ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға тұрғын үйді өтеу бойынша қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы хабарлауды жалғастыруда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев су тасқынынан зардап шеккендерге салынып жатқан тұрғын үйлер құрылысының қарқыны мен сапасын тексерді, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысындағы Қаратөбе, Сырым және Теректі аудандарының тұрғындарымен кездесті.
Қаратөбе ауданының Қоржын ауылында «Ақжайық» қоры есебінен 2,8 млрд теңгеге 90 типтік үй салынуда. Тұрғын үйлерді тамыз айында тапсыру жоспарланып отыр.
Сырым ауданының екі ауылында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Өлеңті ауылында «Қазақстан халқына» қоры есебінен 1,1 млрд теңгеге 36 типтік үй салынуда. Жұмыс мамыр айында басталған, жаз соңына аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ қор Жымпиты ауылында 1,3 млрд теңгеге 42 үйдің құрылысын қаржыландырады.
Әрі қарай вице-премьер Теректі ауданы Подстепное ауылындағы мердігерлердің жұмысын тексерді. Мұнда 2,9 млрд теңгеге 105 үйді «Qazaq Stroy» ЖШС демеуші компаниясы салып жатыр. Жұмысты аяқтаудың жоспарланған мерзімі – тамыз айының аяғы.
Вице-премьер тұрғын үй қорын қалпына келтіру қарқынын арттыру үшін Батыс Қазақстан облысына МСҚБ мамандары мен еліміздің басқа өңірлерінен бағалау компаниялары келгенін хабарлады. Сондай-ақ оңтүстік облыстардан жұмыс күші мен техника тартылады. Облыста керекті құрылыс материалдар жеткілікті мөлшерде.
Орал маңындағы Деркөл кентінде 103 типтік үй пайдалануға беріледі. Қанат Бозымбаев құрылыс алаңында болып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын тексерді. Тұрғын үйлер 2,5 млрд теңге сомасына «Ақжайық» қоры есебінен салынуда.
Орал қаласында су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Президенттің тапсырмасымен, су тасқыны салдарынан жалғыз үйі жарамсыз болған отбасылар жаңа баспанамен қамтамасыз етілуде. 648 отбасы қалада жаңа пәтер иелері атанды.
Сондай-ақ Орал қ. саяжай тұрғындарына қала орталығынан пәтерлер беріле бастады. Вице-премьер «Азимут» жаңа тұрғын үй кешенінде баспана кілтін тапсыру рәсіміне қатысты. Бүгінде 15 отбасы пәтер иегері атанды, оның 7-еуі көпбалалы отбасы.
Одан бөлек, Орал қаласында су тасқынынан зардап шеккендерге нарықтағы пәтерлерді сатып алумен қатар, тұрғый үй салу жұмысы да атқарылып жатыр. Қазір Зашаған, Деркөл кенттерінде және Жұлдыз шағын ауданында 450 үйдің құрылысы жүргізілуде.