Өнер өлкесіне із тастаған жауынгер

5962
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3477 әскери бөлімінің  дағдарысқа қарсы оқу орталығының тир маманы  сержант  Айдар Алдархан  шығыс жұртына  әскери қызметшіден бұрын, әншілігімен етене таныс.

Өнер өлкесінде өзіндік орынын қалыптастыруда  жан  аямай  еңбек еткен жауынгердің  жиырмаға жуық авторлық әнімен  тоғыз бейнебаяны бар. Осы орайда, бойындағы өнерін қайда жүрсе де, баптап, аялап, аспандатуға барын салған  азаматты сұхбатқа шақырдық. 

-  Армысың Айдын?  Әншілік өнер қайдан қонды? Өзің туып-өскен киелі топырақтан құт дарыған болар?  

-   Менің туған жерім Шығыс Қазақстан облысы Қатон-Қарағай  ауданы Аққайнар ауылы. Ауылым әрқашан да алтын бесік, шағын Отаным болып қайда жүрсем өшпес таңбадай жадымда қалды. Анам ақ халатты абзал жан. Аймақтағы денсаулық саласына сүбелі үлес қосқан еңбеккор һәм ісінің білгірі. Әкем болса мал шаруашылығымен айналысады. Жалпы, бойыма қонған өнер нағашы жақтан жұқты деп ойлаймын. Өйткені, шешеміздің туыстары ән айтып, қолына қалам алған жазушылар бар. Алайда, әкем де өнерден құр алақан емес. Той-томалақтың  көркін қыздырып, үнді әндерін жетеріне жеткізіп орындайтын әртістігі бар еді. Ауыл жұрты да әкемнің өнерпаздығын бағалайтұғын.  Әр алуан  мерекеге  ән  шырқауға аттанған әкем үйге кілем, қабырғасы сағатымен оралатұғын.      

Туған жердің саф ауасын жұтып, топырағында ойнап өскен ауыл баласы үшін ғажайып табиғат мекені, қазақ байтағының қиыры қашанда ыстық еді. Бірінен  бірі  бой  асырған  толқын  таулар мен басына  бұлт қонған құзар шыңдар оны аласармас биік,  өр болуға  баулыды. Қарағай, қайың басқан түкті таулардың баурайынан бастау алып, арқырап аққан бұрқырап асау да  бұйра толқынды бұлақтардың  маңдайдан өтер салқындығы Айдынды қызығы мен шыжығы мол өмірге шыңдай түсті. Жерұйық жерге айбын сыйлап, қасқайып тұрған алып жартастар тылсым тарихтан сыр шертендей ауыл баласына алысқа қарауды, тереңге көз тастауды үйретті. Аққайнарда мектеп қабырғасын  тәмамдаған жас түлек өнер мен спортқа бейім болып өседі. Арман қуып Өскемен қаласына келген ол музыка немесе дене шынықтыру мамандығына түсемін деп жоспар құрады. Алайда, еліміздің шығысынан ойып орын алған шаһарға келген бетте туыс-жақыны Айдынды бұл райынан қайтарады. Қалада тұратұғын бөле ағасы Еркін Айдынға музыканың мамандық болмайтындығын айтып, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі  болуды нұсқайды.  Ал, музыкаңмен  жұмыстан кейін де бос уақытыңда айналыссаң  болады деп ауыл баласын қалаған мамандығымен уақытша қош айтыстырады.  Ауылдан үлкенге құрмет көрсетуді тәбәрік көретін ізетті іні қаладағы ет-жақынның  айтқанына құлақ  асады.Осылайша,  жас түлек  студенттік  шағын  Өскемен қаласындағы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде өткізеді.  Білім  ошағында ол қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығына түседі. Жан-тәні қаламаған мамандықта білім алған студент бәрібір музыкадан қол үзбеді. Университет қабырғасында өткен кез келген қоғамдық шараларда белсенді болады. Түрлі ән байқауларында  топ жарады. Сондай-ақ, жайдарман ойындарына қатысып, сахнаға төселе бастайды. Ду-дүрмекте  өткен  студенттік  өмірін  аяқтаған  жалынды  жас Отан  алдындағы  борышын  өтеуге бел буады. Айдын Аукобаев 2006 жылы Қорғаныс министрлігіне қарасты Өскемен гарнизонындағы  27943  әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін  өтейді.  Әскери  нысанда  қатардағы   жауынгер  тұла бойына  дарыған  өнерінен  еш жырақтаған емес. Әскери  бөлімдегі  мәдени  шаралардан қалыс қалмай, өнер атаулыға  қатысты шаралардың басы-қасында болады. Әскери ортада  өзі  сияқты өнер өлкесіне қадам басқан Олжас  Нұрғалиев  атты  қарулас  досымен бірге дуэт құрады. Қатардағы  қос  жауынгерден құралған  дуэт  «Самғау»  атауымен  түрлі әскери  байқауларда  топ жарады. Тіпті, жергілікті әкімшілік әскери бөлімге келіп, аймақтық  ауқымдағы  іс-шараларда  өнер  көрсеткендерін қалап, бөлім басшылығына  жиі өтінетін көрінеді. Бұндай  сұранысты  күтпеген  «Самғау»  тобы  авторлық әндер жазып, мерзімді әскери қызметтерін өткергеннен кейін, өнер саласына толығымен бет бұрмақ болады. Алайда, енді аяғынан нық тұрып келе жатқан топтан Олжас Нұрғалиев отбасылық жағдайларға байланысты  шығып кетеді. Ал, мерзімді әскери қызметін абыройлы өткерген Айдын болса әскери ортаны сағынып, алдағы ғұмырын жауынгерлік қызметте жалғастырғысы келеді. Осылайша, Айдын Алдархан 2009-дың  ақпан  айында  Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік  қолбасшылығына қарасты 3477 әскери бөлімінің 3 арнайы комендатурасында  сақшы  болып  қызмет  істейді.  Бертін келе аталмыш әскери бөлімнің  дағдарысқа қарсы оқу орталығында  тир маманы болып қызмет  атқарады.  Әскери қызметшінің  музыкалық  альбомында  көбінесе  табиғат, туған жер тақырыбында сондай-ақ патриоттық  сарындағы әндер жинақталып қалыпты. Алайда, ғашықтық,  махаббат жайындағы  туындыларда   төбе  танытады.  Айдын  туған жер  тақырыбына  кеңінен  түрен салады. Әсіресе, «Катоным» әні тыңдарман қауымның қалың ықыласына ие болды. Керімсал майда желі мен саф ауасынан бөлек,  Катонның  тұмса табиғаты көрген  адамның көз жауын  алатыны  сөзсіз. Екінші Швейцария  саналатын  көркем  мекенге  ән арнап, жырға  қосқандар  көп болған  деседі. Алайда,  салмақты ән жазып, сапалы клип түсірген Ұлттық ұланның әскери қызметшісі екен.

- Жылына бір рет  Қатон-Қарағай ауданына бармасам мауқымды баса алмаймын.  Ауыл жұрты да сағына мені күтеді.  Өткен жылы  қаңтар айының алтыншы жұлдызы күні аудан күнін атап өтпек болады жергілікті жұрт. Атаулы күнге орай ауылға   Тоқтар Серіков, Өктем Алтаев сынды атағынан ай жасырынатын әншілермен бірге менің де шырайлы кешке қатысатыным туралы ақпараттар тарап жатты. Алайда жауынгерлік қызметтің маңызды жұмыс екендігі белгілі. Мен әскери бөлімнен сол уақытта шыға алмай қалдым. Артынан өнерпаздардан естім, білдім. Ауылдағы айын аңсары ауып, елеңдеп жұрт мені іздеп, сарғайып күткен көрінеді.  Афишада суреті болған соң сол үшін келдік кейбірі концерттен өкпелі шыққан көрінеді. Әрине, мен де артымнан белгісі себеппен концертке қатыса алмағанымды айтып, бұқараның алдында басымды иіп кешірім сұрадым. Жалпы, бұдан не байқауға болады? Басқасы басқа, Катон халқы үшін сұранысқа ие өнерпаз екенімді аңғаруға болады. «Катоным» әніне түсіріген бейнебаян «Тойдуман», «Гәкку» атты еліміздегі музыкалық арналардан  жиі көрсетіледі. Телеарна сүзгісінен  өтіп,  қалың көрерменге  жол тапқан он шақты бейнебаяным бар. Осы орайда,   туған  жерге  арналған бейнебаян түсіруіме ықпал еткен  жерлестерге  алғысым  шексіз.  Ауыл азаматтары  бейнебаянның  кеңінен  насихатталауын қадағалап, көмектесті. Мен  Ұлттық ұлан қатарында жүріп,  Алаштың астанасы  Семей қаласындағы   Шәкәрім атындағы  университетіне  музыка саласы бойынша сырттай оқып,  жоғары  білім алдым. Арнайы білім  менің өнерімнің шыңдалуына зор серпін сыйлады.   

 -  Жаңа әніңізді жұртқа жарияламас бұрын алдымен кімге тыңдатасыз? Жалпы, сіздің шығармашылығыңызға кім  сыншы? 

-  Жалпы, шалажансар  шикі туындыларымды  белгілі композитор әрі танымал продюсер Лұқпан Жолдасовқа көрсетемін. Өнер майталманы  іждағаттылық  танытып, тыңдағаннан  кейін бағыт  бағдарын,  әрлейтін,  үдететін   тұсын  түртпектеп, қазақи нақышына келтіреді. Жалпы, ол азаматтың  елегінен өткен әндер  әрдайым тыңдарман жүрегінен өшпестей орын алып жатады. Өнер өлкесі жанына жақын тартқан ағамызбен 2006 жылдан бастап аралас-құраластығымыз басталған болатын. Содан бері байланысымыз үзілген жоқ.  Жалпы, қазақ эстрада әншілерімен тату-тәттімін. Шығармашылық кештеріне жиі шақырып тұрады. Отандық шоу бизнес өкілдерімен тығыз қарым-қатынастамын. Айталық, Астана қаласында Конгресс холда өткен сазгер Марат Ілиясовтың «Сағындырған әндер-ай» атты шығармашылық  кешінде танымал әнші  Индира  Расылханмен дуэт құрып, әнін орындадық. Есімі елге мәлім Мақпал Жүнісова апайымыз алпысқа толған шығармашылық  ән кешіне арнайы қонақ  ретінде  шақырды. Ол кеште мен «Кездесеміз» әнімен қалың көпшіліктің ыстық қошеметіне ие болдым.

-  Жауынгерлік қызметтің маңызы да, жауапкершілігі жоғары. Әскери салада жүріп, өнермен айналысу қиындық тудырмады ма?   

- Әскери ортада жүрген адамның  бос уақыты шектеулі. Дабыл қағылса, жедел түрде тиісті орынннан табылу қажетсің. Әмбе, мен музыкаға бағытында,  әскери клубта немесе оркестр қатарында болмадым. Тіпті, тәрбие  және әлеуметтік  құқықтық  жұмыстар  жөніндегі  бөлімде де қызмет жасамадым. Мен үшінші комендатурада сақшы болып жұмыс жасадым. Қолымнан қару, бойымнан қырағылық қабілет түспеді. Жалпы, қос кеменің құйрығын тең ұстап жүрген өзімді бақытты санаймын. Неге дейсіз бе? Қоғамда қаншама  музыкалық білімі бар, онымен қоймай, қызыл дипломға бітіргендер қаншама көп. Алайда олардың бір авторлық әні жоқ. Ал, менің жиырмаға жуық әнім бар. Алашқа атым әйгі демесем де, шығыс жұрты үшін танымал тұлғамын деп ауыз толтырып айта аламын. Әсіресе,  «Катоным», «Ауылымда күнде той» әні,  «Әкешім, анашым»  әндері көпшілік көкейінде сақталды.

Төрт  баланың  ардақты  әкесі жанұяға  қамқор.  Өнерлі жанның  үй-іші де өнер кеніші.Үлкен ұлы Айбын  тау қопарарлық шығармашалық қабілетке ие. Ол Өскеменда балаларға арналған театрға барады. Ол онда өнер майталмандарының бала күндерін сомдап машықтанған. Астанада өткен  дүниежүзілік көшпенділер ойындарда Мұхтар Әуезовтің  «Көксерек» туындысының сахналандырған көрінісінде бала Құрмаштың рөлін  жан тебірентерлік түрде сомдайды.  Әділқазылар алқасының шешімімен Айбын сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаз атанып, Түркия еліне  саяхат жасауға мүмкін алыпты.

Айдын Алдархан келер жылы жеке шығармашылық кеш беруді жоспарына енгізіпті. Бүгінгі таңда Ұлттық ұлан сапында он жеті жылдай қарышты қызмет атқарған азамат  «Ұлттық  ұлан  үздігі» , «Шығыстың  үздік  ізденімпаз  әншісі» медальдарының иегері. Алдағы уақытта ұландық жастардың бойында Отансүйгіштік рухын оятатын  сан түрлі патриоттық әндер жазуды қолға алмақ.  Біз де өнер өлкесіндегі жүрген жауынгерге шығармашылық табыс тілейміз.  

Сержант Рүстем Мұхамет-Рақым

Өскемен қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -