Қазақстан алғаш рет IBO-2024 беделді халықаралық олимпиадасын өткізуде

9174
Фотосурет: t.me/oqu_agartu

Астана қаласында оқушылар арасындағы IBO-2024 биологиядан халықаралық ең беделді олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Оған ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, IBO халықаралық комитетінің төрағасы Ленка Либусова арнайы қатысты.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ғани Бейсембаев халықаралық олимпиаданың біздің елімізде өткізілуі аса маңызды екенін атап өтті. Биологиядан халықаралық олимпиада алғаш рет 34 жыл бұрын өткізілді, оған ол кезде тек 6 ел қатысқан. Ал бүгін ел астанасында 81 мемлекеттің командалары жиналды.

«Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлы осыдан бір жарым ғасыр бұрын: «Адамның күші оның ойы мен білімінде жатыр», — деген. Осы сөздің бүгінгі күні де өзекті екеніне күмән жоқ. Сіздердің көпшілігіңіз болашақта белгілі биолог атанып, мыңжылдықтың орасан зор жаңалықтарын ашасыздар деп сенемін. Осы Олимпиада әрқайсыңыз үшін мамандық таңдаудың, әлемдік ғылымның игілігі үшін елеулі жетістіктерге жетудің маңызды кезеңіне айналатынына сенімдімін. Олимпиада Сіздерге Қазақстанмен танысып, біздің салт-дәстүріміз, қонақжайлығымыз бен достығымыздан ұмытылмас әсер қалдырады деп ойлаймын» Ғани Бейсембаев

International Biology Olympiad әлемдегі  ТОП-7 халықаралық олимпиаданың бірі. Биылғы жылы білім додасына әлемнің 81 елінен 305 жас биолог пен 275 ғалым қатысуда. Қазақстандық оқушылар 28 жылдан бері аталмыш додада ел намысын қолдан бермей келеді, осы жылдар ішінде 70-тен аса марапатқа ие болдық.  Ұйымдастыру комитетінің биылғы олимпиаданы Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылдауына да біздің оқушыларымыздың жетістіктері себеп болды.

Қатысушылар тек зияткерлік сайысқа ғана қатысып қоймай, сондай-ақ, елорданың көрікті жерлерін, Қазақстанның інжу-маржаны — Бурабайды аралайды, еліміздің тарихымен, өнерімен танысады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -