Қазақстандағы педагогикалық білім: ерекшеліктері мен болашағы

4807
Фотосурет: primeminister.kz

Алматы қаласына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қызметімен танысты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бүгінде ұстаздар ұстаханасы саналатын оқу орнында 5 институт, 24 кафедра аясында 9 мыңдай студент білім алады. Педагогикалық білім беруді күшейту мақсатында Дүниежүзілік банктің қолдауымен ерте жастағы және ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеуге үйретуге мүмкіндік беретін дидактикалық, әдістемелік жабдықтары бар инклюзия кабинеттері әзірленді. 

Айта кетейік, «Ерте жастағы балаларды дамыту және отбасын зерттеу орталығы» елімізде алғаш рет ашылып отыр. Сондай-ақ мамандар мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтеріне әдістемелік көмек көрсетуде. Вице-премьер бұл бастамаға оң баға беріп, балалармен жұмыс істейтін болашақ мамандарға бұл таптырмас мүмкіндік екенін атап өтті.

Университетке тиесілі 3 оқу корпусы 5 мың орынға шақталған. Сондықтан инфрақұрылымды кеңейту мәселесі өзекті болып отыр. Биыл оқу орны ауданы 12 мың шаршы метрден асатын жаңа ғимаратты иемденіп отыр, онда гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары, физика, математика және цифрлық технологиялар институттары жұмыс істейтін болады.

Тамара Дүйсенова университеттің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесіп, онда саланың өзекті мәселелері талқыланды. Білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттерін іске асырудағы мұғалімдердің рөліне ерекше назар аударылды.

«Бізде жыл сайын 400 мың бала дүниеге келеді. Есепке сүйенсек, 2030 жылдан кейін еңбек нарығында 2003 жылдан бері дүниеге келгендердің үлесі басым болады. Сондықтан ертеңгі күні еліміздің дамуына жұмыс істейтін азаматтардың қалыптасуына білікті педагогтердің тәлімі ауадай қажет. Бұл – егемендіктің сақталуына кепіл болатын фактор» Тамара Дүйсенова

Биыл Қыздар педагогикалық университетінің құрылғанына 80 жыл толмақ. Ұстаздар ұстаханасы атанған іргелі оқу орнының бұл белесін ел көлемінде атап өту жоспарланған. Тамара Дүйсенова осы бастаманы қолдайтынын жеткізді. Бұл ретте ұйымдастырылатын шаралар педагогика саласының осы жылдар арасында қандай өзгерістерге тап болғаны, бүгінгінің ұстазы қандай болуы керек екеніне мән беретін танымдық сипатта өтуі керектігіне тоқталды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -