Оңтүстік тәрбиешілерінің жиыны

4004
Фотосурет: «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы

Алматыда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімше (топ) бастықтары мен батальон командирлері орынбасарларының және әскери бөлімдердегі әскери қоғамдық ұйымдар төрағаларының үш күндік практикалық дайындығы өтті.

Алқалы жиынға Алматы, Шымкент, Талдықорған, Қызылорда және Тараз қалаларынан келген 50-ге жуық Ұлттық ұланның тәрбиешілері мен әскери қоғамдық ұйымдардың төрағалары қатысты. 

Жиынға басшылық жасаған «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Ниязтай Әлкешев әскердегі жеке құрамның тәрбие жұмысын заманауи деңгейге көтеру үшін бірқатар маңызды мәселелерге баса мән беруге шақырды.

Ауқымды шара барысында өңірлік қолбасшылықтағы заңдылық пен әскери тәртіптің жағдайы, оны нығайтудағы әскери қоғамдық ұйымдардың міндеттері туралы сөз қозғалды. Соның ішінде әйелдер кеңесі, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер кеңесі, ардагерлер кеңесі сияқты ұйымдар жұмыстарының маңызы, бөлімнің жалпы қал-ахуалына тигізер әсері мен жеке құрамды тәрбиелеудегі рөлі ерекше аталып өтті.

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы ғимаратында басталған жиынның шымылдығын өңірдің бас тәрбиешісі полковник Ниязтай Әлкешев пен Алматы қалалық мәслихат депутаты Елена Бакарасова түріп, «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» тақырыбындағы Президент жолдауының басым бағыттары мен міндеттерін жеткізді. Елімізде болып жатқан саяси-экономикалық реформаға байланысты өз ойларымен бөлісті. Мемлекеттің қауіпсіздігін сақтауда, қоғамдық тәртіпті орнатуда құқықтық тәртіп әскерінің алатын орны ерекше айтылды. Сонымен қатар ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, жастардың қоғамдық санасын дамыту, Әділетті Қазақстан үшін адал азаматтарды тәрбиелеу мәселері бойынша қызу талқылау болды.

- Біздің бүгінгі жиналып отырғандағы басты мақсатымыз әскердегі тәрбие жұмысын ұйымдасстыру мәселелерін жетілдіру, қазіргі талапқа сай оңтайлы мүмкіндіктерін талқылау және тәрбие жұмыстары бойынша жақсы ойлары болса бөлісіп, бір-бірімен пікір алмасу. Сондай-ақ әскери қоғамдық ұйымдардың жұмыстарын сараптау, - дейді оңтүстік өңірінің бас тәрбиешісі полковник Ниязтай Әлкешев.

Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы подполковник Арман Сеитов бөлімдер мен бөліністерде берік әскери тәртіпті, заңдылық пен құқықтық тәртіпті ұстануда, өз қызметтік міндеттерін үлгілі орындауға әскери қызметшілерді жұмылдырудағы әскери қоғамдық ұйымдардың жұмысын қалай жүзеге асыру керектігін жеткізді. Сонымен қатар әр офицер басшылық құжаттарды қаншалықты меңгергендігі тексеріліп, жауынгерлік даярлықтың негізгі пәндері бойынша сынақтар тапсырды.

Тау тұлғалы тәлімгер – әскер ардагері запастағы полковник Сабыржан Сүлейменов «Әскери бөлімдердің ардагерлер кеңесімен тәлімгерлік жұмысты ұйымдастыру мәселесі» туралы әскери тәрбиешілермен кеңінен талқылап, тұжырымды ойын ортаға салды. Ал «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары запастағы подполковник Рафаиль Абдыкеев пен 5571 әскери бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы майор Берік Алмағамбетов «Әскери қызметшілердің әлеуметтік осал отбасыларымен әскери қоғамдық ұйымдар жұмысының ерекшелігі және отбасылық-тұрмыстық мәселелерді шешу жолдары» тақырыбында сабақ өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Журналист Алма Кенжебекова бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жасауда қандай негізгі қағидаларға баса мән беру қажеттігі жайында кеңінен дәріс оқыды. ІІО және Ұлттық ұланмен байланысты шыққан кейбір жалған ақпараттар қоғам арасында резонанс тудырып жататыны рас. Мұндайда шұғыл әрекет етіп, қысқа мерзімде нақты әрі толық расталған мәліметті жариялау қажеттігі төңірегінде бірқатар ұсыныстар айтып, жан-жақты ақпарат берді.

Маңызды басқосуда әскери қызметшілер арасында моральдық-психологиялық дайындық пен суицидтің алдын алуға, жарғылық емес қарым-қатынастарды жоюға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысты тиімді ұйымдастыру, офицерлердің кәсіби біліктілігін арттыру тәрізді бірқатар мәселелер қаралды.

Үш күн бойы жиынға қатысушы офицерлермен әдістемелік сабақтар, семинарлар, дәрістер және жауынгерлік қызмет пен оқудың үздіктерін құрметтеу кеші секілді ашық сабақтар өткізілді.  Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайында танымдық сабақ та ұйымдастырылды.

Қорытындылай келе, үш күнге созылған Алматы төріндегі жиынның тәрбие саласы офицерлерінің білімін шыңдап, кәсіби дайындықтарын пысықтауына, өзара тәжірибе алмасуларына айтарлықтай ықпалы болғаны сөзсіз.

Подполковник

Бақыт Әліпбаев,

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -