Қазақстан мен Қытай мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту жөніндегі қадамдарды келісті

5192
Фотосурет: ҚР МАМ баспасөз қызметі

Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Кездесу барысында екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Аида Балаева Төраға Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапары және оның ШЫҰ Мемлекеттер басшылары кеңесінің Саммитіне қатысуы елдер арасындағы екіжақты қарым-қатынасқа жаңа серпін беретінін атап өтті. Сондай-ақ Қытай тарапын Астанадағы Қытай мәдени орталығының сәтті тіркелуімен құттықтады.

«Қазақстан мен Қытай үшін мәдени орталықтардың ашылуы айтулы оқиға болатындығын айта кету маңызды. Осы бағыттағы өзара байланыс болашақта тек қарқынды түрде дамып, екі ел халқы үшін оң нәтиже береді. Бұл мәдени алаң халықтарымыздың бір-біріне жақын болуына мүмкіндік береді деп сенемін» Аида Балаева

Сондай-ақ кездесу барысында Аида Балаева ҚР МАМ-ның архив саласында, Қытайдағы Қазақстанға қатысты тарихи құжаттар мен жәдігерлерді қайтару бойынша ынтымақтаса жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті.

Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрі бірлесе қызмет етуге әзір екенін жеткізіп, бағдарлама бойынша келіскеннен кейін Қытай тарапы дереу жұмысқа кірісіп, тиісті органдарға құжаттар тапсыратынын баса айтты.

«Елдеріміздің мәдени ынтымақтастығы халықтарымыз арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуда шешуші рөл атқарады. Біз бірлескен мәдени жобалар мен бастамалардың үлкен әлеуетін көріп отырмыз» Сунь Ели

Кездесу соңында тараптар бүгінгі басқосу елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуға тағы бір қадам болатынына сенім білдірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -