6589
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Еліміздің болашағы — Ата заңымызды ардақтайтын, салт-дәстүрімізді құрметтейтін белсенді жастардың қолында. Осындай жастардың бірі, Конституциямыздың құрдасы — Байсеркеева Мерей Қайратқызы. Ол нәзік жанды болса да ер азаматтармен бірге иық тірестіріп, сапқа тұрып Отан үшін адал қызмет етіп жүр.

Иығына погон тағып, әскери тәртіпке кейіпкеріміз бала кезден үйренген. Өйткені оның әкесі де осы салада ұзақ жылдар бойы Отан үшін адал қызмет еткен.Қазіргі күні зейнеткер. Әскери  қызметші болу үшін алдымен адамға мықтылық және шыдамдылық қажет. Өмірдің кез келген жағдайларына да тап болса, соған төзе білу әрі төтеп бере алуы керек. Аға лейтенант Мерей Байсеркеева әкесіне қарап, өзінің бала күнгі арманын жүзеге асырды. Табанды әрі талапты қыз  өз саласының қауіптілігіне қарамастан әке жолын қуып, Отанға адал  қызмет етуге бел буады. Қазақ әскерінің алдыңғы шебі саналатын Ұлттық ұлан қатарынан табылу - ол үшін үлкен абырой.

- Осы салаға келуіме бірден бір себепкер адам - әкем. Өйткені бала кезімнен әскери ортаға қызығуышылығым өте қатты болды. Әкем 2015 жылы зейнетке шықты. Мен болсам 21 жасымда 2016 жылы дәл осы 5571 әскери бөлімінің тыл қызметіне маман іс жүргізуші болып тағайындалдым. Одан кейін тұрмыс құрып,  екі жылға жуық декреттік демалыста болдым. Декреттен шыға салысымен  азық-түлік қойма бастығы болып тағайындалып, бір жылға жуық қызмет еттім. Содан кейін, жоғары оқу орнымды аяқтап, өз кәсібім бойынша диплом алғаннан кейін 2021 жылы көктем айында тәрбие және әлеу-

меттік-құқықтық жұмыстар бөлімшесіне (мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі) аға көмекшісі лауазымына тағайындалдым. Қазіргі күні осы өз мамандығым қатты ұнайды. Әскери қызметшілермен және сарбаздармен жұмыс істеймін. Осы мемлекеттік тілді енгізу жөнінде өзімнің көмегім тиіп жатыр деп ойлаймын. Әрбір Қазақстанның азаматы мемлекеттік ана тілімізді жетік білуі қажет және парызы деп есептеймін, - дейді аға лейтенант Мерей Байсеркеева. Иә, кейіпкеріміз өз саласының нағыз маманы. Ол қолына қару ұстап қана қоймай, ана тіліміздің мерейін асқақтатып, мәртебесін көтеруде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп жүр. Мына жүлделер соның тек бір бөлігі ғана: 2022 жылы «Үздік маман» сайысынан 2 орын иегері атанса, сол жылы Астана қаласында ұйымдастырылған«Мемлекеттік тіл - менің тілім» байқауында 2 орынға ие болған. Ал 2024 жылы Талдықорған қаласында өткізілген «Үздік маман» сайысынан да жүлделі 2 орынды иеленіп келген.

Міне, осындай белсенді жастарымыз барда еліміздің болашағы баянды, Ата Заңымыздың беделі биік болары анық!

  Мерей 1995 жылдың 14 наурызында Алматы қаласында дүниеге келген. Үйде үш ағайынды. Әпкесі және ағасынан кейінгі үйдің еркесі болса да оның бойына кешегі ел мен жерді  қорғаған батыр қыздарымыз - Әлия мен Мәншүктердің бойындағы қайсарлық, ер-жүректік, батырлық, тектілік, ұқыптылық барлығы -барлығы дарыған.

- Қазақстан Республикасының Конституциясы күні – бұл әрбір қазақстандықтың жүрегінен үлкен орын алатын мереке.  Әсіресе, мен үшін өте маңызды күн. Өйткені мен Конституция «құрдасы» болғанымды мақтан етемін. Конституция - тәуелсіздігіміздің айнасы, азаматтар бостандығының кепілі. Ал сол еліміздің азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету біздің негізгі міндетіміз, сондықтан өз басымызды бәйгеге тігуге, өмірімізге қауіп төніп тұрса да, өзгенің өмірін сақтап қалуға тырысамыз, - дейді Байсеркеева Мерей Қайратқызы.

Қатардағы Аяулым МАДИКАНОВА,

Алматы қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -