Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, мемлекеттік органдар мен Alaqan Technologies стартапымен бірлесіп, мемлекеттік мекемелерде «Alaqan» алақан іздері бойынша биометриялық верификация жүйесінің пилоттық жобасын енгізуде. Бұл жоба мектептер мен балабақшалардағы балалардың қауіпсіздігін арттыруға, мемлекеттік мекемелердегі қызметкерлердің кіру-шығуын бақылауға және бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуын болдырмауға бағытталған, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазіргі таңда «Alaqan» жүйесі Шымкент қаласы әкімдігінде, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ, сондай-ақ бірнеше мектептер мен балабақшаларда орнатылған. Бұл технологияның мақсаты — балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау, қызметкерлердің кіріп-шығуын тіркеу, сондай-ақ бюджет шығынын арттыратын жалған жазбаларды анықтау.
Бүгінгі таңда жоба Ақмола облысындағы 91 мектепті және Ақтөбе облысындағы 68 мектепті қамтиды. Пилоттық режимде ол Батыс Қазақстан, Түркістан және Қарағанды облыстарының бір мектебінде енгізілді. Алдағы екі жылда Қарағанды облысының 150 мектебінде жүйені орнату жоспарлануда.
Сонымен қатар, «Артспорт» және «Дарабала» жобасы аясында Alaqan жүйесі Көкшетаудың 19 қосымша білім беру нысандарына баруды есепке алу үшін сәтті пайдаланылуда. Енгізу нәтижесінде ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап бюджет қаражатын үнемдеу 60 миллион теңгеден асты.
Бүгінгі таңда жүйеде 124 мыңнан астам оқушы және 10 мыңға жуық мектеп қызметкерлері тіркелген. Оң нәтижелерді ескере отырып, жобаны стратегиялық маңызды объектілерге кеңейту мүмкіндігі қарастырылуда.