5181
Фотосурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланы

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында сержант Ислам-Али Жапарды щұғыл жағдайда көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін «Ұлттық ұлан үздігі» медалімен марапаттау рәсімі өтті. Марапатты ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары-Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов табыс етті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Сондай-ақ, Бас қолбасшы өзінің және әскерлер қолбасшылығының атынан Исламның ата-анасына осындай азаматты лайықты тәрбиелегені үшін алғыс білдірді.

- Менің ойымша, бұл сержант Жапар үшін соңғы марапат емес. Әскерлер қолбасшылығы Исламның лайықты ерлігі үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің құқықтарымен наградтау туралы өтініш жасайды. Республика күнін мерекелеу құрметіне орай әскери борышына адалдық танытқан, арнайы міндеттерді орындаған, батылдық пен табандылық көрсеткен әскери қызметшілеріміз әрқашан көтермеленеді. Сержант Жапар сонымен қатар ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілерінің күнделікті өмірде қырағылық, батылдық пен батырлық танытып жүргеніне жарқын мысал бола білді, – деп атап өтті ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары-Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов.

Еске салсақ, 30 тамыз — мереке күні 21 жастағы Ислам «Қазақстан» сауда орталығында екі ересек адамның жанжалдасып жатқанын көріп қалған. Екі адам арасындағы төбелес кезінде олардың бірі екіншісін пышақпен жарақаттаған. Осы сәтте ұландық бірден 103 және 102 қызметтеріне қоңырау шалып, полиция келгенге дейін шабуылдаушыны өз бетінше ұстаған. Сонымен қатар сержант зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсету мақсатында шалбарының белбеуін қан кетуді болдырмау үшін қолданып, жәбірленушінің жүрегі тоқтаған кезде жүрек-өкпе реанимациясын жасаған. Сержант пен жедел жәрдемнің күш-жігеріне қарамастан, жәбірленуші кейінірек сол жерде қайтыс болды.

Айта кетейік, сержант Ислам-Али Жапар «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 3517 әскери бөлімі взводының сержанты болып қызмет атқарады. Ол жеке құраммен тікелей жұмыс істейді. Өзі Алматы қаласының 5571 әскери бөлімінде мерзімді қызмет атқарған. Ислам 2002 жылы 25 қыркүйекте Степногорск қаласының маңындағы Бестөбе ауылында дүниеге келген. Мектеп пен колледжді Ақмола облысына қарасты аталған шағын қалада тәмамдаған. Оның әкесі Елеусіз Жапарұлы шахтер болған, бірақ өмірден ерте өткен. Ислам  әкесінен небәрі үш жасында айырылып қалған. Сондықтан оның тәрбиесімен анасы Күлбарам Аманқызы айналысты.

Айта кету керек, сержант Ислам-Али Жапар құқықтық тәртіп әскерлерінің әскери қызметшілеріне тән жоғары қасиеттерді байқата отырып, ұландықтардың қоғамның әрбір мүшесі үшін қиын уақытта көмекке келуге дайын екендігін көрсетті.   

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -