Құрлық әскерлерінің әскери институтын офицерлердің кезекті легі бітіріп шықты

4763
Фотосурет: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Әскери оқу орнының түлектеріне диплом тапсыру рәсімі Алматы қаласындағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Биыл 142 жас офицер диплом алып, Қарулы күштердің қатарын толықтырды. Оның ішінде бір лейтенант оқуды үздік дипломмен аяқтады. Түлектер арасында Тәжікстанның бір өкілі бар.

Іс-шараға Қарулы күштердің, Құрлық әскерлерінің басшылығы, ардагерлер, жас лейтенанттардың ата-аналары мен жақындары қатысты.

Түлектерді Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов құттықтады.

 – Аты аңызға айналған оқу орнының қабырғасында өткізген төрт жыл әскери киімнің абыройын сақтауға, әскери ант пен жауынгерлік бауырластық заңдарына адал болуға үйретті. Бүгінгі таңда жас офицерлер қатарында жоғары дәрежелі мамандар ғана емес, Отанымыздың нағыз патриоттары да бар деп сеніммен айта аламын, – деп атап өтті ол.

Түлектер атынан оқу үздігі лейтенант Ердәулет Жәнібек сөз сөйледі.

– Міне, біздің оқуымыз аяқталды. Мұнда әскери іс, тактикалық шеберлік, ұрыс қимылдарын жүргізу өнерін үйрендік. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Қарулы күштердегі қызметтің жаңа кезеңі басталады. Алған білімімізді қызметте қолдана отырып, елдің қорғаныс қабілетін нығайту үшін жұмыс істейтін боламыз, – деді.

Салтанатты шара түлектердің Жауынгерлік тумен қоштасу рәсімімен және дәстүрлі офицерлер вальсімен аяқталды. Қонақтарға қару-жарақпен саптық тәсілдер және әскери оркестрдің дефилесі көрсетілді.

Осы салтанатты күні түлектердің бірі лейтенант Мағжан Төлепов өзінің сүйіктісі Эльданаға шаңырақ көтеру туралы ұсыныс жасады.

Айта кету керек, биыл мемлекеттік емтихандарды тапсыру алдында алғаш рет 2024 жылғы түлектер «Сардар» бақылау-кешенді курсынан өтті. Бұл болашақ офицерлерді даярлау жүйесіндегі жаңа жоба. Курстық дайындық барысында институттың командалық және оқытушылық құрамынан іріктелген жоғары кәсіби мамандар болашақ командирлерге шешім қабылдау тәртібін, жауынгерлік міндеттерді қоюды, жағдайды бағалау мен өзара әрекеттесуді ұйымдастыруды үйретті.

Құрлық әскерлерінің әскери институтында еліміздің Қарулы күштері, басқа да әскерлері, әскери құралымдары және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің әскерлері үшін офицер кадрлар даярланады. Оқу он бес мамандық бойынша жүргізіледі.

Күні бүгінге дейін институт қабырғасында 18 мыңнан астам офицер дайындалды. Олар қазіргі уақытта Қазақстан мен ТМД елдері қарулы күштерінде қызмет өткеруде. Көптеген түлектер ірі әскери бірлестіктер мен құрамаларды басқарады, жоғары әскери атақтар мен үкіметтік наградаларға ие болғандар бар.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -