Елімізде 5 қыркүйек Қазақстан халқының Тілдер күні мерекесі тойланады. Бұл Отанымызда өмір сүріп жатқан көптеген әртүрлі ұлт өкілдеріне деген құрмет, сондай-ақ тарихи қалыптасқан ұлтаралық татулықтың үлгісі секілді. Ал біздің елімізде бейбітшілік, келісім деген ұғымдар мемлекеттік деңгейдегі маңызға ие.
Тарихымыздың шежірелі беттерін 20 ғасырдан ақтарсақ, Қазақстанның кең байтақ жеріне солақай саясат пен тағдыр тәлкегі айдап 100-ден аса ұлт пен ұлыс өкілдері қоныс аударды. Қанында қайырымдылық пен қамқорлық қасиеті бар бабаларымыз жетімсіреген халықты өзектен теппеді, бауырына тартып барымен бөлісті. Қонақжай қазақ жұрты олардың туған мекеніне айналды. Нағыз адамгершілік пен адалдықтың, жанашырлықтың үлгісін көрген ұлттар қазақ халқына әлі күнге алғысын жаудырып келеді.
Ел болып егемендігімізді алғаннан бастап өркениеттің даңғыл даму жолын таңдаған бізге Отанымызды мекендеген барлық этностардың арасындағы татулық пен бірлікті, келісім мен бейбіт өмірді алдыңғы орынға қойып, сақтап қалу қажет еді. Бұл еліміздегі саясатымыздың басымдықтары болды. Осылайша Қазақстан Халықтарының Ассамблеясы құрылып, өз жұмысын мемлекетімізде өмір сүріп жатқан қаншама ұлттың мүддесін, олардың арасындағы достық пен татулықты нығайтудан бастады. Бүгінде ата қонысымызда күн кешкен 130-дан астам ұлт өкілдері үшін Ассамблея жанында тілдерін дамытуға мүмкіндік жасалған. 10-нан астам этникалық топтың өз тілдерінде оқытатын мектептері бар және оларды мәдени-рухани қолдау орталықтары жұмыс істейді.
Әртүрлі халықтардың салт-дәстүрлеріне, діни наным-сенімдеріне, мәдениетіне сондай-ақ олардың тілдеріне көрсетілген құрмет ретінде 1998 жылы қыркүйектің үшінші жексенбісі Қазақстан халқының Тілдер күні мерекесі болып белгіленген еді. Ондағы мақсат – ұрпақты, қоғамды ана тіліне деген сүйіспеншілік пен құрметке тәрбиелеу болды.
Араға 20 жыл салып атаулы мерекенің күні өзгерді. 2017 жылдың күзінде Үкімет қаулысымен Қазақстан халқының Тілдер күні мерекесі 5 қыркүйекке ауыстырылды. Оған салмақты себеп те жоқ емес. 5 қыркүйек – қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлтымыздың зиялысы, ақын Ахмет Байтұрсынұлының өмірге келген күні. Айшықты мерекені осы бір ұлы тұлғаның өмірімен байланыстырды.
Ұлт ұстазы" деген атқа ие Ахмет Байтұрсынұлы қазақ лингвистикасы мен әдебиеттануының негізін қалаушылардың бірі, ұлттық жазудың реформаторы, ұлы ағартушы педагог, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, көрнекті лингвист, түркітанушы, ақын, аудармашы, әдебиеттанушы, бірқатар оқулықтар мен оқу құралдарының авторы.
Ұлы тұлға 1872 жылы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Ахмет Байтұрсынұлының атасы Шошақ тәкаппар, бірбеткей, батыл және адуынды адам болды. Атасы Шошақ немересі Ахмет өмірге келгенде ауыл ақсақалдарынан бата алып, азан шақырып атын қойған. Әкесінің інісі Ерғазы Ахметті Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебіне береді. Оны 1891 жылы бітіріп, Орынбордағы 4 жылдық мектепке оқуға түседі. 1895–1909 жылы Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады. Ахметтің педагогикалық қызметі 1895 жылы басталады. 1906-1907 жылдары Ахмет Байтұрсынұлы Ақтөбе, Қостанай және Қарқара аудандарындағы мектептер мен колледждерде мұғалім болып жұмыс істеді. Ахмет Байтұрсынұлы өмірінің Орынбордағы кезеңі оның қоғамдық-саяси қызметінің дәуірлеген шағы болды. Ол осы қалада 1913–1918 жылы өзінің ең жақын сенімді достары Ә.Бөкейханов, М.Дулатовпен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарды. Газет қазақ халқын өнер, білімді игеруге шақырды. Өзі бас редактор болған «Қазақ» газеті қоғамдық ойға ірі қозғалыс, рухани санаға сілкініс әкелді. Қазақ халқының көзі ашық, көкірегі ояу зиялыларын бастап жүрді.
Ол – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор болды. Оның жасаған әліпбиі қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасалды. Ол халыққа ғылым-білімнің қажеттілігін түсіндірумен қатар, білім беру ісін алға дамытуға барын салды. Байтұрсыновтың 1912 жылы жарық көрген алғашқы кітабы «Оқу құралы» – қазақша жазылған тұңғыш әліппелердің бірі. Бұл әліппе оқытудың жаңа әдістері тұрғысынан өңделіп, 1925 жылға дейін бірнеше рет қайта басылып шықты. «Оқу құралы» қазіргі әдістеме тұрғысынан әлі күнге дейін құндылығын жоймаған. Байтұрсынұлы қазақ тілінің тазалығын сақтау үшін қажымай еңбек етті. Шығармашылығының, қызметінің бір бөлігін осы іспен байланыстырды.
Ахмет тілші, ғалым ретінде қазақ тілінің табиғаты, өзгешеліктері, араб әліпбиінің жайы, терминдер, қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы ғылыми мақалалар да жазды. Байтұрсыновтың өмірі мен қызметі Ресей үкіметінің қатаң жандармдық бақылауында болды. Ахмет Байтұрсынов та, өзге ұлт зиялылары секілді патша үкіметі кезінде де, Кеңес Одағы кезінде де қуғын-сүргінге ұшырады. Тұтқындаудан, түрмеден, жер аударудан аман қалды, соңында 1937 жылы халық жауы ретінде атылды. Ұлы тұлғаның есімі 1988 жылы қайта ақталды, ал тәуелсіз алғаннан кейін елімізде оның көрнекті ғылыми жетістіктері, еңбектері, шығармалары жалпы айтқанда ұлы мұрасы тереңірек таныла бастады.
Ұлы тұлға «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген ұран сөзін қалдырды. Әлі күнге құндылығын жоймаған ұлт ұстазының сөзі қазақ халқының жадында мәңгілік жазылғай.
Арнайы белгіленген Тілдер мерекесінде ауқымды іс-шаралар – форумдар, фестивальдер, ғылыми конференциялар, әртүрлі конкурстар, мерекелік концерттер бір күнге емес бірнеше күнге жоспарланып, өткізіледі. Бұл Қазақстанның барлық халықтарының бірлігі мен достығының жарқын көрінісі болып табылады.
Тәуелсіздіктің тұтастығы мен мемлекетіміздің тыныштығын күзеткен ұландықтар қатарында қаншама өзге ұлттың өкілдері қызмет атқарып жүр. Өз тілімен бірге мемлекеттік тілді де қастерлеп, қадірлей білетін олар Отанымыздың нағыз патриоттары. Айтулы мереке қарсаңында әскерімізде «Тілге құрмет – елге құрмет» акциясын жыл сайын өткізу игі дәстүрге айналғалы қашан. Осыған орай өзге ұлт өкілдері болып келетін әскери қызметшілер арасында «Мемлекеттік тіл менің тілім!» байқау-сайысы ұйымдастырылып, мемлекеттік тілді жетік меңгерген жауынгерлер жоғары қолбасшылық тарапынан марапатталады. Бұл да тіліміздің мәртебесін арттыруға арналған мерейлі шаралардың бірі.
Әр халықтың тілі - оның ғасырлар бойы жинақталған тарихы мен мәдениетінің коды. Сондықтан оның сақталуы мен дамуы ұлттық бірегейлік пен қадір-қасиетті қалыптастырудың маңызды шарты болып қала береді. Елімізде өмір сүрген барлық ұлт өкілдері өздерін Қазақстанның азаматы және патриоты деп біледі. Өздерінің ұлттық мәдениеті мен тілін өз ұрпағына насихаттау, мұра етіп қалдыру мүмкіндігіне ие болған олар біздің де тіліміз бен мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге ізгі құрмет көрсетеді, оларды елдегі татулық пен бірліктің діңгегі деп санайды.
Ұлтымыз тарих көшіндегі қаншама қиын кезеңдерден аман өтіп, өз тілін сақтап қалды. Өркениеттің өрісінен қалмау үшін, біз ең алдымен өзіміздің мәдениетімізді, сол мәдениеттің негізі, ұлт жүрегінің бір бөлшегі тілімізді бәсекеге қабілетті етуіміз керек. Заманға сай дәріптеп, дамыта білуіміз қажет. Сонда ғана ұлылар қалдырған аманатты кейінгіге жоғалтпай жеткіземіз.
«Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте», - деген ақын Қадыр Мырза Алидің өлең жолдарын әрбір ұрпақ көкейіне тоқыса игі.
6698 әскери бөлімі капитан Шынжігітова Малика