Домбыра мен қазақ: егіз ұғымның мәні

8294
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі
Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуға тиіс Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев

Бүгін елімізде Ұлттық домбыра күні, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бұл мереке Тұңғыш Президенттің бастамасымен алғаш рет 2018 жылдың 13 маусымынан бастап ресми түрде аталып өтіледі.

Домбыра тарихы тереңде. Ғалымдардың дерегіне сүйенсек, ең алғаш ежелгі түрік дәуірінде пайда болған деген дерек бар. Мұндай болжамды зерттеушілер IV-V ғасырдан сыр шертетін балбал тастарға қашалып салынған бейнелерге сүйеніп айтып отыр. Музыка зерттеушісі Мұрат Әбуғазының «Қазақтың домбыра өнерінің тарихы» кітапбында Жарғалан Қайржан жотасында үңгірден табылған мына суретті домбыраға ұқсатқан. Аспаптың мойнында «Жұпар күй әуені бізді сүйіспеншілікке бөлейді» деп жазылған дейді. Мұны түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы неміс ғалымы Петр Саймның зерттеуінен аударған.

Қазақ пен домбыра егіз ұғым. Төрткүл дүниеге танылған ұлтымыздың ұлттық құндылығының маңызы зор. Оны өскелең ұрпаққа қаз қалпында жеткізу, насихаттау бүгінгі Сіз бен біздің парыз! Ел үшін, Отан үшін жанын қиған кешегі батырларымыз бен дәстүрін дәріптеп, салтын сақтаған ақындарымыз, жазушыларымыз да домбыраны ерекше қадір тұтқан. Бір ғана күймен, елдің әл-ауқатын, мұң-зарын жеткізе білді.

Домбыра ғана біліпті,

Қазақтың барлық қайғысын.

Домбыра ғана ұғыпты,

Ананың зарын ел –мұңын.

Ішіне бәрін тығыпты,

Тыңдап көр мұны сен бүгін, - деп қазақтың қарт аспабы туралы Сұлтанмахмұт Торайғыров осылай жырлаған екен. Көне заманнан бері күмбірлеген қара домбыраның үні батырларымызға рух, ақын-жырауларымызға шабыт берген.

Ұлттық домбыра күні биыл алтыншы жыл қатарынан республика көлемінде тойлануда. Оңтүстік астананың Алатау бөктерінде қоныс тепкен Ұлттық ұлан жауынгерлері де мерекені жоғары деңгейде атап өтуде. Осыған орай алып мегеполистің қоғамдық тәртібін қамтамасыз ететін 5571 әскери бөлімінде сарбаздар арасында «Күй күмбірі» атты шағын жарыс ұйымдастырылды. Аталған шараның мақсаты – ұлттық құндылығымыздың мәртебесін көтеру, насихаттау.

Мерекелік шараға қатысқан сарбаздар ұлттық аспабымыздың тарихы жайында әңгімеледі. Артынша, өнерлі ұландық сарбаздар жарыса күмбірлетіп, қазақтың қара домбырасының құлағында ойнады. «Балбырауын», «Ерке сылқым», «Сарыарқа», «Адай» сынды кеңінен танымал күйлер шертілді. Әсіресе материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасының сарбазы қатардағы жауынгер Данил Отт ерекше көзге түсті. Шешен ұлтының өкілі болса да, қазақтың ұлттық құндылығы домбыраға деген құрметінің ерекше екеніне тәнті болдық. Ол Отан алдындағы борышын өтеу үшін Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылынан әскерге шақырылған. Азаматтық борышын өтеп жүргеніне де 7 айдан асыпты.

Ұландық сарбаз мерекені тілге тиек ете отырып, әскердегі тәрбие беріп жатқан командирлеріне алғысын білдірді.

Мен алғаш әскерге келгенде, ең алдымен анамның қадірін жақсы түсіндім. Мені осы уақытқа дейін тәрбиелеп өсіргені үшін анама шексіз алғысымды білдіремін. Анаммен кездесер күнді асыға күтудемін. Әскерге келгелі, алдымен әдеп пен тәртіпті үйрендім. Мойныма артылған жауапкершілікті жете түсіндім. Әскери тәртіп менің азамат ретінде толық қалыптасуыма мүмкіндік беріп жатыр. Алғаш әскер қатарына қабылданған сәтіммен қазіргі кезімді салыстырмалы түрде саралайтын болсам, өзімнен үлкен өзгерістер байқалады. Әскери тәртіпке үйретіп, осы салада бағыт-бағдар беріп жүрген командирлеріме де алғысым шексіз. Ал мен домбыра шертуді бала күнімнен жақсы көремін. Мектепте оқып жүрген шағымда, қатарластырыммен түрлі жарыстарға қатысатынбыз, қызығушылығым содан басталды Данил домбыраға қалай әуес болғанын айтты

Іс-шара соңында 5571 әскери бөлімінің командирі полковник Мақсат Баймағұлов сахна төріне көтеріліп, шараға қатысқан сарбаздарға өз ризашылығын білдіріп алғысын жеткізді.

Домбыра – ел мәдениетінің айқын көрінісі, көне жәдігері болып саналады. Қасиетті музыкалық аспаптың қай заманда болмасын құндылығын жоғалтпауымыз керек. Біздің ұжымнан да өнерлі әскери қызметшілердің шығып жатқанына риза болып отырмын. Шараға қатысқан барлық сарбаздарға алғыс білдіремін Бригада командирі полковник Мақсат Баймағұлов

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра». Дәл осы қанатты сөз қазақ халқының бүкіл болмысын ашып тұрғандай. Төрткүл дүниеге танылған домбырамыздың мәртебесі асқақтай берсін!

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -