20042
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

2010 жылы Шыңғыс Тұяханов есімді жас жігіт Ұлттық ұланның 3660 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтеу үшін арнайы келген. Ерге тән елдік парызды өтеуді ғана ұйғарған қатардағы сарбаз уақыт өте келе әскери қызметтің қыр-сырын меңгеріп алады. Мұндағы қызметтің қолынан келетінін, жауапкершілік жүгін арқалай алатынын түсінеді. Содан кейін уақыт жоғалтпай осы әскери бөлімде келісім шарт бойынша қызмет атқаруға бел буады.

Қызметін бөлімше командирі, взвод сержанты, қарауыл бастығы секілді сатылардан бастаған кіші сержант Шыңғыс Тұяханов бүгінде 2 атқыштар ротасының қарауыл бастығы міндетін атқарады. Ол 1990 жылы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында туған. Оның отбасында әскери қызметшілер болмаған. Анасы мектеп мейірбейкесі болса, әкесі ауыл шаруашылық маманы болып еңбек еткен жандар. Өзі үйдің тұңғышы, одан кейін соңынан ерген үш бауыры бар. Кейіпкеріміз үшін қарауыл қызметі сонау сарбаз күнінен бері жақсы таныс. Өзі де мерзімді әскери қызмет атқара жүріп, қолына қару алған. Түзеу мекемесінің биік бекетіне көтеріліп, тапжылмастан талай күзетте тұрған.  Ал қазір қарауыл бастығы міндетін абыроймен алып жүр.

Оның міндетіне сотталғандардың қашып кетпеуі және сырттан тыйым салынған заттардың енгізілмеуі секілді жауапты тапсырмалар кіреді. Күнделікті жұмысы ең алдымен жеке құрамды қабылдап алудан басталады. Кейін ретімен нұсқаулық сабақтар жүргізіледі. Ал бұйрық түскен сәтте жауынгерлік қызметке кіріседі.

- Қызметке моральдық-психологиясы мықты сарбаздар алынады. Бұл ретте психолог қызметінің де маңызы зор. Олар жауынгерлердің ішкі жан-дүниесіне еніп, олардың жай-күйін зерделейді. Әр сарбаздың интелектуалды және эмоционалды білімі анықталады. Әр әскери қызметшінің қырағылық қабілеті мен ұстамдылығы секілді қасиеттерді бағалауға арналған тест болады. Солардың нәтижесіне сүйене отырып, қарауыл қызметіне түсетін ержүрек жігіттер іріктеледі. Психологтар іріктелген сарбаздарды рота командирі мен қарауыл бастығына ұсынады. Бұдан кейін олар түзеу мекемесінде қызмет атқара алады деген жауынгерлермен әңгімелесіп, тағы бір сынап көреді. Кейін бекеттік ведомство жасалады. Бұл тізімге енген жігіттер аса маңызды тапсырманы атқаруға аттанады десе де болады, – деді Шыңғыс Тұяханов.

Қарауыл бастығы қарамағындағы қарулы жауынгерлерге арқа сүйейді. Өйткені, жаздың ыстығында да, қыстың қытымыр суығында да қиындыққа дес бермей бекетте тұратындар да солар. Сондықтан да сарбаздар маңызға ие.

- 10 айдан бері қарауылға тұрақты түрде түсіп келемін. Бүгінге дейін шамамен 80-ге жуық бекетте тұрып, маңызды міндет атқардым. Көшеде жүргенде қарапайым адам едім, мында келіп қолына қару ұстаған жауапты әскери қызметшіге айналып шыға келдім. Қаншама адамның тағдырына жауаптымыз. Құдай сақтасын, қандай да бір қауіпті қылмыскер түзеу мекемесінен қашып кететіндей жағдай болса, қоғамның тыныштығы бұзылар еді. Сондықтан біздің қызмет көзге көрінбейтін, бірақ жауапкершілігі зіл батпандай міндеттерден тұрады. Мұндайда мінезді болып, тапсырманы мүлтіксіз орындау шарт. Біз кез келген оқыс жағдайға тас-түйін дайынбыз. Нұсқаулық сабақ кезінде бізге барлық алгоритм түсіндіріледі.  Әсіресе,  №27 жаттығудың жөні бөлек. Бәле-жала аяқ асты болып қалуы мүмкін. Сондайда сауысқаннан сақ сарбаздар сасқалақтамай аталған жаттығудағы іс-әрекеттерін салмақты түрде орындауы керек. Бұл дегеніміз – сотталушының тыйым салынған аймаққа өткен кезінде қолданылатын тәсілдер. Біз өзімізге белгіленген аймақ бойынша жауапкершілік аламыз, әлгіндей жағдай бола қалса қарауыл бастығына дереу хабар беріп, өз позициямызға берік болуға тырысамыз, – деді эфрейтор Арман Оразбаев.

Аталған әскери бөлімнің сарбаздары жауынгерлік қызметтің маңызын жақсы түсінеді. Сол себепті қызметте қырағы әрі зерек. Олардың арасында техникалық білім алғандар да, гуманитарлық салада ілім іздегендер де бар. Бірақ олардың бәрі құқықтық тәртіп әскерінде Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Мәселен, қарауылда жүрген қатардағы Әлихан Амангелді 18 жасқа тола салысымен әскерге келген.

-  Мен Алматы қаласының Бесағаш ауданында тұрғанмын. Армияға 18 жасқа толғаннан кейін бірден келдім. Бүгінде бір адамдай жауынгерлік қызмет атқарып жүрміз. Біздің басты – міндет сотталған адамдарды қадағалау.  Өз басым поэзияға жақынмын. Мұқағали Мақатаевты пір тұтамын. Бекетте тұрғанда ойша өлең шығаратын кездерім болады. Оңаша қалғанда әскерден кейін не істейтінімді, отбасымды ойлаймын. Ал әскерден соң заңгер мамандығы бойынша білім алуды жоспарлап отырмын. Мұндағы мақсатым -  құқық қорғау саласында еңбек ету, – деді сарбаз Әлихан Амангелді.

Қарауыл бастығы кіші сержант Шыңғыс Тұяханов Арман мен Әлиханның өз ісіне адал сарбаздар екенін айтты. Сондай-ақ, оның ойынша,  2 атқыштар ротасындағы жауынгерлердің бәрі де болашағынан зор үміт күттіреді. Олардың араларында Ұлттық ұлан сапында қалып, әскери қызметші болуды қалайтындары да бар көрінеді. Мұның бәрі әскердегі тәлім-тәрбие мен тәжірибе берудің оңтайлы ұштасуынан туындаса керек.

 Қатардағы Жанболат Кенжеғұл, Астана – Алматы облысы - Астана

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -