Тіл – ұлттық жүректің әуезі

6402
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Тіл – қарымқатынас құралы ғана емес, тірлігіміздің айғағы, берекеміздің бастауы. Тіл арқылы әлеммен тілдесіп, тарихымызбен үндесеміз.

Сондай-ақ, халықтың ұлттық болмысы мен рухани әлемінің айнасы, оның сана-сезімінің, мәдениетінің, тарихының жемісі. Әрбір тіл — бір ұлттың, бір халықтың дауысы, жүрегі мен жанының көрінісі.

Тіл – адамның ой-толғамының, сезімінің әрі жан дүниесінің жаршысы. Адам баласының бүкіл болмысын, мәдениетінің негізгі қағидаларын, әлемді түсіну тәсілін тіл арқылы білдіреміз. Тілдің әрбір дыбысы, әрбір сөзі – біздің тарихымыздың, арманымыздың және ұмтылысымыздың бір бөлшегі.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев қазақ тілі мен оны дамыту туралы өз жолдауында «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде”, - дейді.

Қазақ тілінің дамуы мен сақталуы еліміздің мәдени мұрасы мен ұлттық бірегейлігінің кілті болып табылады. Қазақ тілі – халқымыздың өткен ғасырлардан жеткен байлығы, бүгінгі күніміздің тірегі, және болашақ ұрпақтың мақтанышы. Қазақ тілі мен әдебиетінің негізін қалаушы ғалым, ағартушы А.Байтұрсынов «Тіл – адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі», – деген болатын. Тілдің дамуы білімнің, ғылымның және мәдениеттің дамуын қамтамасыз етеді. Тіл арқылы біз өткеннің мұрасын ұғынып, бүгінгі күннің жетістіктерін бағалап, болашаққа нық қадам жасай аламыз. Қазақ тілі – ұлттық сана-сезімнің айнасы, ұлттық болмысымыздың негізі. Ол тек сөздер мен сөйлемдер жинағы ғана емес, халықтың көзқарасы мен дүниетанымының бейнесі.

Қыркүйек айының бесінен бастап елімізде Қазақстан халқының тілдері күні тойланады. Әрбір тіл – халықтың тарихы, дәстүрлері мен армандарының айнасы. Тілдер күнінде біз көптілділік пен көпмәдениеттіліктің баға жетпес құндылықтарын атап өтіп, тілдердің өзара байланысын нығайтуға ниет білдіреміз.

Тілдер күні – бұл қазақ тілінің әрбір сөзінің мәнін терең түсініп, оны қолдаудың және дамытуға бағытталған іс-шаралар өткізетін ерекше күн. Бүгінгі таңда тілдің байлығын сақтау мен дамыту әрқайсымыздың парызымыз. Қазақ тілінің дамуы, оның кең қолданыс аясын қамтамасыз ету – ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалудың, ұлт болып ұйысудың басты шарттарының бірі. «Тіл – халықтың рухы» деген нақыл сөзде айтылғандай, қазақ тілі – біздің рухани дүниемізді бейнелейтін қуатты құрал. Сондықтан да оны құрметтеу, оны қолдану және дамыту – әрбір қазақтың міндеті.

Тілдер күні – ұлттық мәдениеттің, тілдің сан қырлы қазыналарын тануға мүмкіндік беретін мереке. Бұл күні біз тілдің дәрежесін көтеріп, оның өркендеуіне үлес қосып, өзіміздің рухани әлемімізді байыта аламыз. Қазақ тілі – бұл тек өткеннің емес, бүгінгі және болашақтың да тілі. Оның дамуы мен өркендеуі – ұлттық өркендеудің, халықтың мәдени және рухани деңгейінің көрсеткіші. Сондықтан да, қазақ тілін ұлықтап, оны барынша дамытып, келер ұрпаққа аманат ету – біздің ортақ міндетіміз. Тілдер күні – осы бағытта атқарылған еңбектерді бағалап, болашаққа жаңа серпінмен қарайтын маңызды күн. Бұл еліміздің тілдер байлығын, мәдениетіміздің негізін ұлықтайтын маңызды мереке. Бұл күн түрлі халықтардың тілдерін, мәдениеттерін құрметтеу мен олардың өзара түсіністігін нығайып қана қоймай, мемлекеттік тіліміздің қадір-қасиетін түсіндіріп, ұлықтау күніміз.

Осыған орай Павлодар қаласының «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты  6679 әскери бөлімі қыркүйек айының бірі мен жиырмасы аралығында «Тілге құрмет-елге құрмет!» акциясы бойынша іс-шаралар өткізу үстінде.

Жоспарға сай бөлімдерде барлық санаттағы әскери қызметшілермен «Ахмет – Байтұрсынов қазақ халқының рухани көсемі» атты ақпараттық сағат өткізілді. Сондай-ақ, «Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға» тақырыбында оқулар өткізілумен қатар челлендждер де ұйымдастырылды. Соныымен бірге, жеке құрам⁠ Павлодар қаласының Сұлтанмахмұт Торайгыров атындағы облыстық кітапхана ұйымдастырған «Тіл – ұлттың жаны, әр халықтың байлығы» атты кітап көрмесінің ашылуы және ғалым Рабиға Сыздықованың 100 жылдығына арналған «Ана тілінің әзиз анасы» атты дәріске қатысты.

Әскери бөлімнің мерзімді әскери қызметшілері Достық үйінде өткізілген «Тұрар Рысқұлов – тарихи тұлға» тақырыбы бойынша жалпықазақстандық ашық диктант жазды.

Тілдер күні – барлық тілдерге, соның ішінде қазақ тілінің байлығы мен маңыздылығына назар аударуға мүмкіндік береді. Қазақ тілі – біздің ұлттық мұрамыздың негізі, мәдениетіміздің жүрегі. Әрқайсымыз оның қадір-қасиетін түсініп, оны сақтап, дамытуға күш салуымыз керек. Қандай да бір тіл болмасын, оның құндылығын білу, сақтау және дамыту – әрбір халықтың міндеті. Тілсіз ел – тарихсыз ел. Тіл – халықтың жан дүниесінің сөздік көрінісі. Демек, қазақ тілінің мәні мен маңызы біз үшін өлшеусіз. Әрбір сөздің мағынасы терең, әрбір сөйлемнің салмағы зор. Қазақ тілі – ұлттың мақтанышы, оның мәңгілік мұрасы. Тілдер күніне орай, тілдің көркемдігі мен маңызын терең сезіну үшін, сөздің құдыретіне ерекше назар аударған жөн.

Тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі

бөлімше бастығының көмекшісі қатардағы Н.Токтарова

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -