Бенилюкс Бас хатшылығында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Бенилюкс елдері үкіметтері арасында дипломатиялық паспорт иелеріне виза талаптарын алып тастау туралы келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі Хаттамаға қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Құжатқа Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшісі Марғұлан Баймұхан, Бенилюкс елдері тарапынан Бельгия Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментінің бас директоры Йорис Салден, Бельгиядағы Люксембург Елшісі Жан-Луи Тилль және Бельгиядағы Нидерланд Елшісінің орынбасары Макс Валстар қол қойды.
Хаттама 2015 жылғы 2 наурыздағы дипломатиялық паспорт иелеріне виза талаптарын алып тастау туралы келісімнің аясын кеңейтіп, қызметтік паспорт иелеріне визасыз кіруге мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан мен Бенилюкс елдерінің мемлекеттік қызметкерлеріне ресми міндеттерін орындау үшін виза алуды қажет етпестен, 90 күннен аспайтын мерзімге еркін жүруін айтарлықтай жеңілдетеді.
ҚР Елшісі М. Баймұхан өз сөзінде Брюссельде 200-ден астам шетелдік дипломатиялық миссиялар мен 120 халықаралық ұйым, оның ішінде ЕО-ның жетекші органдары, Дүниежүзілік кеден ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдардың орналасқанын мәлімдеді. Бұл ұйымдар Қазақстаннан ресми делегацияларды жиі қабылдайды. Ол қызметтік паспорт иелеріне виза талаптарын жою бюрократиялық кедергілерді азайтып, ведомстволар мен мемлекеттік органдар арасындағы жедел өзара әрекеттесу үшін қолайлы жағдай жасайтынын атап өтті.
Хаттама тараптар қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді аяқтағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 30 күнтізбелік күннен кейін өз күшіне енеді.
Бүгінгі таңда Қазақстан дипломатиялық паспорт иелеріне визасыз режим туралы 96 елмен, қызметтік паспорт иелеріне 77 елмен, ал ұлттық паспорт иелеріне 43 елмен келісімге қол қойған.
Бенилюкс – Батыс Еуропаның үш мемлекеті (Бельгия, Нидерланд және Люксембург) арасындағы саяси-экономикалық одақ. 1960 жылы құрылған бұл одақ адамдардың, тауарлардың, капитал мен қызметтердің аталған мемлекеттердің шегінде еркін қозғалысын қамтамасыз етуге, экономикалық, қаржылық және әлеуметтік саясатты үйлестіруге, сондай-ақ сыртқы саудаға қатысты ортақ саясатты жүзеге асыруға бағытталған.