LVAD HeartMate 3 жасанды құрылғысын имплантациялау: UMC Жүрек Орталығының 10 жылдық тәжірибесі

7282
Фотосурет: University Medical Center баспасөз қызметі

LVAD HeartMate 3 (left ventricular assist device) - қан айналымына механикалық қолдау көрсететін жүректің сол жақ қарыншасының көмекші құрылғысы. Құрылғы сорғы рөлін орындау үшін ашық жүрек операциясымен имплантацияланады, осылайша жүрекке қанды тиімді шығаруға және бүкіл денені оттегімен қанықтыруға көмектеседі. Құрылғы кабель арқылы сыртқы басқару жүйесіне және мезгіл-мезгіл зарядталатын батареяларға қосылады.

Бұл құрылғыны имплантациялау бойынша алғашқы операцияны UMC Жүрек Орталығының командасы 2014 жылы жасады. Орталық әлемдегі ең озық бес медициналық клиниканы қамтитын халықаралық клиникалық сынаққа енгізілді. Қазақстанда HeartMate 3 алғашқы имплантациясы Жүрек Орталығында өтті. Команда клиникалық сынақтардан бірінші болып сәтті өтіп, тәжірибені жалғастырды, бұл Орталыққа жүрекке күрделі ооталар жасайтын әлемдегі ең үздік 22 клиниканың қатарына кіруге мүмкіндік берді. Содан бері бұл құрылғы біздің елімізде жүрек ауруының ауыр түрлерімен ауыратын 500-ден астам пациенттің «жүрек досына» айналды.

«Бұл бағдарламаның бір бөлігі болып, жүрек жеткіліксіздігінің соңғы сатысындағы пациенттерге көмектесу біз үшін үлкен мәртебе. Бұл құрылғыны имплантациялау – адам өмірін сақтау және ұзарту үшін жасалған адамның таланты мен ақыл-ойының туындысы. Сондықтан, біз үшін бағдарламаның 10 жылдығы маңызды оқиға» University Medical Center Басқарма төрағасы Юрий Пя

Статистикаға сәйкес, жүрек-қан тамырлары аурулары әлемдегі өлімнің ең көп тараған себебі. Қазақстанда жүрек ауруларын уақтылы диагностикалау және алдын алу мәселесі бүгінге дейін өзекті болып отыр. Жүрек жеткіліксіздігінің өршіген түрлерінде пациенттерге донорлық органды трансплантациялау қажет болуы мүмкін. Алайда, қайтыс болғаннан кейінгі донорлық пен халықтың оған дайындығының төмен деңгейі пациенттерді аман алып қалу үшін басқа шешім іздеуді талап етеді. Осындай шешімдердің бірі - LVAD HeartMate 3 құрылғысы, ол көбінесе «трансплантацияға көпір» деп аталады, өйткені ол пациенттердің өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартуға көмектеседі.

«Қазіргі уақытта клиникада донорлық жүрек трансплантациясы жасалған 94 пациенттің 46%-ы қан айналымын механикалық қолдауда болды. Осылайша, құрылғы оларға отаны күтуге көмектесті. Бүгінде біз Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен кардиолог әріптестерімізбен созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бойынша бағдарламаны дамытудамыз, пациенттерді іріктеу бойынша оқыту жүргізіп жатырмыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жүрек жеткіліксіздігінің терминалдық деңгейіндегі 400-ге жуық пациент ресми түрде анықталды» UMC Басқарма төрағасының орынбасары Махаббат Бекбосынова

«Біздің қызметтің жұмысы LVAD құрылғысын имплантациялағаннан кейін пациенттердің жағдайын үнемі бақылаумен байланысты. Біз процедура, оңалту нюанстары туралы егжей-тегжейлі айтып береміз, сонымен қатар пациенттердің туыстарына күтім, асқынулар туралы хабарлаймыз. Операциядан кейін пациенттер мезгіл-мезгіл жоспарлы тексерулерден өтіп, анализ тапсырып отырады. Сондай-ақ, «Heart Center Foundation» қорының қолдауымен пациенттердің жағдайын қашықтан бақылауға көмектесетін Amandyq ұялы қосымшасы әзірленіп, енгізілді»  LVAD қызметінің жетекшісі Наиль Хисамутдинов

Көп жылдық тәжірибе клиникада жергілікті және шетелдік әріптестерге тәжірибе, білім беру және қолжетімді медициналық көмекті дамыту үшін шеберлік сыныптары мен тренингтер өткізуге мүмкіндік береді. Технология UMC Шымкент Жүрек орталығында, Алматы қ. Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-де, Тараз қ. Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығында сәтті қолданылуда. Қазақстан азаматтары үшін құрылғыны имплантациялау мемлекеттік квота шеңберінде тегін жүргізіледі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -