Мүлікті сақтандыру: табиғи апаттардан қорғау

8932
Фотосурет: freepik.com

Әр адам өз баспанасына немесе көлігіне ие болуға тырысады. Біздің меншігіміз – бұл әл-ауқаттың көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар біздің еңбегіміздің нәтижесі. Сондықтан оны күтпеген қауіптерден сақтау және қорғау өте маңызды, деп хабарлайды DKnews.kz. 

Мүлікті сақтандыру дегеніміз не?

Мүлікті сақтандыру – бұл күнделікті өмірде туындайтын тәуекелдерді азайту тәсілі. Кез келген мүлікті сақтандыруға болады: үй, пәтер, автомобиль, тұрмыстық техника, жиһаз, картиналар және басқалар. Сақтандырудың болуы иесіне өрт, су тасқыны, тонау және т.б. сияқты күтпеген жағдайлар туындаған жағдайда сақтандыру компаниясынан өтемақы алуға мүмкіндік береді.

Қазақстанда мүлікті сақтандыру ерікті негізде жүзеге асырылады және оның түрлері, талаптары мен тәртібі шартта айқындалады. Нарықта стандартты нұсқадан бастап, орташа тұтынушының сұраныстарына сәйкес келетін, сақтандыру ұйымдары клиенттерінің жеке тілектерін қамтитын мүлікті сақтандырудың кеңейтілген кешенді шарттарына дейін әр түрлі өнімдер бар.

Шартқа неғұрлым көп тәуекелдер енгізілсе, сақтандыру құны соғұрлым жоғары болады. Сақтандыру құнына сақтандыру объектісінің орналасқан жері, оны пайдалану талаптары және т.б. сияқты факторлар да әсер етеді. Сақтандыру тарифтерін сақтандыру ұйымы тәуекел дәрежесіне айтарлықтай әсер ететін факторларға байланысты белгілейді. Сақтандырудың барлық талаптары шартта көрсетіледі, онда сақтандыру төлемін жүзеге асырудың не жүзеге асырудан бас тартудың тәртібі мен мерзімдері де қамтылады. Сақтандыру төлемі сақтандыру шартында көрсетілген сақтандыру сомасы шегінде мүлікке келтірілген нақты залал мөлшерінде жүзеге асырылады. Мүлікті сақтандыру кезінде сақтандыру сомасы шарт жасасу сәтінде оның нақты құнынан аспауға тиіс.

Мүлікті сақтандыруға деген қызығушылықтың өсуі

Соңғы үш жыл ішінде тұтынушылардың Қазақстанда мүлікті ерікті сақтандыруға деген қызығушылығы айтарлықтай өсті. 2023 жылдың қорытындысы бойынша сақтандыру ұйымдары 49,6 трлн теңгеге мүлікті сақтандырып, 210 млрд теңгеден астам қаражат жинады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 27%-ға және 2021 жылмен салыстырғанда
44%-ға көп. 2023 жылы зардап шеккен мүліктің иелеріне 68,7 млрд теңге төленді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 72%-ға және 2021 жылмен салыстырғанда 406%-ға артық.

Қазіргі уақытта мүлікті ерікті сақтандыру үлесі сақтандырудың жалпы көлемінде шамамен 33%-ды құрайды. Қызметтерді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар 13 сақтандыру ұйымы көрсетеді. Сақтандырудың ең танымал түрлерінің бірі мүлікті зақымданудан сақтандыру болып табылады.

Табиғи апаттардан қорғау

Қазіргі уақытта мүлікті табиғи апаттар қаупінен қорғау саласында жағдай аса қуантарлық емес. Статистикаға сәйкес, тұрғын үй-жайларды табиғи апаттардан сақтандырумен қамту орташа есеппен ел бойынша 3,2%-ды және Алматы қаласы бойынша 7,7%-ды құрайды. Бұл халықаралық стандарттар бойынша өте төмен көрсеткіш, бұл азаматтардың өз мүлкін апаттардан қорғаудың маңыздылығын жетік түсінбеуінің айғағы.

БҰҰ-ның бағалауы бойынша, Қазақстан аумағының 75%-ы түрлі табиғи апаттар тәуекеліне бейім. Су тасқыны жағдайы тәуекел аймағындағы ғимараттардың көпшілігі сақтандырылмағанын көрсетті, бұл азаматтар мен кәсіпкерлер үшін елеулі қаржылық шығындарға әкелді. Сақтандыру ұйымдарына орын алған сақтандыру оқиғалары туралы тек 165 өтініш келіп түсті, ал зардап шеккендерден мәлімделген талаптардың сомасы 745 млн теңгені құрады, мемлекет тарапынан су тасқыны салдарын жоюға шамамен 137 млрд теңге бюджет қаражаты бөлінді.

Өкінішке қарай, бүгінде еліміздің қауіпті аймақтарында тұратын азаматтар мүлікті сақтандыруды қаржылық шығындардан қорғау ретінде қарастырмайды. Сонымен қатар, мұндай жағдайларда ерікті апатты сақтандыру зиянды өтеуге және қираған тұрғын үйді тезірек қалпына келтіруге көмектеседі.

Халықаралық апатты сақтандыру тәжірибесі

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, апатқа ұшыраған елдерде мүлікті апаттық тәуекелдерден сақтандыру көбінесе міндетті болып табылады. Ерікті сақтандыру сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру төлемдерінің сомасын ұлғайтудың қосымша мүмкіндігі ретінде міндеттемемен қатар әрекет етеді.

Мысалы, АҚШ-та су тасқыны қаупі бар штаттарда тұратын немесе бизнес жүргізетін адамдар үшін міндетті сақтандыруды қамтамасыз ету көзделген. Сақтандыру коммерциялық ұйымдарда жүзеге асырылады және мемлекет қосымша қайта сақтандырады. Мүліктік сақтандыру кең таралған Испанияда сақтандырудың ерікті түрі қолданылады. Төлемдер апаттардан болған шығындарды өтеу үшін арнайы өтемдік сақтандыру қоры (Consorcio de Compensacion de Seguros) арқылы жүзеге асырылады.

Түркияда 2000 жылдан бастап жер сілкінісі қаупінен міндетті сақтандыру қолданылады, ол тұрғын үй сатып алу кезінде ресімделеді және сақтандыру полисінсіз қандай да бір операция жүргізу мүмкін емес, мысалы, коммуналдық қызметтерге қосылу, жылжымайтын мүлікті тіркеу. Мұндай шара қалалық тұрғын үй объектілерінің шамамен 50%-ын сақтандырумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 

Халықаралық тәжірибе апаттық сақтандыру  халықты барынша көп қамтыған кезде және ол көпдеңгейлі тәсілге, мемлекеттік-жекешелік әріптестікке негізделгенде ғана сәтті әрі тиімді болатынын көрсетіп отыр.

Апаттық сақтандырудың нұсқалары

Климаттың жаһандық өзгеруі бүкіл ел бойынша, Қазақстан үшін де маңызды сын-қатер болып табылады.  БҰҰ сарапшыларының бағалауы бойынша 2030 жылдарға қарай орташа жылдық температура Қазақстанда шамамен 2 градусқа, ал 2050 жылдарға қарай 3 градусқа  көтеріледі, бұл елдің ауыл шаруашылығына, су ресурстарына, жайылымдарына және орманына зиян келтіруі мүмкін. Оның үстіне табиғи апаттардың саны мен көлемі де өсуде, сондықтан азаматтардың мүлкін әлеуетті  зияннан қорғау үшін табиғат апаттарынан сақтандыру құралдарын пайдалану мүмкіндігін қарастыру маңызды.

Қазіргі уақытта Қазақстан үшін оңтайлы модельді таңдау үшін апаттық сақтандырудың түрлі нұсқалары қаралуда. Халықаралық тәжірибе сақтандыру моделі ерікті сақтандыруды қамтитын қорғаудың бірнеше тетігін көздейтін мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттарына негізделуі тиіс екендігін көрсетіп отыр.

Қазақстанда апаттық тәуекелдерден сақтандырудың тиімді моделін енгізу мемлекет бюджетіне жүктемені азайтуға мүмкіндік береді және баспанасы қауіпті өңірлерде орналасқан халықты сақтандырып қорғауды қамтамасыз етеді.

Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаментінің директоры Елена Филимонова

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -