«Бұлар өздерінше керемет болатын – иықтарында асынған мылтықтары, бастарын қақайтып, көк араласқан қызыл оқалы киімдері өздеріне сондай жарасымды!» деп атақты даниялық Ханс Кристиан Андерсен «Қайтпас қайсар қалайы сарбаз» атты ертегісінде жазғандай, сарбаз болуға ұмтылып, үстіне әскери форма киюге асыққан жастарды әскерге шақыру науқаны басталды. Отан алдындағы борышын өтеу үшін ер азаматтар еліміздің түкпір-түкпірінен жиналып, бірі шекара күзетуге аттанса, екіншісі құқықтық тәртіпті күзету және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін ұландық атанады. Ендеше, Ұлттық ұланда әскерге шақыру науқаны қалай жүріп жатыр? Мерзімді әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарға көмек ретінде қандай шаралар қолданылады? Осы секілді сұрақтардың жауабын білу мақсатында ҰҰ БҚ Шақыру және жинақтау бөлімінің бастығы Какенов Берік Жақсылықұлынан сұқбат алдық.
- Подполковник мырза, қай жердің тумасысыз және әскерге қалай тап болдыңыз, мерзімді әскери борышыңыз қалай өтті?
- Мен 1977 жылы 28 қазанда Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы Тайсойған ауылында дүниеге келдім. Туған өлкемде ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Оның ішінде бидай өсіру – негізгі күнкөрістің көзі болатын. Сондықтан ауыл баласының болашағы осы ауыл шаруашылығымен байланысты екені рас. Солай ауылда мектептегі оқуымды тәмамдап, 1994-1998 жылдары Қостанай ауыл шаруашылық институтында жоғары білімді «технолог-менеджер» мамандығы бойынша алдым. Дипломымды алып, жұмыс қарастырып жүрген уақытта қазіргі Ұлттық ұланнның, бұрынғы Ішкі әскердің Теміртау қаласындағы 5516 әскери бөлімінде мерзімді әскери борышымды өтедім. Бір жылдық әскердің соңғы айларын Астана қаласындағы 5570 әскери бөлімінде өткізіп, жас қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз еттім.
-Тепсе темір үзетін шағыңызды босқа өткізбей, елге пайдаңызды тигізуге ұмтылып, әскери жолға бет бұруыңызға не себеп болды? Әскери мансабыңыз қашан, қай жерде басталды?
- Ол бір қызық оқиға болды. Екі қолға-бір күрек іздеп жүрген уақытым. Үйге қайтайын деп аялдамада автобус күтіп тұрғанмын. Бір кезде аялдамаға формадағы әскери қызметкер келді. Жақында ғана әскерден оралған азаматқа әскери қызметкермен шүйіркелесіп кету дым емес. Әңгімеміз жарасып, менде өзі секілді әскери қызметші болғым келетінін жасырмадым. Себебі маған Отан алдындағы борышымды өтеп жүрген уақытта әскери қызмет ұнады. Ол маған Ұлттық ұланның Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөліміне баруға кеңес берді. Әскери құрылымдарда кадр тапшылығы айқын сезіліп жатқандықтан, 6697 әскери бөлімінің штаб бастығы подполковник Темирьян Рамазанович Гареев бірден келісім шарт ұсынды. Мен ойланбастан қол қойдым. Осылайша іздестіру тобының көмекшісі лауазымында әскери мансабым 2000 жылы 2 қазанда басталды. Біздің топ әскер бөлімін өз бетімен тастап кетуші сарбаздарды іздестірумен айналысатын. Азды-көпті алты жыл өткен соң, 2006 жылы келісім шарт бойынша бригада, полк, взвод сержанты секілді штаттық лауазымдар қосылды. Бірақ ол лауазымға тек конкурстық негізде тағайындала алатын. Мен жоғары білімім және бес жылдан кем емес еңбек өтілім арқасында Ұлттық ұлан тарихында алғашқылардың бірі болып полк сержанты атандым. Бұл лауазымдағы үш жыл қызметімде 6697 әскери бөлімінің барлық сержант шеніндегі әскери қызметкерлердің оқу және тәрбие ісімен айналыстым. Бірақ менің арманым офицер болу еді.
- Осы тұста толығырақ айтып өтсеңіз, офицер ретінде қандай сатыдан өттіңіз?
- 2009 жылы Петропавлдағы екі айлық офицерлік курстың ашылуы - арманына қол жеткізу үшін әрекетін жасаған адамға алдынан мүмкіндіктер шығатынына көзімді жеткізді. Осылайша Ұлттық ұлан тарихында курсты бітіріп, «взвод командирі» сертификатын алып шыққан 23 әскери қызметкерлердің қатарында мен де болдым. Взвод командирі ретінде мансабымды Ұлттық ұланның 6697 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальонында бастадым. Үш жылдан соң мен Қостанай қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің штаб бастығының көмекшісі – Ұлттық ұланға әскерге шақырылушыларды зерделеу және іріктеу бойынша штаб бастығының аға көмекшісі болдым. Ол лауазымдағы басты мақсатым - Ұлттық ұланға әскерге шақырылушыларды іріктеу және әскери бөлімдерге жинақтау еді. 2017 жылы қаңтар айында мені Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында шақыру және жинақтау бөлімінің аға офицері лауазымына тағайындады. Осылайша біршама уақыттан соң 2023 жылы шақыру және жинақтау бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалып, бүгінде осы жұмыс орында қызмет атқарудамын.
- Шақыру және жинақтау бөлімінің бастығы лауазымындағы мақсат-міндеттеріңіз туралы айтып берсеңіз...
- Бұл лауазымдағы басты мақсат – Ұлттық ұлан әскери бөлімдеріне азаматтарды шақыруды ұйымдастыру. Бұған қосымша ретінде азаматтарды әскери қызметке шақыру жоспарларын әзірлеу және қажетті әскери қызметшілердің санын анықтап, оларды әскери бөлімдерге бөлу кіреді. Міндеттерімізге, әуелі, әскерге шақырылушылар мен келісімшарт бойынша әскери қызметін жалғастыруға құлықтылар үшін барлық қажетті құжаттаманы ресімдеуді қамтамасыз ету кіреді. Сосын жеке құрам бойынша деректер базасын жүргізу және оның дұрыс толтырылуын бақылау назардан тыс қалмайды.
- Күзгі уақыттағы әскерге шақыру науқаны қалай жүріп жатыр? Әскери міндетті азаматтарды Ұлттық ұланға шақыру және жинақтау қашан басталады?
- Қазақстанда күзгі уақыттағы әскерге шақыру науқаны қыркүйек-желтоқсан айларына жоспарланған. Осы жылы 20 мыңнан астам азамат Отан алдындағы борышын өтейді. Әскерге шақыру кезінде мына құрамалар: Қарулы Күштердің бөлімшелері, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы, ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметі қатары толығады. Еліміздің Күш құрылымдарына азаматтарды әскерге шақыру келісілген кесте бойынша жүреді. Ұлттық ұланға әскерге шақыру науқаны 20 қарашадан 31 желтоқсан аралағында өтеді. Осы жылы шамамен 6 мыңнан астам мерзімді әскери борыштарын өтеуге шақырылған 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар Ұлттық ұлан қатарын толықтырады. 170-тен астам қалалық және аудандық шақыру комиссияларындағы Ұлттық ұланның зерделеу және жинақтау бойынша офицерлері жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста. Бұл шақыру науқанының ашық түрде өткізілетінін білдіреді. Біз жыл бойы әскери есепке алу және шақыру мәселелері бойынша халық арасында ақпараттық және түсіндіру іс-шараларын жүргіземіз. Одан бөлек шақыру мәселелері тәртібін реттейтін заңнама мен нормативтік актілердің сақталуын қамтамасыз етеміз. Бұл жұмыстардың барлығы жыл бойы жүзеге асырылады.
- Ұлттық ұлан қатарына әскерге шақырылатын сарбаздарға арналған қандай да бір талаптар бар ма?
- Ұлттық ұланға денсаулығы бойынша жарамды «бірінші кезектегі» азаматтар шақырылады. Бойлары 170 см-ден кем болмауы тиіс. Ұлттық ұлан әскери қызметкерлері құқықтық тәртіп пен қала көшелеріндегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететіндіктен бізге сотталмаған әкімшілік жауапқа тартылмаған азаматтар керек. Аталған талаптарды Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің Ұлттық ұланға әскерге шақырылушыларды зерделеу және іріктеу офицерлері біледі және сол талаптарға сай азаматтарды жинақтап береді. Ал ол үшін жергілікті органдармен жұмысты үйлестірудің маңызы зор. Қазіргі таңда еліміздің Қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен басқармаларымен Ұлттық ұланның ара-қатынасы жақсы деңгейде екенін білдіреді.
- Қазақстанның Қорғаныс министрлігі әскерге қабылдау жасын, яғни 18 жастан 20 жасқа, ұлғайту туралы мәселесін қарастырғалы жатыр, сол туралы ойыңызды білсек.
- Иә, бұл мәселе туралы хабардармын. Менің ойымша, егер әскерге қабылдау жасын ұлғайтсақ, біз тек бір мәселені шешеміз. Ол – әскерге шақырылушылардың психологиялық дайындығы. 18 жастағы сарбаз бен 20 жастағы сарбаздың ой өрісі, қиындықтарды еңсеруі екі бөлек. Дегенмен резерв дайындау, физикалық дайындық, білім мен мансап, ұлттық қауіпсіздік халықаралық стандарт мәселелерін екінші деңгейге қою дұрыс емес.
- Сонда 18 жастан әскерге қабылдаудың пайдасы неде?
- Көп мемлекеттерде әскерге қабылдау жасы 18 жастан басталады. Бұл резерв дайындау мүмкіндігін сыйлайды. Ал резервтің санымен қатар сапасы да мықты болса, онда ел басына қара бұлт үйірілген жағдайда тәуелсіздігімізді аянбай қорғары анық. Қоса кетсем, 18 жаста ер азаматтың физикалық дамуы бір жолға қойылады. Бұл оның физикалық ауыртпалықтарды оңай еңсеруіне алып келеді. Егер әскерге қабылдау жасы 20 жастан болса, азаматтық парызын өтеу керек екені жастардың болашақтағы білімі мен мансабы туралы жоспарында болуы неғайбыл. Әдетте 20 жасында азамат орта немесе кәсіби білім алып, бірі өз мансабын бастаса, екіншісі жоғары білім алуға ұмтылады. Ал әскерге шақыру олардың жоспарын бұзатыны сөзсіз. Одан бөлек ұлттық қауіпсіздік мәселесін ескеру қажет. Резерв санының азаюы еліміздің қорғаныс беріктігінің олқылығы саналады. Сондықтан бұл мәселені егжей-тегжейлі қарап, әскерге барғысы келетіндер санын арттыру керек.
- Ұлттық ұланда мерзімді әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарға көмек ретінде қандай шаралар қолданылып жатыр?
- Ұлттық ұланға шақыру және жинақтау бөлімінің жұмысы азаматтарды әскерге қабылдап, әскери бөлімдерге үлестіруден шектеліп қалмайды. Біз әр азамат мерзімді азаматтық борышын өтеп болғанша, үздіксіз қолдау көрсетуге тырысамыз. Жиі көмек беретін жағдайлар кешеніне мән берсек, психологиялық қолдау көрсету және ол келісім шарт бойынша әскери мансабын жалғастырғысы келетін азаматтарға қол ұшын созу болып табылады. Одан бөлек қазіргі уақытта сарбаздарға мемлекет тарапынан жоғары оқу орындарына түсуге керемет мүмкіндік ретінде «Срочники 2.0» жобасы әзірленген. Бұл жоба 2022 жылғы 25 қазанда ҚР Қорғаныс министрі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарымен келісімге қол қойған сәттен бастау алады. Барлығы еліміздің 70-тен кем емес ЖОО-мен келісімге қол қойылды, онда ЖОО есебінен білім алу үшін 3000 мыңнан астам орын көзделген. Ақпарат бойынша, 1500 жолдамаға үмітті жалпы еліміздің Күш құрылымдарынан 18 мыңға жуық мерзімді әскери борышын өтеуші әскери қызметкерлер қатысады.
- Ұлттық ұландағы қызметін жалғастыру мақсатында келісімшартқа отыратын сарбаздардың үлесі қанша?
- Қуантатын жәйт, Ұлттық ұланда қызметін жалғастыру мақсатында келісімшартқа отыратын сарбаздардың үлесі жылдан жылға артып келе жатыр. Бізде бар ақпаратқа сүйенсек, жыл сайын Ұлттық ұланға әскерге шақырылған 6 мыңнан астам азаматтың 15-20 пайызға жуығы келісімшартқа отырады. Келісімшарт бойынша әскери қызметін жалғастырғысы келетін сарбаз әскери бөлім немесе қала ауыстыруға құлықты болса, біз олардың құжаттарын ресімдеуге қол ұшын созамыз. Ондай фактілер жиі кездеседі. Мысалы Қостанай облысының тумасы өз өңірінде, ал Қарағанды облысының тумасы өз өңірінде келісімшарт бойынша әскери қызметін жалғастырғысы келеді. Біз солар секілді әскери қызметшілерді, әуелі, Қаракемердегі 6654 әскеи бөліміне оқуға жібереміз. Олар сол жерден белгілі бір лауазым бойынша теориялық және практикалық тәлім алып, Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеруге тағайындалады. Осындай үрдістің жастар арасында белең алуы, әрине, Ұлттық ұланның даму жоспарының дұрыс бағдарда екенін дәлелдей түседі.
- Ұлттық ұланда мерзімді әскери борышын өтеп жатқан сарбаздарға тілегіңіз?
- Құрметті ұландар, сіздердің жігерлеріңіз бен ерліктеріңіз еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Әскери борышыңызды адал әрі батыл атқарып жатқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз. Сіздерге күш-қуат, төзім, таудай талап тілеймін. Біз әрқашан борыштарыңызды абыроймен өтеп, ел намысын қорғап жүргендеріңіз үшін мақтанамыз. Жауынгерлік рухтарыңыз әрдайым жоғары болсын!
- Ақпаратпен бөлісіп, сұхбат бергеніңіз үшін алғыс айтамын. Қызметіңіздің жемісін көріңіз!
Запастағы лейтенант Нұрдәулет Мергенбек