4851

Ғалымдардың айтуынша, болашақта компьютер яғни қолдан жасанды интеллект алмастыра алмайтын санаулы мамандықтар қалады. Солардың қатарында – журналистика саласы ойып тұрып орын алады делінген. Демек, тек есеппен жүріп тұратын ақыл-ой иесі, қиыннан қиыстырып жазатын қаламгердің орнын баса алмады деген сөз. Журналистиканың өзі де күрделі сала, әр қилы сала. Оқырманның көңілінен шығатын сөз жазу үшін Абай атамыз айтқандай нұрлы ақыл, жылы жүрек қажет. Тек жүректен шыққан сөз ғана жүрекке жетеді. Осындай қасиетті мамандық иелерінің кәсіби мерекесі қарсанында қалам мен қаруды қатар алып жүрген әскери журналист жайында сөз қозғағымыз келеді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналының бас редакторы полковник Ерболат Мерсайынұлы Сұлтанов еліміздегі әскери журналистикадағы санаулы мамандардың қатарында. Бүгінгі таңда полковник әскери шеніне жеткен қатардағы әскери журналистердің бірегейі десек, қателеспейміз. Осыдан екі жыл бұрын жоғарыда айтылған әскери баспаның редакторы атанды демесеңіз, әскери журналистикадағы сара жолын жиырма үш жыл бұрын бастады.

Балалық шақ – бақыт мекені

Кейіпкеріміз 1977 жылдың 28 қыркүйегінде еліміздің қиыр батысы саналатын Батыс Қазақстан облысы Бөкей орда ауданы Сайхын ауылында дүниеге келді. Бал дәурен балалық шағы мәрттігімен өңірге таныс Мерсайын ақсақалдың қолында өтті. Ауылдың қара сирақ балаларымен қатар, Нарынның қызыл құмын басып, сайран қуғаны әлі есінде. Өзінің қатарластарымен бірге ойын әлеміне еніп, тек кеш батқанда анасының «үйге жүр» деген дауысымен отбасына оралатын. Балалық пейілпен көкжиекке зер салып, армандарына ерік беретін. «Мына ауылдың арғы жағында не бар? Жұлдыздарға жетер жол қайда?» дейтін балалық сауалдардың жауабын табу мақсатында үлкендерді сұрақтың астына алатын. Жастайынан ізденімпаз, мақсатшыл, әрі ойшыл болып өседі. Осылайша, ауыл мектебінің табалдырығын аттап, жазу сызуды үйренеді. Сол кезде жаңа білім әлемі тағы да ашылады. Мектептегі ұстазының «Өскенде кім боласың?» дейтін сауалына ойланбастан, «Ғалым, жазушы және журналист болам!» деп жауап беретін. Баланың ойына осындай ізгіліктің дәні себіліп, өсе келе бүкіл тұрпатына айналады. Мектепті аяқтар тұста қандай мамандықты таңдайтынын нық білді.

Таңдау

1994 жыл. «Орал – Алматы» жолаушылар пойызына отырып, бүкіл қазақ жерін басып кейіпкеріміз ару қалаға жетеді. Қолында мектеп аяқтағаны туралы аттестаты мен үй іші қалтасына салып берген азды-көпті қаражаты бар. Онере де Бальзактың шығармасында жазылған Эжен де Растиньяктың алдыда Париж қаласы қалай ашылса, арман қуып келген жас өреннің алдында Алматы солай ашылады. Үлкен қала, өзі секілді талапшыл жастар. Алатаудың мәрмәр шыңы қандай биік болса, болашақ студенттің талабы да сондай биік болды.

Мектепті аяқтаған жылы Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түсуге аттандым. Әрине, ең бірінші кезекте өзімнің қабілетіме сендім. Өйткені, мектеп қабырғасында жүріп-ақ, аудандық газеттерде мақалаларым шықты. Бірақ, кейін өз ойымды өзгерттім. Себебі, білімнің қара шаңырағы саналатын жоғары оқу орнына талапкерлер көп болатын. ҚазНУ-ға түскісі келмейтін жас бар ма? Бұл оқу орнында журналист мамандықтарға байқау талаптары жоғары болды. Сондықтан, Алматы институтының халықаралық журналистика мамандығына оқуға түсуге бел шештім. Ойым дәл шығып, құжат тапсырған мамандыққа түстім. Полковник Ерболат Сұлтанов

Студент кезінен бастап ұлағатты ұстаздардан тәлім алып, таңдаған мамандығын шыңдайды. Жергілікті басылымдарға жазған мақалаларын жолдап, өз стилін қалыптастырады. Сонымен қатар, студенттік өмірде КВН командасына мүше болып, институттың қоғамдық өміріне белсене араласады. «Адамды өсіретін – ортасы» демекші, ару қала Алматыда жүріп талай зиялы қауым өкілдерімен етене араласа бастайды. 1997 жылы маусым айында Иран Ислам мемлекетінің астанасы – Тегеран қаласында бір айлық өндірістік тәжірибеден өтеді. Білгенін бекемдеп, білмегенін үйренеді. Нәтижесінде 1998 жоғары оқу орнын аяқтап, туған еліне аттануға бел буады. Бәлкім, сол сәтте үйіне тартып кетсе, жергілікті баспаға тілші болып орналасып, әрі қарай азаматтық журналистиканы жалғастырып алып кетер ме еді? Алайда, тағдыр оны басқа салаға жібереді. Институтты аяқтағанда оны Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге шақырады. Сол сәт тағдыршешті болып табылды. Студенттік өмірден сарбаздық өмірге бірден аяқ басады.

Қатардағы жауынгер! Әскерилердің арасында ең дәрежесі төмен, әскери тәртіп бойынша өзі сияқтылардың барлығынан айбынып, айтқанын қалт еткізбей орындауға тиісті адам. Ол барлығына бағынады. Бірақ ол баршаға бағынышты болып бостандығынан, еркінен айырылған еріксіз жан емес. Осындай ержүрек, кішіпейіл, адал жандар батырларға тән қасиетке ие. Оған Отан қорғау секілді ер жүректілерге жүктелетін жауапты міндет сеніп тапсырылған. Жауынгер ел амандығына, дүние тыныштығына жауапты тұлға. Сондықтан ешкіммен құқысы жағынан жол таластырып, билік салмақтастырып жатпайтын қатардағы жауынгердің атқарар қызметі тым абыройлы. Жырақта жүріп те, қаламына адал болып қалады. 2027 әскери бөлімінде қызмет атқара жүріп, әскери өмір туралы мақалалар жаза бастайды. Сондай-ақ, әскери қызметтің қыр-сырын жақсы меңгереді. Үлгілі сарбаз әскери бөлім басшылығы тарапынан оң баға алады да, қызмет мерзімі аяқтағалғанда қолдау хат жазып береді. Сонымен үйіне оралған соң құжаттарын алып құқықтық тәртіп әскерінің 5517 әскери бөліміне құжатын тапсырады.

Әскери қызмет – мінсіз міндет

Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінің атқыштар ротасында бақылаушы болып, келісімшарт негізінде алғашқы әскери қызметін бастайды. Араға бір жыл салып, әскери бөлім басшылығы кейіпкерімізге үлкен сенім артады. Ақылы айбатына, қадірі қайратына сай жігітті жастармен жұмыс жұмыс жөніндегі офицер лауазымына тағайындайды. Тәрбие бөлімінде жүріп, әскери қызметтің озық дәстүрлерін насихаттау және қоғамдық ұйымдармен қарым-қатынасты нығайту, армияда болып жатқан маңызды оқиғаларды бұқаралық ақпарат құралдарында уақтылы жариялау мақсатында ай сайын облыстық «Орал өңірі», «Приуралье», «Талап», «Жайық үні» газеттерінде «Сарбаз», «Патриот», «Мен Отанға қызмет етемін!» және «Ел қорғаны» айдарларында жолақтарды жүргізеді. «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскер өмірі мен жауынгерлік қызметі туралы әр түрлі жанрда мақалалар жариялайды. Оның бұл қабілетін «Қалқан» газетінің бас редакторы полковник Юрий Фрайденберг пен кейін газеттің басшылығына келген әскери жазушы полковник марқұм Сәдуақас Жұбатов байқайды. Жас талантты әскери басылымның жұмысына тартады. Әскерилердің газетінде тәжірибеден өткізіп, кейін туған өлкесіндегі меншікті тілші лауазымына тағайындайды. Осылай 2001 жылдан бастап кейіпкеріміздің әскери тілшілік қызметі басталады. Жас офицердің еңбегін Ішкі әскерлердің сол кездегі Қолбасшысы генерал-полковник Қайырбек Сүлейменов, бүгінгі кезде Қорғаныс министрі болып отырған генерал-полковник Руслан Жақсылықов және әскердің бас тәлімгері болған марқұм генерал-майор Мұхаметқали Сатов жоғары бағалайды.

 

Бастапқыда лауазымым «әскери тілші» болғанмен, көбіне өзімді өңірлік қолбасшылықтың баспасөз қызметінің басшысы деп таныстыратынмын. Ақпаратты да солай тарата бастадым. Кейін менен марқұм М. Сатов сұрады «Сенің лауазымың қандай?» деп. Мен сол кезде полковник мырзаға «Заманға сай баспасөз қызметі деген атау дұрыс болады» деп ұсыныс айттым. Кейін бүкіл әскерде баспасөз қызметтері пайда болды. Полковник Ерболат Сұлтанов

Заманмен қатар аяқ алып жүру қажеттігін, ақпарат айдынында жол табу керектігін ертеден біліп, соған дер кезінде ұмтылады. Бүгінгі Ұлттық ұландағы ақпараттық жұмыстың бастауында тұрды десек те болады.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығына келген басшылар Ерболат Мерсайынұлының еңбегімен етене таныс. Бүгінде сол сардарлардың барлығы жоғары лауазымдарда отыр. Бұл санатта Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-майор Қайрат Ақтанов, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Абжанов және «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы болған, бүгінде Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары «Халық қаһарманы» генерал-майор Қайрат Үмбетовтерді айтып өтсек болады.

Өмірінде де, шығармашылықта да ұстаз бола білген запастағы полковник Қуаныш Қожахметов, қызметкер Алтай Сиырбаевтардың да кейіпкеріміздің өмірінде алар орны ерекше. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналының бас редакторы болып тағайындалғанда да екі ардагер журналист білгенін аямай, қолдауларын көрсетті. Ал 2022 жылы Полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Ерболат Мерсайынұлына «полковник» жоғары әскери шені кезектен тыс табыс етілді.

Ұлттық ұлан қатарындағы ширек ғасырлық әскери қызметінде лейтенанттан полковникке дейін, құқықтық тәртіп әскерінің өңірлік қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының тілші-ұйымдастырушысынан бастап, Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының ақпараттық-баспа бөлімінің бастығы – «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналының бас редакторына дейінгі лауазымдарды абыроймен атқарып келеді.

Әскери қызметтің озық дәстүрлерін насихаттау және қоғамдық ұйымдармен байланысты нығайту, әскерде болып жатқан маңызды оқиғаларды бұқаралық ақпарат құралдарында уақтылы жариялау мақсатында, «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда», «Вечерняя Астана» республикалық газеттерінде, «Қалқан» ведомстволық газетінде «Сарбаз», «Патриот», «Отанға қызмет етемін», «Ел қорғаны» айдарларында тұрақты негізде материалдар жариялап тұрады. Ұлттық ұланда өтетін іс-шаралар туралы, әскердің тыныс-тіршілігін, өмірі мен жауынгерлік қызметін баяндайтын жазбалары үздіксіз жарияланады.

Ең маңызды оқиғалар «Казахстанская правда», «Егемен Қазақстан», «Литер» газеттерінде, «ҚазАқпарат», «ҚР заңы», «DKNews.kz», «Нұр.КЗ», «Тенгри Ньюс» республикалық сайттарында және «Сақшы», «На страже», «Полиция» ведомстволық басылымдарында жарияланады. 

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

2015 жылы «Әскердегі құқық қорғау және заң қызметін үздік жариялағаны үшін» номинациясы бойынша Қазақстан Республикасы Бас әскери прокуратурасының Құрмет грамотасымен марапатталды. 2017 жылы облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған Батыс Қазақстан облыстық байқауында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» номинациясы бойынша лауреат атанды.

Бас редактордың басшылығымен әскер басылымдарын басып шығару сапасын арттыру мақсатында құқықтық тәртіп әскерінің ведомстволық басылымдары қайта жасақталып, дизайны заман талабына сай жетілдірілді. Баспа және электронды БАҚ аудиториясын кеңейту және имиджін көтеруге бағытталған «Командир көпке үлгі», «Мен – Отан қорғаушымын!», «Ұлттық ұлан аруы», «Әскери отбасы», «Жауынгерлік қызметтен фотосәт» байқаулары тұрақты негізде ұйымдастырылады. Сондай-ақ, әскердің Instagram-дағы «National_guard_kaz» ресми аккаунтына «Ұлт ұланы», «Ұлан news» - жаңалықтар шығарылымы, «Сарбаз сәлемі», «Командир мінбері» –, «Арнайы репортаж», «QalqanTV» сияқты тақырыптық айдарлар енгізілді. 

Полковник Е.М. Сұлтанов әскердегі журналистердің, өңірлік қолбасшылықтардағы баспасөз қызметтері басшыларының тәлімгері, оларға практикалық білім бере отырып, ведомстволық басылымдарды шығару кезінде материалдарды редакциялаумен айналысады, жеке және авторлық мақалаларын жариялайды.

ҚР Ішкі істер министрінің және Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан Құрмет грамотасымен, грамоталармен, белгілермен және бағалы сыйлықтармен марапатталған, 15 медальмен және төсбелгілермен наградталған.

Ұлттық ұланның өмірін жариялаудағы белсенді жұмысы және қызметтегі жоғары көрсеткіштері, Ұлттық ұландағы қызметтің имиджін, ішкі істер органдарындағы қызметтің беделін арттыруға, азаматтардың құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне және құқықтық тәртіп әскерінің әскери қызметшілеріне деген жағымды көзқарасын қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды насихаттау мен жүзеге асыруға елеулі үлес қосып, көп жылдық жемісті жұмысы өз кезегімен жалғасып келеді.

Бүгінде полковник Ерболат Сұлтанов басқаратын редакцияның жұмысы бір минут та тоқтамайды. Редакция құрылымында үш бөлім және әскерлердің баспасөз қызметі бар. Сондай-ақ, бас редактор өңірлік қолбасшылықтардағы және Ұлттық ұлан Академиясындағы баспасөз қызметтеріне басшылық етеді. Баспа және беттеу бөлімшесі, баспасөз қызметі, көңіріп-көбейту бөлімшесі, сондай-ақ видеостудиядан құралған үлкен ұжым бас редактор орынбасарлары подполковник Дарын Сейітов пен капитан Мөлдір Нәлібаеваның жетекшілігімен жемісті жұмыс жүргізуде.

Қызметінде кәсіби маман, отбасында адал жар, аяулы әке болған кейіпкеріміз әлемде теңдесі жоқ, жасанды интеллект алмастыра алмайтын журналист мамандығын таңдаған мыңдаған жастарға үлгі деп білеміз.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -