Қарулы күштер Зымыран әскерлері мен артиллерия күнін атап өтуде

22220
Фотосурет: Gov

ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында кәсіби мерекеге арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Іс-шараға Қарулы күштер түрлері бас басқармаларының, әскер тектері қолбасшылығының өкілдері және ардагерлер қатысты.

Жеке құрамды кәсіби мерекемен Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов құттықтады. Ол ардагерлердің осы әскер тегінің қалыптасуы мен дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтті.

 

– Қорғаныс министрлігінің басшылығы зымыран әскерлері мен артиллерияны соңғы үлгідегі оптикалық, радиолокациялық және әуе барлау құралдарымен жарақтандыру, қолда бар қару-жарағын жаңғырту бойынша барлық шараларды қабылдауда, жауынгерлік қолданудың жаңа тәсілдері мен атысты басқарудың автоматтандырылған жүйелері енгізілуде. Қарулы күштерді дамытудың қазіргі кезеңінде зымыран әскерлері мен артиллерия бөлімдері мен бөлімшелерінің әскери қызметшілері еліміздің әскери қауіпсіздігін нығайту ісіне лайықты үлес қосып келеді, - деді ол. Артиллериялық бөлімшелер ұдайы «Бірлестік», «Өзара іс-қимыл», «Айбалта» сияқты халықаралық деңгейдегі жалпы әскери жаттығуларға қатысады. Армия халықаралық ойындарының «Артиллериядан оқ ату шеберлері» конкурсында қазақстандық артиллеристер бес жыл бойы дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсете отырып, бірінші орынды иеленді.

Артиллерия – әскерлердің көне қару түрінің бірі, алайда қазақстандық артиллеристердің өз мерекесі Қорғаныс министрінің директивасымен Зымыран әскерлері мен артиллерия қолбасшысының басқармасы құрылған кезде 2000 жылы ғана пайда болды. Бүгінгі таңда Зымыран әскерлері мен артиллерияның жауынгерлік қуатының негізін тактикалық зымырандардың құралымдары, гаубица, зеңбірек, реактивті және танкке қарсы артиллерияның бөлімдері, артиллериялық барлау, мина атқыштар мен танкке қарсы бөлімшелер құрайды.

Артиллерияның «соғыс құдайы» аталуы да кездейсоқ емес.  Өйткені олар ең қуатты және алысқа атушы қару. Аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы өзінің «Командир күнделігінде» жаяу әскерді сақтаудың жолы осы атыс құралында екенін жазған.

Жауынгер-артиллерист мамандығы тек батылдық пен ісіңе адал болуды ғана емес, сонымен қатар атыс тапсырмаларын орындау, нысананың нақты координаттарын анықтау және артиллерияны баптау кезінде бөлімшелерді басқарудың арнайы білімі мен дағдыларын үйренуді қажет етеді. 

Кәсіби мерекеге арналған салтанатты жиында бірқатар әскери қызметшілер құрмет грамоталарымен марапатталды. Іс-шара Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған концертпен аяқталды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -