Қазақстан жаһандық сын-қатерлерді шешу үшін ЕҚЫҰ институттарын нығайтуға шақырды

1045
Фотосурет: Gov

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің 32-ші отырысына қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кездесуге қатысушылар Финляндия төрағалығының нәтижелерін қарастырды, ЕҚЫҰ өңіріндегі негізгі қауіпсіздік мәселелерін бағалап, пікір алмасты және Ұйымның институционалдық мәселелерін шешу жолдарын талқылады.

Өз сөзінде Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Хельсинки қорытынды актісі мен Астана декларациясының мерейтойлары ЕҚЫҰ-ның негізін қалаушы қағидаттарының өзектілігін айқын көрсететінін атап өтті. Оның пікірінше, халықаралық қауымдастықтың міндеті – бұл қағидаттарды қайта қарау емес, оларды бірізді сақтауға саяси ерік-жігер таныту. Ол Ұйымның алдын алу, медиация және мониторинг салаларында бірегей құралдары бар екенін айтып, оларды тиімді пайдалануға шақырды.

Е.Көшербаев қақтығыстардың орнына дипломатияны таңдау қажеттілігіне назар аударды. Ол Қазақстанның дағдарыстарды, оның ішінде Украинадағы, Таяу Шығыстағы және басқа да өңірлердегі жағдайды қоса алғанда халықаралық құқыққа негізделген дипломатиялық жолмен шешуді жақтайтынын жеткізді. Осы тұрғыда ол Әзербайжан мен Армения арасындағы Бейбітшілік декларациясына қол қойылуын, сондай-ақ Орталық Азия елдері арасындағы шекара мәселелерін шешудегі прогресті құптады.

Министр Орталық Азияның жаһандық процестерге белсенді қатысатын біртұтас және конструктивті өңірге айналып келе жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ Ауғанстандағы тұрақтылық пен орнықты дамудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Осыған байланысты ол Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығын құрудың маңыздылығына тоқталып, бұл өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың практикалық құралына айналатынын атап өтті.

ЕҚЫҰ-ның экономика және қоршаған орта өлшеміне қатысты Министр өзара байланыстықты, жасыл экономиканы дамыту және өңірлік экологиялық тұрақтылығын арттыру бойынша күш-жігерді күшейту қажеттілігін атап өтті. Негізгі сын-тегеуріндердің қатарында Арал мен Каспий теңіздерінің тартылуы, климаттың өзгеруі, шөлейттену және су тапшылығы мәселелері аталды. Қазақстан 2026 жылғы сәуірде Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитті қоса алғанда осы салалардағы шешімдерді белсенді түрде ілгерілетуді көздейді.

Сонымен қоса СІМ басшысы ЕҚЫҰ-ның адами өлшемі аясында Қазақстанның адам құқықтарын, демократияны, заң үстемдігін және гендер теңдігін ілгерілетуге деген міндеттемесін растады әрі елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды демократиялық реформалармен таныстырды.

Сөз соңында ол Қазақстан қауіпсіздік саласындағы диалог пен ынтымақтастық үшін бірегей, инклюзивті платформа ретінде ЕҚЫҰ-ны нығайту үшін Швейцарияның алдағы төрағалығымен және барлық мүше мемлекеттермен белсенді түрде өзара іс-қимылды жалғастыратынына сендірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -