ТМД елдері жер сілкінісіне төзімді құрылыс саласында күш біріктіруде

5434
Фотосурет: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Алматы қ. ТМД қатысушы мемлекеттерінің сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы базалық ұйымының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Оған ТМД-ның бес елінен келген өкілдер, сондай-ақ Канада, Қытай, Германия және Жапониядан шақырылған мамандар қатысты.

Іс-шара Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының бас директоры Бегман Кульбаевтың төрағалығымен өтті.

Отырыстың ашылуында Бегман Қульбаев сейсмикаға төзімді құрылыс саласында бірыңғай техникалық саясатты әзірлеу және іске асыру бойынша күш-жігерді біріктірудің маңыздылығын айтты. Жақында болған жойқын жер сілкіністерін ескере отырып, халықаралық ынтымақтастық қажет екенін баса айтты.

ТМД қатысушы мемлекеттердің сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы  базалық ұйымының қызметі өңірдегі сейсмикалық қауіпсіздікті жетілдіруде шешуші рөл атқарады. Ұйым отырысының елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту және тәжірибе алмасу үшін стратегиялық маңызы зор.

Отырыс барысында Орталық Азия елдері үшін бірыңғай нормативтік база, ғимараттарды паспорттау тәжірибесі мен сейсмикалық сынақтар туралы, сейсмикалық тәуекелдерді азайту әдістері, халықаралық қауымдастықтардың қызметі және сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы соңғы жетістіктер жайлы баяндамалар ұсынылды.

Өз кезегінде «ҚазҚСҒЗИ » АҚ 2024 жылғы 23 қаңтар мен 4 наурызда Алматы қаласында болған жер сілкіністерінен кейін ғимараттарды жедел зерттеу нәтижелерін ұсынды.

Отырыс аясында мамандарға арналған семинарлар, конференциялар мен тренингтер, сондай-ақ вибродинамикалық сынақтар өткізілді.

ТМД қатысушы мемлекеттердің сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы  базалық ұйымының  мәртебесі 2019 жылы Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтына берілгенін еске саламыз.

Осындай жобаларды ұйымдастыру құрылыс саласының дамуына ықпал етеді. Жойқын жер сілкіністерінің әсерін азайтып, айтарлықтай экономикалық шығындарды болдырмауға көмектеседі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -