17974
Фотосурет: Ұлттық ұлан

«Әке – асқар тау», «Әкенің тәрбиесі – мың мектепке тең» дейтін халқымыздың нақыл сөздері қалайша дәл айтылған деп таңдай қағатынымыз бар.

Перзенттерінің қамын ойлай, қылығына тоймай уақытпен санаспай еңбек етеді. Сондай бір өнегелі әкелердің бірі – Ахметов Анарбай Ахметұлы. Дүниеден өткеніне биыл екі жыл толуына орай жақындары шығармашылық еңбек жинақтап жатыр екен. Біз де ұл-қыздарының естеліктерімен аталмыш өмірбаяндық еңбекті толықтырғанды жөн көрдік.

«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген екен қазақтың төбе биі Төле би Әлібекұлы. Анарбай Ахметұлының бесінші перзенті Дәулет Анарбайұлы әкесінің өз өмірінде алатын орны туралы  былай деп сыр шертеді:

«Әлі есімде, әкем күнде жұмыста. Жұмыс уақыты күнделікті тәртіппен шектелмейді. Совхоз директорының орынбасары, күнделікті жиналыстардан бөлек, мақта алқабына шығып шаруалармен бірге егін-терім жұмыстарына қатысады. Біз бала ретінде оның еңбексүйгіштігін көріп өстік. Анамыз да оған үлкен қолдау көрсететін. Уақыт тауып біздің тәрбиемізбен айналысты. Ата-анамыз үйде болған кештерде барлығымыз отбасымызбен бірге отырып, ақ дастархан басына жиналамыз. Сонда әкем дастархан басында балаларына барынша ақылын айтуға тырысатын. Адал болуды, біреудің ала жібін аттамауды, білімді болуға, еңбек етуге үйретіп отыратын. Қазір ойлап отырсам, әкеміз өз жұмысына берілгені соңшалық отбасына арнаған уақытын тек ізгілікті сөздер мен істерге арнағысы келген екен. Сондықтан бірінші кезекте балаларына өзі үлгі болуды мақсат тұтты. Үйде әкеміз ешкімді жамандамайтын, сын пікірлер, бос сөз айтпайтын. Ашуланғанын да көргеніміз жоқ. Біріншіден, ол әкемнің жоғары ішкі мәдениеті болса, екінші жағынан үйдегі бізді жақсы қырынан тәрбиелегісі келген ізгі ниеті еді. Біз осы тәрбиесі үшін әкеміздің алдында қарыздармыз. Балалық шағымыз түсіністік пен жылулық орнаған ортада өткені үшін ата-анамызға алғысымыз шексіз.

Мен бала кезден әкеме қарап бой түзедім. Үлкендердің айтуынша әкемнің шляпасын басыма, костюмді үстіме киіп қолыма қара папканы ұстап көшеге шығады екенмін. Бала үйінде не көрсе, соны үлгі тұтады емес пе? Мен де «өскенде әкем секілді бастық боламын» деп айтады екенмін және оны алдыма мақсат етіп қойдым. Сондықтан, мектепті аяқтаған сәтте әкемнің ақылына жүгіндім. Сонда айтқаны әлі есімде: «Балам өзің көріп тұрғандай заман оңай емес, жаңа ел құрып келеміз. Заман аумалы-төкпелі. Мемлекет дәрігерлерді, мұғалімдерді және әскери қызметшілерді тастамайды. Сенен дәрігер шығу-шықпауы екі талай, бірақ әскери адам болуға қабілетің бар. Сондықтан, әскери оқу орнына түс» деп ақылын айтты. Мен де Алматы қаласындағы жоғары әскери оқу орнынан квота алып, Ташкенттегі әскери училищеге оқуға түстім. Оның үстіне, ауылдың іргесінде әскери бөлім болатын. Онда жас офицерлер көп еді. Тіпті, әскери бөлім командирі де әкем үшін жас жігіт еді. Сол кезде: «Қарашы, жас жігіттер бір әскери бөлімді басқарып жүр. Қандай өжет, жауапкершілігі мол жігіттер» деп маған үлгі ететін. Мен де әкемнің сөзін жерге қалдырмай, айтқанын екі етпейтінмін.  Бірінші курс басталмай тұрып, жас жауынгерлер курсында әкем екеуміздің арасында үлкен әңгіме болды. Мен әскери тәртіпке көнгім келмей, азаматтық оқу орнына бару туралы ойымды жеткіздім. Сонда әкем «алдымен әскери ант қабылда, содан кейін көреміз» деп сөзін айтты. Мен әскери антты қабылдадым, содан кейін әкемнен алдағы тағдырым не болатынын, қайда баратынымды сұрағанда әкем «біріншіден, офицер болу - үлкен абырой, онымен қоса, үлкен жауапкершілік» деп, маған осы саланы әрі қарай жалғастыруға кеңес берді. Балалықпен жолдан адасуым мүмкін еді. Тек, әкемнің даналығының арқасында осы жолды өмірлік серігім еттім. Бұл да әкемнің менің өмірімдегі оң өзгерістеріне қосқан мыңнан бір үлесі. Алматыда үлкен мектептен өткеннен кейін мені елордадағы жаңа қызметке шақырды».

Бүгінде Дәулет Анарбайұлы – полковник. Қазақстан Республикасы Бюджеттік-қаржы қызметінің бастығы. Аталған мекемеде қатардағы жауынгерден бастап, қол бастаған генералдарға дейін өз нәпақасын табады. Барша ұландықтардың қаржылық қорғалуы Ұлттық ұланның бас бухгалтеріне байланысты. Әр әскери қызметшінің артында отбасы тұрғанын есептесек, мыңдаған адамның әл-ауқаты Анарбай ақсақалдың бесінші перзентінің қызметіне қарап тұр.

Әке жолын қуған ер атадан жалғасқан сара жолды сәтімен жалғастырып келеді.

Гауһар Анарбайқызы үйдің тұңғышы болғаннан кейін бе, әкесін тек еңбекқор адам ретінде емес, отбасын сүйетін жан ретінде сипаттайды:

«Әкемді ойласам ойыма бірден қызғалдақтар келеді. Әр көктем әкеміз өзінің алғаш көлігі «хамерге» отырғызып алып, қызғалдақ теруге алып барушы еді. Ол кезде әлі ешқандай тиым жоқ. Біз жыл сайын баратынбыз, біздің әулетке бұл кішігірім дәстүрге айналғандай. Ал әр жаз Ташкентті аралаумен өтетін. Жастық шақтың осы бір сәттері бәріміздің жадымызда ерекше сезім ретінде сақталып қалды.

Біздің балалық шақ дифицит кездермен тұспа-тұс болды. Қазіргідей еш қиындықсыз лагерь, санаторияға бара алмайсың. Бірақ әкемнің арқасында, әкемнің еңбекқорлығының арқасында мен жылда санаторияда ем қабылдап, лагерьде демалатынмын. Тіпті Мәскеуде де болып қайттым. Сондағысы әкем үкіметтің қай жұмысы болса да, бірін қалдырмай істеуші еді. Есімде бары шредрде, колхоз ленинде, бензоводта, жылыжайда істегені, облыстарға жеміс тасығаны, ал есімізде жоғы қанша. Ешқашан құр қол отырмаған екен. Осының арқасында біздер жоғары оқу орнын тәмамдап, әрқайсымыз бір-бір кәсіп иесі болып отырмыз.

Әкемді көптен ерекшелейтін тағы бір қасиеті қонақжайлығында. Кімсің, қаншасың демейді, бәрін бірдей қарсы алатын, дастарханға барын жайып, қонақтың асты-үстіне түсуші еді. Жастайымыздан әкеміздің осындай қонақжайлығын, бауырларына деген қамқорлығын, әке-шешесіне деген сыйластығын көріп өстік»,-дейді ол.

 «Әкеміз өте дана адам болатын. Еңбекқор болып қана қоймай, сол еңбекке бізді де баулыды. Әкем аулаға жылыжай салған. Сол жылыжайда бірге гүл егетінбіз. Әлі есімде, таңның атысы, кештің батысы жылыжайдан шықпайтын. Гүлдерді егіп, оларды өсіріп, сатуға дайындаушы еді. Мен әкеммен қара жұмысты бірге істейтінмін. Сонда әкем үнемі оңай жерде ақша жоқ екенін айтып, гүлдерді қалай өсіретінін, оны қалай сату керек, бәрін-бәрін ежіктеп түсіндіріп беруші еді. Аптасына бір, не үш күнде бір келіп жұмысымызды қадағалап тұратын. Қазір ойласам, осы жұмыстардың, әкемнің жіктеп түсіндіруінің арқасында үлкен өмірге сенімді қадам басқандаймын.

Әкем тек еңбекке баулып қана қойған жоқ. Ата-анамыз бір-бірімізге мейіріммен, қамқорлықпен қарауды үйретті. Әрқайсың мен үшін бір төбе деп, барлығымызды ерекше тұлға санап өсірді. Осындай ата-анадан тәрбие алған бізде арман жоқ шығар. Мен осы әулетте дүниеге келгеніме қуанамын, мәртебе тұтамын»,- дейді тағы бір қызы Айсұлу.

Үшінші қызы Ұлбосын былай деп әкесін есіне алады. «Мен әулеттегі үшінші қызбын. Менен кейін 3 ұл бар, үлкен жанұямыз. Әкеміздің жанұясына деген үлкен мақсаты бар еді, балалардың бәрін оқытсам деген. Сол мақсатына жетті деп ойлаймын, себебі бәрімізді оқуға түсірді, ұлдары әскери оқуға түсті. Ұлдардың әскери қызметке орналасуы әкемізге үлкен мақтаныш болды. Ұлдары сенімін ақтады. Қыздар да, түскен оқуымызды ойдағыдай ақтады. Оқыған мамандығымыз бойынша жұмыс істедік, солай десек те, әкемізге тартып бәріміз кәсіпке кетіп қалдық. Әкемізден келген қан ғой деп қоямыз арасында. Әкеміз бір емес үш дипломды маман дейді ғой, жас кезімізде түсінбейтінбіз оны. Өте білімді кісі болатын, сол білімін бізге бере алды деп ойлаймын. Оқу мен қатар кәсіпті де қатар алып жүрді. Етіміздің тірілігі осы әкеміздің қаны деп қоямыз. Жастық шақтағы ең есте қалған, әр жаз сайын міндетті түрде бізді лагерьге жіберуге тырысатын, қыдыртатын. Сонда бір қыдыртып жүргенде айтқаны бар «басқа-басқа осы мен кетсем сендердің естеріңде осы қыдыртқаным ғана қалады, басқа есте қалмаса да, папам мені осында алып келді, папам осында алып барды деп айтып жүресіңдер» дейтін. Ол кезде енді түсіне бермейтінбіз ол сөздерді. Қазір өзіміз бала-шағаны қыдыртып жүріп айтам, ұрысып, күліп тәрбие бересің, бірақ тек  қуанышты сәттер есте қалады деген».

1962 жыл өз қиындығымен келді. Әкесі Ахмет отбасынан жырақта болып, үйдің тіршілігі толығымен 10 сынып оқушысы Анарбай ағамызға өтті. Ол жастығына қарамастан отбасына қамқор болды. Мектеп бітіріп, химиядан сабақ берді. Ташкентте банкте инкасатор болып күндіз істеп, түнде сырттай оқитын. Жұмыс істеп жүріп, оқуын да оқып, отбасына да басшылық етті.  Ол кезде бауырлары да кішкентай. Барлығына қарайласып жүретін. 8-сыныпты бітіріп, колхозға жұмыс істеуге кетеді. 2 жыл қатарынан жұмыс істеп жүріп оқуын оқып,  қарындастарын учетный кредитке оқуға жіберді.  Өзі Шредр институтында лаборант болып жұмыс істеген. 1968 жылы Зәуре Оразбайқызымен отбасын құрды. Өз қаржысына өз тойын жасады. Колхозда жұмыс істеп, інілері  Ырысбек пен Жолдасты да оқуға түсірді. Кейін бәрі отбасылы болып кетті.

Үлкен ұлы Қайрат та әскери саланы таңдап, Мемлекеттік күзет қызметінің полковнигі ретінде құрметті еңбек демалысына шықты. Кенже ұлы Асан қара шаңырақтың иесі былай деп естеліктерімен бөліседі.

«Әкеміз туралы айтатын сөз көп.  Әкеміз қайтқанына да біраз болып қалыпты.  Әкем өзі қандай үлкен болса, жүрегі де сондай кең болған. Елде жоқ кезде бізді велосипедпен алып жүруші еді ғой. Еңбекке үйретті. Сұсты болды. Бізге бір сөйлесе қуанып қалушы едік. Бастық болып істеді, сол кезде шляпасы, галстуктары болушы еді. Әлі есімде, тыржалаңаш басыма шляпа, галстук тағып алып жүруші едім әкеме ұқсаймын деп. Бірақ менің оқуға ынтам болмады, ерке өскеннен бе, білмеймін. Бала кезде көрген жақсылықтарым көп. Үйлерді өзі салған ғой.  Еңбекқор өте, мен бастықпын деп мұрын шүйіру жоқ еді, кез келген жұмысты істеп кете беретін. Кішкентай кезімде маған төрт қой алып берген. 4 қойды 25 қой қылған. Кейін бәрімізді үйлі-жайлы етіп, оқуға түсіртті ғой. Менің дипломым бар, есепші мамандығында оқығанмын. Бірақ оқуға ынтам да қызығушылығым да болмады. Оны істей алмаймын. Мен техникаға қызықтым. Мені автобусқа қызығады ғой деп, 55 адамдық автобус алып берген. Сол автобусты 14 жыл жүргізіппін. Әке балаға елу жыл азық деген осы шығар. Ортаның адамы еді әкеміз. Тіл байлығы мықты еді, жүрегі түкті еді. Үйде азық-түлік деген қап қабымен тұрушы еді. Шешеміз соны жасырын менен жан жақа беріп жүруші еді. Ол кезде дым білмейміз, түсінбейміз ғой. Сөйтсем жасырын садақасы екен ғой анамның. Мен бала кезде естіп жүрген қиын жылдар болды деп жатады ғой, қай жылдар десем тоқсаныншы жылдар дейді. Біз енді 1978 жылдары одан бұрын туылған адамдармыз ғой. Қайта 1992 жылы қиыншылық көріп жатқанда, бізде иномаркалар болушы еді. Айтсам мақтанғандай болармын, бірақ барлығы елге аян. Ауылда ұн тапшылығы болған кезде диірмендер болушы еді. Сол ауылда ұн тапшылығы болып жатыр деп үлкен диірмен саламын деп аппараттарын алып келіп қойған еді. Әкемнен маған дарығаны сауда болды. Саудаға ебім бар. Сол үшін де әкеме алғысым шексіз»

 

Барлығы өмірден өз орындарын тапты. Анарбай ақсақал жан жары Зәуре Оразбайқызы екеуі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған үлгілі жанұя құрып, қырық жыл тату-тәтті өмір кешті. Көп немере мен шөбере көрді. Өкінішке қарай, шаңырақ иесі екі жыл бұрын дүние салған. Ұл-қыздары әкелерін ұмытпай, мәңгілік жүректерінде сақтайды.

Иә, өмір шыдамдыларды ұнатады, ерінбей еңбек еткендерді шың басына шығарады. Жетістікке жетудің бірден бір жолы – ұзақ  уақыт бойы халыққа қалтқысыз, еліне елеулі  қызмет ету екені - өмір дәлелдеген аксиома. Күнделікті тірнектеген жанкешті еңбек, адам баласына аяулы сезімі тоқырамайтын риясыз жүрек, ізденістен жалықпас нұрлы ақыл ғана адам баласын рухани өсуге, биік межеге жеткізеді.  Отбасына деген сүйіспеншілігі, балаларына деген әкелік жылуы, қамқорлығы және өзінің тумасынан қалыптасқан азаматтық һәм адами қасиеттерінің арқасында ұрпақтарына жақсы тәрбие берді. Бақыт деген  білген жан үшін осы емес пе? Әкеге тән мәрттік деген осы емес пе, ағайын! Ондай болса, ұрпақтарының болашағы үшін ерінбей еңбек еткен Анарбай Ахметовтың өмір жолы, әулеттің ғибратты ғұмыры осы сөзіміздің дәлелі. Асқар таудай әкеміздің иманы саламат, жатқан жері пейіш болсын!

Подполковник Дарын СЕЙІТОВ

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -