ҚДКБҚ кепілдігі жеке тұлғалардың депозиттік шоттарының 100% -на таралады және халықаралық нормаларда белгіленгендей салымшылардың жалпы санының 90-95% шегінде толық қамту көрсеткішіне толық сәйкес келеді. Қазақстандық салымшылардың барлық шоттарының 99,8% -ы толық сомаға қорғалған.
Депозиттерге кепілдік беру жүйесі салымшыларды қорғау және елдегі тұрақтылықты сақтау үшін қажет
Банк секторындағы үнемі өзгеріп отыратын ортада халықтың депозиттерін қорғау қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етудің ажырамас бөлігі болып табылады. Басқа елдердің тәжірибесі банктер банкрот болған жағдайда салымшылардың жоғары осалдығын дәлелдеді. Тіпті бір банктің банкроттығы жаппай қаражат алуды тудыруы мүмкін және жүйедегі басқа тұрақты банктер үшін жағдайды нашарлатуы мүмкін. Жүйелі тәуекелдерді азайту, салымшылардың қашуын болдырмау және халықтың банктерге деген сенімін арттыру қажеттілігі елдерді салымшыларды қорғау жөніндегі шараларды енгізуге итермеледі. Осылайша 1930 жылдардағы Ұлы тоқыраудан кейін 1933 жылы АҚШ-тағы депозиттерге кепілдік берудің алғашқы жүйесі пайда болды. Содан кейін басқа елдер де өздерінің кепілдік жүйелерін құра бастады. Банктердің банкроттығы кезінде депозиттер бойынша шығынды өтеу түрінде салымшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау негізгі міндет болды.
1997-1998 жылдары Азия қаржы дағдарысы депозиттерге кепілдік берудегі кемшіліктерді анықтады. Содан кейін көптеген елдер депозиттердің толық көлемде қорғалуына кепілдік берді. Бұл моральдық тәуекелге әкелді – банктердің салымшылар алдындағы міндеттемелері бойынша толық кепілдігі оларды халықтың депозиттерін қабылдау кезінде тәуекелдерді басқаруға ынталандырмады. Мұндай жағдай дағдарысты тудырды, оның салдарымен үкіметтер мен депозиттерді сақтандырушылар күресуге мәжбүр болды. Депозиттерге толық кепілдік беру қандай тәуекелдерді алып келетіні белгілі болды және бұл депозиттерді қорғауды нығайтуда маңызды рөл атқарды.
Депозиттерге кепілдік берудің тиімді жүйесін құру үшін банктерді тәртіпке келтіретін және салымшылардың көпшілігін қорғайтын кепілдік деңгейі қажет
Дағдарыстың салдарымен күресу аясында 2002 жылы депозиттерді сақтандырушылар қызметінің тиімділігін арттыру үшін Депозиттерді сақтандырушылардың халықаралық қауымдастығы (IADI) құрылды. Бұл ұйым бүкіл әлемдегі депозиттерді сақтандырушылар үшін бағдар болып табылатын негізгі принциптерді қалыптастырды. Принциптердің бірі депозиттерге кепілдік берудің тиімді жүйесі депозиттердің кепілдендірілген өтеу деңгейін анықтауы керек дейді. Бұл ретте ол мөлшері бойынша сенімді түрде шектеулі және салымшылардың көпшілігін қамтуы тиіс, сонымен бірге депозиттердің едәуір көлемі нарықтық тәртіпке салынуы тиіс. Депозиттерді кепілдендірілген өтеу деңгейін, атап айтқанда, банк лицензиясынан айырылған жағдайда салымшыға төленуге тиісті ақшаның ең жоғары сомасын белгілеу кепілдік беру шекараларын нақты белгілеуге және дезопиттерге кепілдік беру жүйесін салымшылар үшін неғұрлым түсінікті және ашық етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте салымшылардың жеткілікті қорғалуы мен нарықтық тәртіп арасындағы теңгерім сақталады.
Қазақстандағы жеке тұлғалардың депозиттері бойынша кепілдік деңгейі нақты анықталған және шоттардың басым көпшілігін қамтиды
Халықтың қаржы жүйесіне деген сенімін арттыру мақсатында 1999 жылы Қазақстанда депозиттерге кепілдік беру жүйесі құрылды. Қазіргі таңда ҚДКБҚ 25 жыл жұмыс істейді. Осы кезеңде экономикадағы өзгерістерге байланысты кепілдік мөлшері бірнеше рет көтерілді. Бүгін сегментке байланысты кепілдіктің максималды мөлшері келесідей:
- теңгелік жинақ депозиттер бойынша – 20 млн теңге;
- теңгедегі өзге депозиттер: салымдар, төлем карточкалары, банк шоттары бойынша – 10 млн теңге;
- шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 млн теңге.
Кепілдіктің белгіленген сомалары халықтың депозиттерін кепілдікпен өтеу толықтығы тұрғысынан жеткілікті болып табылады. Кепілдік әрбір сегмент бойынша шоттардың басым көпшілігін қамтуға мүмкіндік береді.
Кепілдікпен толық қамтылған 20 млн теңгеге дейінгі қалдықтары бар жинақ депозиттері бар шоттар саны 93% -ын құрайды.
Кепілдікпен толық қамтылған 10 млн теңгеге дейінгі қалдықтары бар депозиттік шоттар саны 99,8% -ын құрайды.
5 млн теңгедегі валюталық депозиттер бойынша кепілдік деңгейі (баламасы шамамен 10 мың АҚШ доллар) салымшылардың көптеген шоттарын өтеу үшін жеткілікті болып табылады, өйткені мұндай шоттардың 99,7% -ы кепілдікпен толығымен өтеледі.
Жалпы, ҚДКБҚ кепілдігі салымшылардың барлық шоттарының 99,8% -ын толық көлемде өтейді. Кепілдікпен толық өтелетін шоттар саны бойынша IADI-дің 2023 жылғы жыл сайынғы сауалнамасының деректеріне сәйкес, Қазақстан 32 елдің ішінде 6-орында тұр. Депозиттерді кепілдікпен, оның ішінде сегменттер бойынша өтеу көрсеткіші IADI қағидаларына толық сәйкес келеді.
Қазақстандағы кепілдік деңгейі ішкі экономикалық факторлар және мемлекеттік саясаттың мақсаттарынан тәуелді
Ішкі экономикалық факторларға мыналар жатады: жан басына шаққандағы ЖІӨ, ҚДКБҚ арнайы резервінің жеткіліктілігі, мемлекеттік саясаттың мақсаттары, инфляция деңгейі, депозиттік базаның өсуі. Олардың негізгілерін толығырақ қарастырайық.
1. ХВҚ зерттеулеріне сәйкес кепілдік деңгейі жан басына шаққанда 1-2 ЖІӨ-нен асуы керек. Себебі экономиканың даму деңгейі мен халықтың табысы жинақтардың өсуіне әсер етіп, кепілдік мөлшерін анықтайды. Көптеген елдер депозиттер бойынша кепілдік мөлшерін жан басына шаққандағы ЖІӨ-нен 2-3 есе асатындай етіп белгілейді. ЕАЭО-ның басқа елдерімен салыстырғанда Қазақстандағы кепілдік мөлшері ең жоғары (44 мың АҚШ доллары) болып табылады және жан басына шаққандағы ЖІӨ-нен 3 есе асады.
Қазақстандағы депозиттер бойынша кепілдік мөлшері ЕАЭО елдері арасында ең жоғары болып табылады
2. ҚДКБҚ арнайы резерві белгіленген кепілдік деңгейі бойынша шоттардың басым көпшілігін өтеу үшін жеткілікті болып табылады. Арнайы резерв – бұл банк таратылған жағдайда халықтың жинақтарын қорғайтын «қауіпсіздік жастығы» деп аталады. Дәл осы активтерден кепілдік өтемақы төленеді. Депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы Заңға сәйкес арнайы резервтің нысаналы мөлшері барлық кепілдік берілген депозиттер сомасының кемінде 5% -ын құрауға тиіс. Халықаралық тәжірибемен салыстырғанда Қазақстандағы арнайы резерв деңгейі өте жоғары. Ағымдағы жылдың қазан айындағы жағдай бойынша ҚДКБҚ резерві 1,3 трлн теңгені, немесе барлық кепілдік берілген депозиттер сомасының 5,9% -ын құрады. ҚДКБҚ арнайы резервінің ағымдағы мөлшері жеке тұлғалар шоттарының басым көпшілігін өтеу үшін жеткілікті.
3. Қазақстандағы кепілдік деңгейі депозиттерді қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың мақсаттарына сәйкес белгіленген. Қазақстанда мерзімді және валютаға байланысты салымдардың әртүрлі санаттары үшін сақтандыру өтемінің сараланған мөлшері көзделген.
Осылай, 2015 жылы ұлттық валютаны қолдау және жеке тұлғалардың теңгелік салымдары бойынша девальвациялық күтулерді азайту үшін кепілдік 5 млн теңгеден 10 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл ретте шетел валютасындағы депозиттер бойынша кепілдікті өтеудің ең жоғары мөлшері 5 млн теңге деңгейінде қалды. Бұл депозиттік базаны долларландыру деңгейін 2015 жылғы 79% -дан 2024 жылы 25% -ға дейін төмендету факторларының бірі болды.
2018 жылы банктерді тұрақты қорландыруды ұлғайту мақсатында нарықта депозиттің жаңа түрі – жинақ салымы пайда болды. Оның тартымдылығын арттыру үшін кепілдікті өтеудің ең жоғары сомасы 15 млн теңге көлемінде белгіленді. Нәтижесінде жинақ салымдарының үлесі 2018 жылдан бастап 0,3% -дан 2024 жылы 9% -ға дейін өсуде.
Тарихи тұрғыдан алғанда, Қазақстандағы кепілдік деңгейі өзгеріп отырған экономикалық жағдайды ескере отырып, бірнеше рет синхронды түрде өзгерді. Бірқатар халықаралық дағдарыстар мен Қазақстандағы инфляцияның күрт өсуі соңғы рет 2022 жылы оған қайта қарауға себеп болды. Сол кезде теңгелік жинақ салымдары бойынша кепілдік сомасын, сондай-ақ бір банкте жинақ салымынан басқа салымдары бар салымшылар үшін өтемнің жиынтық сомасын және депозиттердің басқа да түрлерін 20 миллион теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды.
Осылайша, Қазақстанда валюталық және жүйелік тәуекелдерді азайту, сондай-ақ банктерді тұрақты қорландыруды дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың мақсаттарына, сонымен қатар кепілдік деңгейлерін белгілеудегі сараланған тәсілдің көмегімен қол жеткізілді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда депозиттерді кепілдікпен өтеу деңгейі қаржылық тұрақтылық мақсаттарының орындалуын қамтамасыз етеді және ТМД елдері арасында ең жоғары деңгейлердің бірінде тұр
ҚДКБҚ кепілдігі жеке тұлғалардың депозиттік шоттарының 100%-на таралады, сонымен қатар халықаралық нормаларда белгіленгендей салымшылардың жалпы санының 90-95% шегінде қамту көрсеткішіне толық сәйкес келеді. Нәтижесінде кепілдіктің ағымдағы деңгейі барабар және жеткілікті. Бұл ретте ҚДКБҚ озық халықаралық тәжірибелерді қадағалауды және азаматтардың банк жүйесіне деген сенімін қолдау мақсатында депозиттерге кепілдік беру жүйесін жетілдіруді жалғастыруда.