Қағілез қырағылық құбарланы

6292
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Ұлттық  ұлан қатарына Алматы қаласынан шақыртылған Сұңқар Нұрбақыт  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өткеруде. Әскери бөлім табалдырығын аттаған шақтан-ақ ол Отан алдындағы борышын қала тыныштығын күзететін жауынгерлік жасақ қатарында бастады. Небары екі айдың ішінде  қатардағы  жауынгермен өткен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.  

Осыдан бір ай бұрын Ақтөбеде оқушылар төбелесіп, арты қайғылы жағдайға ұласты. Жұдырықтасудың салдарынан  9 сынып  оқушысы  қаза тапты. Қайғылы оқиға екінші қыркүйек күні Темір ауданы Кеңесту ауылында  болған.  Дәл осындай  оқиға бір  апта  бұрын  Семейде де  көрініс тапқан  еді.  Жасөспірімдердің текетіресі  шаһардың  қалтарыс,  көлеңкелі  көшелерінде емес,  жергілікті  полиция басқармасы іргесіндегі  кафенің тура алдында орын алған. Бір-бірін  жұдырықтың  астына алған он шақты бала арасындағы шиеленіс дәмханаға келушілердің үрейін туғызды. Жасөспірімдердің оғаш қылығы әлеуметтік желіге жарияланып,  жұртшылық қауым оқиғаның  дәл қаланың орталығында, одан  қалса жергілікті полиция басқармасының маңында болуына таңырқаныс танытты. Егер тапа тал түсте қала орталығында осындай жағдайға жол берсек, қала шетіндегі  ықшамаудандарда  не болып жатқандығын  кім білсін деген  жұрт  қала қауіпсіздігіне  елең-алаңмен қарады.  Балаларын  емін-еркін көшеге серуенге жіберетін тұрғындар ендігі сәттен бастап, ойын баласына  жиі қоңырау шалып  сақтық шараларына  көшті.  Сақтық шаралары демекші,  Ұлттық ұлан жауынгерлері қоғам тыныштығын күзетуде  кірпік  қақпай  қарқынды қызмет атқаруда. Осы орайда,  Сұңқар, өзіңе қояр  алғашқы сауал,  жауынгерлік жасақтың қызметімен етене-танысып қалдың? Қоғамдағы рөліне тоқталсаң?  

-  Әрине, Ұлттық ұлан қала қауіпсіздігін  қадағалауда қырандай қырағы.  Тіпті,  батыл  әрекетке  толы  елеулі  істері ел есінде біразға дейін сақталып тұр.  Жоғалған  смартфондары  иелеріне  қайтарып,  тілсіз жаудан құтқаруда  сонымен қатар жұдырықтай жандарын  шүберекке түйіп, қоғамға қауіпті саналатын күдіктілерді құрықтауда айрықша көзге түсуде. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты ұландықтар жергілікті әскери бөлімнен өзге, Астанада  өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінің  қауіпсіздік шараларына белсене қатысты. Елордадағы қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатында  Ұлттық  ұланның  «Шығыс» өңірлік  қолбасшылығына қарасты Павлодар қаласының 5512 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшілері Астана қаласының Байқоңыр ауданында қоғамдық  тәртіпті  сақтау  бойынша қызметке  кірісе салысымен  Иманов көшесі  бойынан  IPHONE 15 маркалы телефонды табады. Телефон иесі әскери жасақтың адалдығы үшін өз алғысын білдірді. Ұландықтардың қызметтегі қырағылығы мұнымен шектелмеді. Келесі күні олар «Орро» маркалы телефонды тауып иесіне табыстайды. Семейлік әскери бөлімнің жауынгерлік жасағы Байқоңыр ауданында қызмет атқару барысында  аялдама жанынан ата-анасын іздеген екі баланы көреді. Екі сағат бойы үйлерін таба алмай жүрген балалар көмек сұрайды. Ұландықтар аталмыш ауданда орналасқан учаскелік полиция бөлімшесіне жеткізеді. Учаскелік бөлімшеге асыға жеткен қос ұлдың әкесі әскери жасаққа рақметін айтып, азаматтық ұстанымдарына алғысын білдірді. Ұландықтар қырағылық үлгілерінен бөлек, қайырымды әрекеттерімен де ел назарында қала білді. Айталық, жасамыстарды көктайғақта, ауыр жүгі болса жолдан өткізіп жіберіп, қолғабыс жасаудан еш бас тартқан емес. Содан да болар жауынгерлік жасақ сарбаздарын қала тұрғындары  өз баласындай көреді.

- Өткенде Семейде қала орталығында төбелес шығарған жасөспірімдердің  әрекетіне  қаншалықты тосқауыл  болуға болады?

-  Мен Ұлттық ұлан қатарына Алматы қаласынан шақырылдым. Менің оқушы шағымда түнгі уақытта көшеде жүру қорқынышты еді. Қазіргі таңда  жағдай қалыпты деп ойлап едім. Алайда, бұл оқиға шынымен көңілге қаяу салды. Мектепте оқып жүрген шақта әй, шай жоқ, кенеттен бір топ жасөспірім соққының астына алды. Кешқұрым уақыт еді. Көпқабатты тұрғын үй арасында жүріп бара жатқан мен ештеңе ұқпай қалдым. Құдды ауа-райы күрт бұзылып, нөсер жаңбыр лақылдап  жауып кеткендей көшеде жүрген жасөспірімдер үй подъездеріне жапа-тармағай  жарыса кіріп жатты. Алайда, қыркүйектің тымық кешінен өзгеріс сезбедім. Бір уақытта ессіз бұзақылар тобы маған қарай лап берді. Белгісіз бағытқа қаша жөнелген мен қас қарайған уақытта ауладағы әткеншек жақтауына  шалынып құлап түстім. Ар жағы еміс-еміс есімде. Жерде жатқан мені бес-алты бала тепкінің астына алды.  Кімдер  соқты, не үшін соқты біле алмады. Аяусыз тиген тепкілерден ауырсынып  қалған  денемді әрең көтеріп, орнымнан тұрған мен сүйретілім үйіме әрең жеттім.

-  Яғни,  не үшін  соққының  астында қалғаның  белгісіз  болып қала берді ме?

-  Жоқ.  Артынан білдім.  Мен  тұратын  ауданға  өзге ауданның балалары келіпті. Олар өздерінің ауданда мықты екендіктерін көрсетіп, жасөспірімдердің  жаңа бір  тобы құралғанын  көрсету үшін келген екен. Осылайша,  біздің  ауданға келіп, танысын-танымасын алдынан шыққандарды соққыға жыға берген көрінеді. Тепкінің астында қалғандардың қатарына өмірінде тышқан мұрнын қанатып көрмеген мен де тап болдым. Олар мені цементшілер кентіндегі жасөспірімдер тобында бар деп ойлап қалса керек-ті.

-  Сен  шақырылған  қалада мұндай бұзақы жасөспірімдер тобы әлі де бар ма?

- Меніңше  жоқ сияқты. Қазір, ол  кездегідей себепсізден  себепсіз ұрда-жыққа жол берілмейді. Ал, қала орталығында жасөспірімдер текетіресі қызуқандылықтан болды деп  ойлаймын. Жалпы, ұландықтар күдікті көрінген топтасқан жасөспірімдерді  байқаса бірден тоқтатып,  мән-жайды анықтайды. Шахардағы жедел бақылау орталығы қызметкерлері де сауысқандай сақ. Алайда, жасөспірімдер де қитұрқы әрекетке барып, түрлі амалдарды қарастырып қояды. Мысалы, олар төбелесуге  бір топ болып бармайды. Үш-үштен,  тіпті екі-екіден  бірігіп  барады.  Сөйтіп, тәртіп сақшыларының күдігін туғызбайды. Діттеген жерге жете бергенде «жер қайысқан қалың қол» болып шыға келеді. Сондықтан, мен Ұлттық ұлан қатарында осындай бұзақы  жастардың  ерегесіне жол бергім келмейді.

-   Бұл үшін  қандай  қадамдарға барған жөн?  

-  Алдымен,  екеу болсын үшеу болсын, тіпті кісікиіктеніп саяқ жүрсін жұдырығы қышығандардың жүрісі суық болады. Олар шапшаң қимылдап, көбінесе бүркеніп жүреді. Сондай-ақ тәртіп сақшыларын көрсе алыстан айналып өтеді. Өйткені, олардың қалталарында суық қару болуы әбден мүмкін ғой. Сондықтан мен жауынгерлік жасақ қатарында суық жүрісті топты басты назарға аламын. Өйткені, мені де оқушы шағымда танымайтын топ тепкінің астында алып кетті. Не жазығым бар, белгісіз. Дәл мен тәрізді кездейсоқ сол топтың назарына іліккен адам да таяқ жеп қалуы кәдік. Абырой болғанда, алған соққылардан о басында денем ауырсынғанымен, артынша бой түзеп алдым. Ал,  сол шақта біреуі қалтасынан суық қару алып шығып,  ұрымтал тұста сұғып жіберсе, не болар едім. Онда, бәлкім, мен сізге сұхбатта бермес едім. Сондықтан мен, өз басымнан өткен жағдайдың біреудің қайталағанын қаламаймын. Өйткені, мен бұл оқиғадан біраз уақытқа дейін психологиялық соққы алдым. Көшеде өзім жалғыз  беймарал  жүре алмайтын  хәлге душар болдым.  Алыстан тықыр,  шу естілсе, алақ-жұлақ етіп айналама көз тігіп,  жанарыммен  қауіпсіз жер іздей кетемін. Мені ұрып-соққанда жанымдағы жолдасым азық-түлік дүкеніне кіріп үлгеріп еді. Ал мен, абдырап белгісіз түнекке қарай қаша жөнелдім де, арты насырға шапты. Жалпы, жасөспірім шақта бойыңдағы бұла күшің ішіңе сыймай, жарылуға шақ қалып жүресің ғой.  Өткенде Өскемен қаласында бір оқиғаның үстіне тап болдық. Үй-күйі жоқ, қоқыс жәшігінен ішерге тамақ іздеп жүрген міскіндерді мектеп оқушылары теуіп, тас лақтырып қашып жүр. Көз алдымдағы бұл көрініс, жаныңа қаяу салмай тұра алмайды. Тышқанға өмір, мысыққа ойын керектің кейпіне енген бұл жағдайға дереу араша болдым. Денесінің сау тамтығы қалмаған,  шықпа жаным, шықпа деп әрең жүрген қайыршыда қандай күш бар дейсің.

- Өзің айтқандай төбелеске құмар жасөспірімдер өзімен бірге суық қару да алып жүруі бек мүмкін. Оларды құрықтауда физикалық қабілеттің  жоғары болуы әсте қажет болар?      

-  Әрине, бұл жағдайға Ұлттық ұлан қызметкерлері сақадай сай. Міне, бүгін  Ұлттық ұлан әскері қатарына қосылып, Отан алдындағы борышыңызды атқарып  жүргеніңе  екі айға  жуық уақыт өтіпті.  Осы екі ай ішінде әскери ант қабылдап,  бір айлық жас жауынгерлердің оқу курсынан өтіп, жауынгерлік қызметке түсіп те үлгердім. Жаяу жасақ құрамындағы сарбаздардың  жекпе-жек  ұрыс тәсілдерді жетік меңгеру деңгейлері әрдайым тексеріледі. Себебі,  қызмет  барысында  тәртіп бұзушы қарсылық  білдіріп, қол көтерген  жағдайда  тойтарыс беру қажет. Жалпы, жасөспірімдердің қақтығысы түрлі шытырман киноларға еліктеуден басталады деп ойлаймын. Бұзақылардың  көшеде оңды-солды  тайраңдауына жол бермеу қажет. Өйткені, өзге ауданның балаларын төмпештеймін дегендер бейқам жүрген өзгелерді   абайсызда жазым етіп алуы бек мүмкін. Міне, мен сондықтан Ұлттық ұлан   қатарында  жүру арқылы  қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін басымызды қатерге тігуге даярмын. Өз басымнан өткен оқиғадан сабақ алған  мен   жауынгерлік жасақ қатарында,  барынша  шапшаң  қимылдаймын

- Сүбелі сұхбатыңа рахмет.

Бұл мерзімді әскери қызметшінінің жауынгерлік жасақ қатарындағы әсерінен туындаған алғаусыз сұхбаты. Қатардағы жауынгер өмірінен өшпестей орын алған жағдаяттарға өзге қаймананың тап болғанын қаламайды. Яғни, қоғамдағы келеңсіз жайттарға селқостық танытпай, күресу қажеттігін алға тартады.  Сайып келгенде, қоғамдағы бейберекет тәртіпсіздікті болдырмауға барын салып, Отанына қалтқысыз қызмет етуге әрқашан даяр. Біз Ұлттық ұлан жауынгерін әлі де алда талай маңызды міндеттерді абыройлы түрде орындап, халқына қалтқысыз қызмет ететініне нық сенімдіміз. 

 Сержант Рүстем Мұхамет-Рақым

Өскемен қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -