Отан деп соққан егіз жүрек

6897
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібектен бастау алған батырлық үрдісі өз жалғасын тауып ұрпақтан ұрпаққа тарады. Қазақ жерінің бір сүйемі де осы батырларының арқасында жаудың қолында кетпеді. Ел аузында жүрген, жыраулардың жыр-дастаны арқылы бүгінгі күнге дейін жеткен “Алпамыс”, “Қобыланды”, “Қамбар батыр”, “Ер Қосай”, “Ер Көкше”, “Ер Сайын”, “Ер Тарғын”, “Күлтегін”, “Қырымның қырық батырынан” бастап өткен ғасырда өмір сүрген жыр алыбы Жамбылдың “Сұраншы батыр”, “Өтеген батыр”, Қ.Бекхожиннің “Науан батыр” дастандары батырлар жайында айтылған. Жазылған көркем мұраларды дүниеге келтірген, арқауы үзілмеген тұтас шығармашылық кезеңдердің барлығы халықтың нанымындағы батырдың тұлғасын бейнелейді. Болашақ шаңырақ иесін қазақта «Өскенде кім боласың?» деген сұрағына «Батыр болам!» деп нық сеніммен жауап беруі заңдылыққа айналған. Сондай батыр болуды алдына мақсат қылған жігіттердің бірі де бірегейі Берік пен Серік. Бейбіт күннің батырлары.

Егіз жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуге Тараз қаласынан Атырау қаласындағы 5546 әскери бөліміне келген. Ұлттық ұлан сабында жауынгер атанғандарына 3 ай болған. Қызметтің қыр сырына машықтанып, үлгілі де үздік сарбаз атанған.

- Әскерге бару - абырой, демекші ер жеткен әр азамат Отан алдындағы асыл парызын өтеуі қажет.  Ант қабылдап, ел мен жердің тыныштығын күзетіп, сол антына адал болуы керек. Сондай-ақ, бұл әр ер жігіттің алға қойған мақсаты болуы тиіс деп санаймын. Сол себепті мақсатыма жету жолында Отан алдындағы борышымды өтеу үшін әскерге келдім. Бүгін де небір батырларды дүниеге әкелген, Жайықтың жағасындағы мұнайлы өлке Атырау қаласында әскери борышымды өтеп жатырмын, - деп Берік жауынгер атанғанын мақтан тұтты.

– Сарбаз атанғаныма қуаныштымын. Әскери өмірдің қыр-сырын меңгеріп, әскери тәртіпке әбден машықтанып алдым. Әскер–мінез мықтылығына ғана емес, туған өлкенің, ата-ананың, бауырлардың, достардың қадір-қасиетін ұқтыратын үлкен мектеп.  Сондықтан әр ер жігіт бұл мектептің табалдырығын аттап, өмірлік сабақ алып шығуы тиіс. Себебі, әскердің үйретері көп, алатын үлгі-өнегесі мол. Сырттан қарағанда әскери өмір қиын боп көрінгенімен мүлде олай емес. Керісінше, әскер көрген жігіттер тәртіп, төзімділік, тазалық, адалдық, бірлік сынды жақсы қасиеттерді бойына жиып, ел мен жердің қадір-қасиетін  ұғынады. Сондай-ақ, сарбаздың сарбаз атанып, әскери өмірдің қыр-сырын жіті түсінуіне әскердегі екінші әкесіндей, екінші анасындай боп кеткен командирлері зор үлес қосады. Әсіресе, бөлім, рота командирлері мен сержанттардың еңбегі зор. Олар әрдайым сарбаздардың жанынан табылып, қолдау көрсетеді. Өздерінің қызметке деген жауапкершіліктерін, антқа адалдығын іспен дәлелдеп, өзгелерге үлгі болып жүреді. Сондықтан осындай жан-жақты офицерлердің, әскери қызметшілердің санын арттырып, дәріптеп, басқаларға үлгі қылсақ, жастардың әскери өмірге деген оң көзқарасы қалыптасып, әскер қатарына келушілердің қатары артары сөзсіз, - деп Серікте аға бастықтарына өзінің шынайы ризашылығын білдірді.

Біздің басты қызметіміз қоғамдық тәртіпті сақтау, ішкі тыныштықты күзету болғандықтан тұрғындармен етене жақын байланыста боламыз. Сол күнделікті қызмет барысында байқағаным, атыраулықтар қонақжай әрі өте қарапайым. Талай атақты тұлғалар табан тіреген, атақты жазушылар қалам тербеген, небір батыр ұландар дүниеге келген қала. Алдағы уақытта әскери борышымызды абыроймен атқарып шыққан соң Атырау шаһарына сөзсіз қайтып келеміз, - дейді егіз сарбаздар.

Керімұлы Берік пен Серік Тараз қаласының тумалары. Отбасында 4 ағайынды. Әскерге дейін теміржол жөндеуші мамандығында оқыған. Әскерден кейін жоғары оқу орнына түсіп, білім алуды жалғастырғылары келеді. Басты мақсаттары еліміздің дамуына өз үлестерін қосу.

Сұхбат жүргізу барысында жас сарбаздар қоғамдық тәртіпті сақтау қызметіне дайындық үстінде еді. Ұлттық ұлан әскерінің атқаратын ең бір жауапкешілігі мол қызметтің бірі осы қоғамдық тәртіпті сақтау қызметі. Қызмет қаланың қоғамдық орындарында жүргізіледі. Әбден дайындалған, заң мен жарғыларды жаттаған сарбаздар топтарға бөлініп, қоғамдық орындардағы тәртіп бұзушылықтың алдын-алумен айналысады. Ұрлық пен қарақшылыққа, ұсақ бұзақылықтарға тосқау болып, тұрғындардың қоғамдық орындарда емін-еркін демалуын, жүріп-тұруын қамтамасыз етеді. Тәртіп сақшыларымен бірлесіп заң бұзушылық жасаған азаматтарды ұстап, шаралар қолданады. Басқа да кез келген оқыс оқиғалар болған жағдайда оқиға орнынан табылып, алғашқы көмек көрсетеді. Сондай-ақ, ізкесуші  қызметтік иттердің арқасында жоғалған немесе ұрланған заттарды табуға, тыйым салынған заттарды анықтауға да өз үлестерін қосады.

Қызметке дайындық сыртқы түрін, киім-кешегін қалыпқа келтіруден басталады. Сарбаздар арнайы қызметке киетін киімдерін тазалап, үтіктейді. Одан соң арнайы құралдарын алып, олардыңда сыртқы қалпын жөнге келтіреді. Себебі, қоғамдық орында жүрген сарбаздар әскеріміздің сыртқы бейнесі болып табылады. Кейде тұрғындар сарбаздардың сыртқы бейнесіне қарап, әскерге баға беріп жатады. Сондықтан сыртқы түрді қалыпқа келтіру, оның әдемі тұруы өте маңызды. Одан соң сарбаздар мен нұсқаулықтар жүргізіледі, тәрбие сағаттары өтеді. Аталған шаралар барысында сарбаздаға олардың міндеттері қайталанып түсіндіріледі. Сондай-ақ, келеңсіз жағдайларға тап болғанда оларды шешу жолдары, өз-өздерін қалай ұстау керектігі үйретіледі. Сарбаздардың қызмет алдындағы көңіл-күйлері зерделенеді. Рухтарын көтеру, бойларындағы Отан сүйгіштік қасиеттерін арттыру мақсатында батырлардың ерліктері туралы айтылып, мысалдар келтіріледі. Жауапкершіліктерін арттыру мақсатында заң талаптары жеткізіледі. Осылайша, қызмет алдында сарбаздардың рухтары көтеріліп, сенімділіктері артады. Арнайы құралдарының жұмыс күйі тексеріледі. Арнайы топтарға бөлініп, бақылау жүргізетін аймақтары анықталады. Барлығының сақадай сай екеніне көздері жеткеннен кейін қызметке бұйрық алу үшін саптық алаңға адым басады. Осылайша, қызметті адал атқаруға ант беріп қызмет орындарына жөнелтіледі.

Міне, Отан деп соққан егіз жүректі жауынгерлерміздің алдағы күндеріне сәттілік тілеп, қоғамдық тәртіпті сақтау қызметіне шығарып салдық. 

Қазақ батырларының білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған қасиетті, кең байтақ қазақ жері – бізге, бүгінгі ұрпаққа мұра болып қалған басты игілік деп білуге міндеттіміз. Осы, қазақ батырларының қаны тамған киелі жеріміздің қойнауындағы бар байлығымыз – тағы да осы батырларымыздың бізге аманат етіп тапсырған қазынасы. Осыны біз бүгін көздің қарашығындай қадіріне жетіп, сақтай білуіміз парыз. Бүгінде бұл парыз біздің – әскери қызметшілердің мойнына жүктелгені сөзсіз. Бұл абыройлы міндетті арқалау жауынгерлер үшін үлкен мәртебе. Берік пен Серік сынды қайсар жауынгерлеріміз барда артылған міндетті адал орындап, алға қойған мақсаттарға жетеріміз анық. Еліміздің ертеңі бүгінгі елім деп еміренген жастардың қолында. Жүрегіміз әрдайым Отан деп соқсын!

Серіков Бақытжан Маратұлы

Атырау қаласы, 5546 әскери бөлімі 

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -