Қазақстанда инва-купе санын арттыру бойынша жұмыс жалғасуда

2651
Фотосурет: «Қазақстан теміржолшысы»/ rail-news.kz

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы вагондардың қатары ұлғайтылып жатыр, деп хабарлайды DKnews.kz.

Ерекше қажеттілігі бар адамдардың жайлы жол жүруі үшін биыл тағы 14 вагон сатып алу жоспарланған. Оның жетеуі бүгінгі таңда пайдалануға берілген. Жолаушылар вагондары жаңартылған сайын инва-купе саны да артып келеді. Осы ретте ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін теміржол вагондарын жаңарту бойынша жүйелі жұмыс жалғасып жатқанын айта кеткен орынды. Мәселен, жаңа вагондар «Қызылорда – Семей», «Павлодар – Түркістан», «Ақтау – Ақтөбе» бағыттарында белсенді қолданылып келеді.

Айта кетерлігі, өткен жылы арнайы орындары бар 11 инва-купе сатып алынды. Жалпы еліміз бойынша мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған арнайы вагондары бар 110 құрам қатынайды. Жеке тасымалдаушылар тарапынан тағы үш жаңа бағыт бойынша арнайы вагондар берілмек. 

Жаңа вагондар – сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетін отандық өнім. Яғни, вагондардағы купе алаңы ұлғайтылып, арнайы көтергіш механизмдер орнатылған, жолсеріктерді шақыру түймелерімен қайта жабдықталған.

Естеріңізге сала кетейік, көлік саласына жауапты министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп инватакси санын арттыру бойынша да жұмысты жалғастырып жатыр. Өңірлерде жалпы автопаркі 760-қа жуық мамандандырылған машинадан құралған 119 инватакси қызметі жұмыс істейді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -