Жаңаөзен қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 5548 әскери бөлімінің сарбаздары, адасып кеткен үш жасар бүлдіршінді тауып ата-анасымен қайта қауыштырды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Оқиға ағымдағы жылдың 11- қыркүйек күні сағат 22.30 шамасында орын алған. Жаңаөзен қаласының қоғамдық тәртібін күзетіп жүрген әскери жасақ кезекшісі лейтенант Руслан Әбеновтың радио байланыс құралына 7-шағын ауданында 3 жастағы кішкентай қыз-бала жоғалып кеткені жөнінде хабар келіп түседі. Әскери жасақ кезекшісі бұл ақпаратты дереу барлық жасаққа жеткізіп, бағыт-бағдар беріп, жоғалған баланы іздеуге кіріседі.
Осы кезде 7-шағын ауданында қатардағы Камидуллиев Сергей өзінің патрульдік серіктестерімен бірге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүріп, кішкентай қыз-баланың, жалғыз көше бойымен кетіп бара жатқанын байқап қалады. Әскерилер дереу жүгіре қасына жетіп сұрау жұмыстарын жүргізгенде, қыз-баланың адасып кеткенін анықтайды.
Ұландықтар баланы жақын жердегі полиция бөлімшесіне жеткізіп, адасып кеткен бүлдіршінді ата-анасына табыстады.