Шымкентте «Айбын-2024» халықаралық жиынының вице-чемпиондарын марапаттады

16071
Фотосурет: Шымкент гарнизоны баспасөз қызметі

Шымкент қаласының теміржол вокзалының перронында «Айбын-2024» X Халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының қатысушылары «Болашақ» командасын салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Олар «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының намысын Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери-патриоттық клубтары арасында қорғады және барлық сайыстардың қорытындысы бойынша «екінші» орынды иеленді.

Жас спортшылардың жетістікке жетуінің маңыздылығын көрсету үшін вокзал перронында тек қатысушылардың туыстары ғана емес, сонымен қатар әскери бөлім басшылығы мен гарнизонның әскери оркестрі де жиналды. Қатысушылар келгеннен кейін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының механикаландырылған бригадасының саптық алаңында «Болашақ» әскери-патриоттық клубының командасына құрмет көрсетілді. Мерекеге қатысушылардан басқа, команда мен мектеп басшылығы, бөлімнің жеке құрамын жинады.

Бригада командирінің міндетін атқарушы подполковник Айдос Исаев құттықтау сөз сөйледі.

- Сіздер халықаралық деңгейде өткен «Айбын-2024» әскери-патриоттық жастар жиынында абыроймен өнер көрсеттіп, құрметті «екінші» орынға ие болдыңыздар. Біздің гарнизонды ғана емес, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығын да жүлдегерлер қатарына қостыңыздар. Сіздерді осы жиындарға белсенді дайындаған мектеп басшылығына, ата-аналарға және әскери қызметшілерге алғыс айтамын. Жақын арада сіздер өз оқытушыларыңыз бен нұсқаушыларыңыздың ізімен жүріп, «Отан қорғаушы» мамандығының лайықты ізбасарлары боласыз деп сенемін, – деп атап өтті ол.

Құттықтау сөздерінен кейін барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталды. Мектеп басшылығына, алғашқы әскери дайындық мұғаліміне және команданы дайындауға қатысқан әскери қызметшілерге ерекше назар аударылды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының алғыс хаттарын жарыс кезінде жеке есепте жақсы нәтиже көрсеткен «Болашақ» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері алды.

Өз кезегінде №129 жалпы білім беретін мектептің басшылығы өз оқушылары мен әскери қызметшілерге естелік сыйлықтар табыс етті.

Салтанатты шара соңында бригаданың жеке құрамы әскери оркестрдің музыкалық сүйемелдеуімен жас патриоттар алдында салтанатты шерумен өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -