Әскери қыздар алғаш рет қоян-қолтық ұрыстан күш сынасты

3300
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Ұлттық ұланның астаналық жедел бригадасының әскери қызметшілері Петропавл қаласында өткен қоян-қолтық ұрыс жарысынан олжалы оралды.

Белгілі спортшы Азамат Нұрпейісовты еске алуға арналған бұл турнирге алғаш рет әйел әскери қызметшілер де қатысты.

 Екі күнге созылған қоян-қолтық ұрыста ерлермен қатар, әскердің жеті құрамасынан келген 19 нәзік жанды спортшы өнер көрсетті. Әйелдер арасындағы жеке есепте 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қатардағы Әнел Стамбекова І орынды иеленді. Бойжеткен бұған дейін де түрлі жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегері атанған.

"Өзім спортқа жақынмын. Бүгінгі күні жүзу мен қоян-қолтық ұрыстан сайыстарға шығып жүрмін. Бұл жарыс мен үшін маңызды болды, еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Әскери бөлімнің спорттық ұжымына алғысым шексіз, біздерді жақсылап дайындап, кедергісіз жаттығумыз үшін барлық жағдайды жасады. Қарсыластарым да жоғары дайындықпен келіпті, әсіресе Шығыс пен Оңтүстіктің қыздары мықты екен. Дегенмен намысқа тырысып, жеңіске жеттім!"  Әнел Стамбекова

Қоян-қолтық ұрыс әрбір әскери қызметшіні даярлаудың негізгі элементтерінің бірі. Жақын шайқаста атыс немесе басқа қару түрлерін қолдануға мүмкіндік болмаған жағдайда, әскери қызметші әртүрлі жауынгерлік және спорттық әдістерді қолдана білуі шарт.

Әскери қолданбалы спорт түрінен алғаш рет бақ сынағандар арасында сержант Әйгерім Бекмырзаева мен кіші сержант Инабат Аманова да бар. Олар жарысқа дайындық кезінде спорттық қасиеттерін шыңдағанын айтады.

"Қыздардың дайындығы жоғары деңгейде болды. Солардың ішінен 5 орынға ілігу бізге оңай болған жоқ. Басында қорқыныш, қобалжу болғанмен, қыздармен бір екі жекпе жек өткізгеннен кейін ширап алдық. Бізді жігерлендіріп, осы додаға ынталандырып алып барған жетекшіміз майор Айымбек Қайрақановқа алғысымыз шексіз" Әйгерім Бекмырзаева

Жекпе-жекте ер-азаматтар арасында 80 келі салмақта елордалық құраманың сарбазы қатардағы Олжас Абдувалиев жеңіске жетті. Сондай-ақ қатардағы Никита Щербаков 57 келі салмақта ІІІ орынды иеленді. 97 келі салмақта күш сынасқан Құрбанжан Садықов та ІІІ орынды елшіленді.

 Жалпы командалық есептік көрсеткіште 5573 әскери бөлімінің құрамасы 5 орынға тұрақтады.

Қатардағы Әнел Стамбекова, Құрбанжан Садықов пен Олжас Абдувалиев ҚР Ұлттық ұланының құрамасына қабылданды. Жауынгерлер 8 тамыз күні Тараз қаласында өтетін жекпе жекке жолдама алды.

Ефрейтор Әйгерім БАЛТАБАЕВА,

Астана қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -