Алматы ауданы әкімдігінің бастамасымен экоакция ұйымдастырылып, жасыл желек егілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Таза Қазақстан» экоакциясының аясында өткізілген шарада Ақбұлақ өзенінің бойына 300-дей тал көшеті бой түзеді, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Бүгінгі іс-шарамызға AMANAT партиясының мүшелерi, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері, «Астана» хоккей клубының, «Толқын» спорт кешенінің спортшылары мен бапкерлері, аудан әкімдігінің қызметкерлерi, жалпы 150 адам атсалысты», - деді Алматы ауданы әкімі орынбасары Нұрмат Абдраимов.
Ұйымдастырушылар бүгінгі атқарылған игі істер мен алдағы жоспарларға да тоқталды.
«Бүгінгі экоакцияға 300-дей ағаш отырғызылса, Алматы ауданы бойынша күзгі мезгілде 5 мыңнан астам жасыл желек отырғызу жоспарда бар», - деді өндірістік техникалық бөлім бас маманы Нұрберген Нұрмұхамбет.
Ол, сондай-ақ, биылғы сәуірден бастау алған «Таза Қазақстан» экоакциясы қарқынды жүріп жатқанын, Алматы ауданында әр апта сайын мыңдаған тұрғын сенбілікке белсенді қатысатынын айтты. Ал тұрғындар өздерінің тұрғылықты ауданының күннен-күнге көркейіп келе жатқанына дән риза.
Астанада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экоакциясы өтіп жатыр.
Сонымен қатар, елордада жаңадан Taza Astana әлеуметтік жобасы іске қосылды. Жоба құқықтық тәртіп, абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау, көппәтерлі тұрғын үйлердің, үй жанындағы, кварталішілік және аула аумақтарының тазалығы мәселелері бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге бағытталған.