Елодада ер адамға пышақпен шабуыл жасаған күдіктіні ұстаған ҚР ІІМ Ұлттық ұлан сарбаздары марапатталды, деп хабарлайды DKnews.kz.
12 қыркүйек күні Ұлттық ұланның елордадағы әскери қалашығында Ұлттық ұланның 5451 әскери бөлімінің сарбаздары Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен "Ұлттық ұлан қызметі үздігі" төсбелгісімен марапатталды.
Марапатты жауынгерлерге Ұлттық ұлан Бас штаб бастығының орынбасары - Жедел басқару бас басқармасының бастығы полковник Ерлан Жақыпов табыстады.
Қала тыныштығын сақтау - біздің басты міндетіміз. Бас қалада өтіп жатқан ауқымды шара кезінде тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігін қорғауға ерекше мән берудеміз. Сондықтан, кез келген жағдайға дайынбыз, көмекке жедел барамыз. Әрбіріңіз қала көшелерінен әскери жасақтарды көріп жүрген боларсыздар. Мінекей, сол сарбаздардың қырағылығының арқасында күн сайын түрлі қылмыстық оқиғаларға тосқауыл қойылып, есірткімен, қарумен жүрген, қоғамға қауіпті азаматтар құрықталады. Жоғалған балалар ата-анасына, табылған заттар иелеріне қайтарылады. Адам өміріне араша түскен жағдайлар да аз емес Дейді ұландық жауынгерлер
Жоғарыда аталған оқиға 10 қыркүйек күні Байқоңыр ауданында орын алған. Ә. Жангелдин көшесінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметін атқару кезінде патрульдік топ бастығы Ермахан Төребеков қансырап жатқан адамды байқап қалған. Ол дереу жәбірленушіге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем мен полиция қызметкерлерін шақырған. Сондай-ақ бақылау бейнекамераларының көмегімен оқиға орнынан қашып кеткен күдіктінің бағытын анықтаған. Шұғыл хабарлама алған әскери жасақ бастығы сержант Нұрсұлтан Қайратбек және патрульдеуші сарбаздар Бақытжан Боранбаев пен Ярослав Фикс жедел іздестіру шараларын ұйымдастырып, көп ұзамай күдіктіні Қарасай батыр көшесінде қолға түсіреді.
Айта кетелік, Астана қаласының тыныштығын күзетуге Ұлттық ұланнан күнделікті 1000-нан аса әскери қызметші жұмылдырылады.