапындағы  қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған жауынгерлік қызметіңе  жете тоқталсаң?

Бәрі ойдағыдай,  Бағдат мырза,  мен  тек  сұхбат  басталмай  тұрып, алдын ала ескерткім келеді. Мен шыншыл азаматпын. Жастайымнан үйдегілер біреудің ала жібін аттамауға сондай-ақ, басың кетсе де тайсалмастан  ақ сөйле деп тәрбиеледі. Сондықтан,  бұл  сұхбаттың   қаз қалпында,  еш қоспасыз шынайы   болғанын  қалаймын. Жасыратыны жоқ, қаруластарымның  арасында әскерге өз ниетімен келмегендер де бар. Кейбіреулер  мәжбүрлі  түрде келгенімен,  артынша   әскери  ортаға  үйренісіп кетеді. Тіпті, мерзімді әскери қызметін өткергеннен кейін келісімшартқа тұрып, әскери салаға толыққанды бет бұрамын деп жоспар құрған қаруластармен де таныспын.  Өзіме келсем,  менің  де әскерге келудегі өзіндік себебім бар.

Қандай себеп?  Ер азамат болған соң  ел алдында Отан алдындағы борышыңды  өтеуді   парызым  деп санағаныңнан  болар?

Әрине,  Отан алдындағы борышымды   өткеруді   азаматтық  парызым деп санаймын. Дегенмен,  өмірімнен   орын  алған өзге де   оқиғалардан  кейін  мен  әскери салаға әсіресе,  Ұлттық ұлан қатарында  қызмет еткім  келді.  Өйткені,  қоғамда  болып   жатқан   жаншошырлық  оқыс  оқиғалардың алдын алуда титтей де  болсын өз үлесімді қосқым келеді.  Біржолы  үйде әке-шешем бар,   кешкі астан  кейін  көгілдір   көк  жәшіктен  жаңалық   қарап  отырып,   жағамызды ұстадық.   Тапа тал  түстің   өзінде  зорлап кетті,  ұрлап  кетті деген   ақпараттардан  құлағдар  болғанда ашуға ерік  бергенің  соншалықты,   буырқанған   бурадай   бұла   күшіңді  қайда   жұмсарыңды  білмей дал болып,   қабырғаны   ұрарсың  келіп.  Әттең,  сол сәтте мен болсам, бәтшағардың жонарқасына таспа тіліп, жанын жаһаннамға  аттандырар  едім деп  күйінесің.   «Еуразия»  арнасында  мектеп  ауласын  үнсіз  назарға  алып,  өрімдей  қыздарға  көзінің  сұғын  қадаған   азғыннның  опасыз әрекеттері туралы  жаңалық  көргенде  түн  ұйқым төрт бөлінді. Өйткені,  әлгі мектеп мен тұратын ауданда орналасқан еді.   Әрине,  жұмыста жүрген  соң арқа созар   бос  уақыт  табу  мүмкін емес.  Айналдырған   бір жетідегі  бір демалысың  өздігімен  кетеді.   Ал,  Ұлттық   ұлан  сапында  мен  көше қауіпсіздігін  қырағы бақылауға аламын.  Яғни,   озбырларға  қарсы лапылдап іште  жанған  қайсар  рух  жауынгерлік қызметпен бірге астасып, өмірге деген құлшынысымды арттыра түсіргендей.

Сені аласапыран күйге түсірген қайнаған  ашу-ызаң  жігер шашқан   отты көздеріңнен-ақ  көрініп тұр.   Бұндай  шамырқаныстың  астарында не жатыр?

Оның  бір  себебін  жоғарыда айтып өттім әлігінде.  Жалпы, біз бейбіт күннің астында тек мамыражай күн кешу қажетпіз.  Өткен  жылдың  жазында  Семей  қаласында тұратын  сыныптасымды  біреу  белгісіз  затпен тасадан  ұрып құлатып,   зорламақ болуға әрекеттенген.  Абырой болғанда,  алыстан  көрген   қаймана  айқайға басып,  күдікті қашып кетіпті.  Әліппе бетін  бірге ашқан  жамандыққа   қимас  танысым  таң бозарған   уақытта   жүгіруді  ермек қылған көрінеді.  Құлаққап  арқылы  музыка  тыңдап,  спортты  жанына  серік еткен ол  шабуыл жасаушының түрін  көрмек  түгілі,  сұлбасын шырамыта  да  алмайды.   Халін  сұрап,   аурухана  барғанымда  әлі де  есеңгіреп жатыр. Еркек біткенді  көрсе,  көзі  атыздай  болып,  жалма-жан  көрпешесін  бүркене қояды.  Тіпті,  ақ халатты ер дәрігерлердің науқастың маңайына жолауы мұңға айналған. Бұл көрініс әсіресе, мені қатты  түршіктірді. Шошынып  қалған  танысымды көріп,   оспадарларға   деген  өштігім одан сайын ұлғая түсті.  Бұдан  кейін мен жұмыстан шыққан уақытта көшеде  маған күдікті  көрінгеннің  жанына барып,  сағат уақытын  әлде шылым сұрағандай емеурін танытып, адамның  түр сипаты мен сөз саптауын зерделеуге тырысатынмын. Осылайша, қаншалықты   терісқылықты   екендігін  аңғаруға  барымды салдым.   Әрине,   мал  аласы  сыртында,    адам  аласы ішінде  демекші,   кісінің   ішінде не жатқанын  білу өте  қиын.  Әмбе,  бұлай  жүргенге  сағыздай созылған   уақыт  керек.  Оларда мен жұмыстан шыққан кеш қарайған  уақытта яғни, кісі нөпірі  саябырсыған шақта жүрмейтін сияқты. Керісінше,  ығы-жығы  ел ішінде елеусіз жүріп,  сұрқия ойларын  іске  асырады.  Дегенмен,  қоғамда,  сонымен қатар менің ортамда белең  алған жағдаяттарға қарап,    қараниеттелердің  қарасы  сиремесе,  көбейіп  бара жатқанын  түйсіндім.  Осы тұстан келгенде менің Отан  алдындағы азаматтық борышымды  Ұлттық  ұлан  сапында өткеруім  мен үшін таптырмас  қуаныш болды.  Айта кетейік,  Ұлттық  ұлан  қызметі қала көшелеріндегі  қоғамдық тәртіпті сақтаумен  шектеліп қалмай,  аса маңызды мемлекеттік нысандар  мен  түзеу  мекемелерін  күзетеді.   Өңірдегі  кез келген  мәдени   іс-шаралардың   ойдағыдай   жүзеге  асуына ықтимал етіп,  шаһарға  табан тіреген елеулі азаматтардың  қауіпсіздігін өз мойынына алады.  Бұдан өзге   аумақта   орын  алған  төтенше  оқиғалар  мен табиғи апаттардың дөп ортасынан табылып,  зардап шеккендерге  көмек көрсетеді. Сондай-ақ террористік шабуыл  болған жағдайда «Антитеррористік операция»  жүргізіп, қылмыскерлердің  жолын кеседі. Сондай-ақ, жаппай тәртіпсіздік орын алғанда бүлікшілер  мен жанжалдасушы  тараптарды ажыратып,  қоғамдық тәртіп пен заңдылықтың орындалуын баса назарға ұстайды.  Жеке өз басым, қала тыныштығын бақылауға алуда мұрша таппай, жауынгерлік  қызметімді  аса  іждағаттылықпен  орындауға  дайынмын.

Яғни,  көше  қауіпсіздігін  қадағалау  сенің бұрыннан  көкейде жүрген ойларыңмен   етене  сабақтасып  тұрғаны ғой?

Әрине,  тек  әскери бөлімге келіп бойдағы  қызбалықты   салмақтылыққа, қатаң тәртіпке алмастырдық. Әскери бөлімде  қала көшелерін  торуылдау үшін алдымен   жауынгерлік  міндеттер мен әскери  жарғыларды, сонымен қатар ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы  кодексін тағы бір қайталап,  қоғаммен  жұмыс  жасаудағы ескеретін  маңызды тұстарына  баса  мән береді.  Дегенмен,  мен  әскери  борышымды  орындау  кезінде   іштегі мақсатымды орындаймын. Сол үшін де жауынгерлік жасақпен әсіресе, шаһардағы мектеп,  балабақша  ауласын  торуылдауға  білек  түре  кіріскім  келеді.  Жоқ  дегенге бір күдіктіні тарпа бас салып,  құрықтасам ол мен үшін азаматтыққа тән дүние болып саналады.  Сондай-ақ,  делқұлы  күйде жатқан  сыныптасымның  алдын  да  бетім жарық.  Сондықтан  жауынгерлік  қызмет барысында нәзік жандыларға зорлық-зомбылықтың адам есіне кіріп шықпайтын түр-түрін істейтін   қылмыскерлерді  құрықтауда барымды саламын. Сонымен қатар,  мен әскерге дейінгі яғни  жұмыстан шыққан уақыттағы сүлесоқ кейіпте оларды іздемеймін.

Қатардағы қаруластарыңның жауынгерлік қызметке деген құлшыныстары  да  дәл  өзіңдікіндей  болар?

Әрине,  Отан  алдындағы  парызын  өткеруге  келген  әрбір  азамат  қоғамның  тыныштығын  күзетуде  жұдырықтай  жанын  шүберекке түйіп беруге дайын. Бірақ, әркімнің ұстанымы  өмірде  орын  алған оқиғаларға байланысты. Өйткені, қаруласымның біреуі синтетикалық есірткі тасымалдайтындарды  ұстап  алсам деп   тістеніп  тұрады. Әңгіменің  байыбына барып, астарына үңілмедім. Алайда, оның тағдырында нашақорлыққа деген желкенішті сезім бұрыннан бар сияқты.

Жалпы,  мұндай  айбынды  жауынгерлік  жасақты  көргенде-ақ ішіне бүккен астыртын ойы бар күдіктінің секем алатыны айдан анық қой?

Мен бейбіт елдің аспанында тек тыныштықтың салтанат құрғанын қалаймын. Бірлігі жарасқан  ынтымағы бекем мемлекетте қылмыскердің   болмауы шарт. Қазір,  жалпы, қылмыстың бетін ашуда бейнекамераларға сүйенеді. Ал, бейнекамераны  тек  болған оқиғадан кейін ғана тексеріп жатамыз.  Ал,  ұландықтар  күдіктінің қылмысқа баруының алдын алады деп ауыз толтырып айта аламын. Көшеде суыт жүрісін өзгертіп,  бізге жасқана қарап, қипылықтағандардың   жүріс бағытын қадағалап  артынан аңдимыз. Я ғни, айбарлы жауынгерлерді көру арқылы бұзақылардың  мысы басылады. Ұсталып, қалмай тұрғанда, «елімді табайын» деп, тығырықтан шығар жол іздеп, қаша жөнеледі немесе иін тірескен ел ішіне күмп етіп кіріп кетеді. Көрдіңіз бе?  Яғни,   оның   бастапқы  арамза  ойы  жүзеге  аспай,   ісі насырға шапты.   Ал, оған  жауынгерлік  жасақ  сепкі  болды.

Мардымды сұхбатыңа көп рахмет Нариман. Тағы да алып қосарың бар ма?

Иә. Рұқсат  болса  өз сөзімді  түйіндей келе,  ақсөңке сүйекке толы терең  тарихқа көз тастағым келеді.  Осыдан  бес-алты  жыл бұрын философ, абайтанушы  Ғарифолла  Есім Семейден  Жидебай кесенесіне барар жолдағы   Күшікбай батыр асуындағы  Ғазизаның  басына тас қойды.  Бұл  кейіпкер жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» шығармасында баян етіледі.  Үйіне  қонақ  болып келген  Ақан болыс  қорада өрімдей жетімекті зорлайды. Бұған шыдамаған қаршадай қыз боранды күні әке зиратын құшақтап жылап, сол жерде үсіп  өледі.  Жалғаннан қорған таппай зәбір көрген  қыз ғұмыр  осылайша бүр жармаған көктемінде  жан тапсырып кете барады.  Яғни, жасөспірім Ғазиза  ар-намыссыз  өмір сүруден  қарағанда өлімді  артығырақ  көрді. Расымен де, педофилдің азғындығынан аман қалған әрбір нәзікжандының тағдырының астан-кестеңі шығады.  Алысқа бармай,  менің сыныптасымды  жауыз жерге құлатқанымен, абырой болғанда шаруасын бітіре алмады.  Дегенмен,  мұның өзі танысымның  еркек біткеннен  үркектеніп, мазасыз күй кешуіне алып соқты.  Ал  «Қорғансыздың күніндегі»   Ақан болыстың жұрнақтары   айыппұл салғыш самсағана камерасы бар дамыған  заманда да  ойлағанын істеп,  тайраңдап жүр.  Пәкізе періштелерге  жәбір көрсетуге  әзір тұратын  педофилдерді  темірторға тоғыту  менің өмірдегі басты мүдделерімнің бірі де бірегейі.  Ғазизадай қыздардың  ғазиз ғұмырда  бейқам күн  кешуі мен сияқты ер  азаматтардың қолында деп ойлаймын. Сондықтан жігерлі жігіттерден құралған  Ұлттық ұланның әскери қызметшілері  барда «Қорғансыздың күні»  шығармасында оқиға желісі  қайталанбайды деген ойдамын.

Өрелі әңгімеңе көп рахмет  Нариман.  Алдағы күрделі де қызықты сарбаздық қызметіңе сәттілік тілеймін. Қарагөз қарындастарымызды көздің қарашығындай сақтайық.

Капитан Бағдат Амангелді, Өскемен  қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -