25113
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

15 қараша  Қазақстанның ұлттық валютасының мерейтойы және қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Биыл 31 жыл қатарынан тойланып келеді. Президент жарлығымен бекітіліген мереке мемлекет үшін де үлкен маңызға ие. Бүгінде есеп-қисаптың жілігін шаққан майталман мамандар жетерлік. Солардың бірі Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5571 әскери бөлімінде қызмет атқаратын әріптесіміз – қаржы бөлімінің офицері лейтенант Баймұханова Гүлжан Бағдатқызы.

Бұл сала алдымен мұқияттылықты талап етеді. Өйткені сандар сынды кешірмейді. Ал сол сандарды сайрата білген сала маманы бүгінде Ұлттық ұланның қатарында абыроймен қызметін атқаруда.

Гүлжан Бағдатқызы 1987 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Ата-анасының тұңғышы, бауырларының алды болған кейіпкеріміз де қызметте абырой-мәртебесі биік, әріптестерінің алды. Қазіргі уақытта Кеңес Одағының батыры, гвардия полковнигі, Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөліміндегі қаржы бөлімінің офицері. 1999 жылға дейін  туған жерінде тұрып, 2000 жылдардан бастап Алматы қаласына отбасымен бірге қоныс аударады. Алып қалаға арман қуып келген Гүлжан мектепті тәмамдағаннан кейін Алматы экономикалық колледжіне қаржы мамандығына түсіп, білімін жетілдіреді. Артынша колледжден алған білімін шыңдау мақсатында жоғарғы оқу орнына түседі. Бакалавр бойынша қағазын қолына ұстағаннан соң сол сала бойынша жұмыс істеуді көздейді. Мемлекеттік мекеме, әртүрлі ұйымдарға өзінің түйіндемесін жолдайды. Жұмыстың қиындығыа қарамады. Өйткені басты мақсаты диплом бойынша алған білімін күйдіріп алмай, мамандығына сай қызмет атқару еді.

2009 жылы Гүлжан Бағдатқызы қазақ әскерінің алдыңғы шебі саналатын Ұлттық ұлан қатарына шақырылады. Әскери қызметші болуға ұсыныс түседі. Сәйкесінше әскери қызметшілерге қойылатын талап та, тәртіп те қаржы маманына қатар қойылды. Нәп-нәзік болмысқа ие кейіпкеріміз ойланбастан ер азаматтармен қатар иық тірестіріп, Отан үшін титтей де болсын қосқан үлесім деп қызметке кіріседі. Әскери Жарғыға бағынады. Отан алдындағы әскери Антты да қабылдайды. «Міндет, абырой, ерлік» деп адал қызмет ету үшін сапқа тұрып, серт береді.

– Менің бұл салаға бет бұруыма тікелей анамның қатысы бар. Өйткені анам өзі де ұзақ жылдар бойы қаржы маманы болып жұмыс істеді. Есімде, бала күнімде анам түнімен қат-қат қағаздарды май шаммен қатар қойып, есеп шотпен есептеп отыратын. Соны көріп, қызығып та бой жеттім. Менің армандарымның бірі былай болатын: өзімнің жеке кабинетім, жеке үстелім болғанын қатты қаладым және сол арманға жету жолында тырыстым, еңбектендім. Шүкір, қазір сол армандарым орындалып жемісін көрудемін.

Осы уақытқа дейін түсінгенім адамның тағдырына жазылғаны болады екен. Қызығы, менің армандар тізбегімде әскери адам болу мүлдем болмаған. Әдетте пагон таққан, форма киген жандарға көпшілік қызығады ғой. Ал, менікі керісінше, қызметке кіріскеннен кейін бірақ мамандығымды сүйе бастадым. Иә, басында қыз баласы үшін оңайға соқпады. Өйткені, ер азаматтар сынды зонт киіп, окоп қазып қатал талап пен тәртіпке бағындық. Содан еш жаман болған жоқпыз, өстік, өндік, үйрендік. Әсіресе, өмірде ең қажетті жақсы қасиеттердің бірі ұқыптылық пен тиянақтылыққа бейміделдік. Отбасымызда да, бала тәрбиесінде де осы жақтан көрген түйгенімізді, өмірлік сабақтарымызды қолданып келемін, - деді ол.

Отбасында да жұмыстан алған тәжірібиесін пайдаланып жүрген Гүлжан ханым әулеті жайлы да айтып берді.

– Мен өмірлік серігімді осы саладан таптым. Жоғарыда атап өткендей 2009 жылы қызметке қабылданған кезде қатардағы жауынгер болдым. Сол тұста келісім шарт бойынша әскери қызметшілерді қадағалайтын, білмегенін үйрететін жауапты басшымыз прапорщик Ермек Баймұханов еді. Ал қазір қызметтегі басшым шаңырағамның тірегі, құдай берген қыздарымның әкесі. Адал жан.

Көңіліміз жарасып, сезімдеріміз ұласып 2010 жылы шаңырақ көтердік. Міне биыл 14 жылдан аса уақыт өтті. Қызғалдақтарымызды тәрбилеп отырмыз. Мен ол кісінің адами қасиеттерін қатты бағалаймын. Анығында оның бойынан қолдау, қорған бола алатын қасиеттерді жақсы сезіндім. Аялы алақанына өмірімді толық сеніп тапсырдым десем артық айтқандық емес. Үйде де жауапкершілігі өте жағары жан. Ол ұзақ жылдар бойы Ұлттық ұланның қатарында қызмет етіп, абыроймен «Оңтүстік» өңірлік  қолбасшылығынан зейнеттік демалысқа шықты. Қыздарымыздың үлкені 13 жаста, кішісі 10 жаста. Бүгінгі күні екеуі де мектеп жасындағы оқушылар.  Жолдасым екеуіміздің де бар арман-мақсатымыз көзге көрінген балаларымыздың болашағын құрып, адами құндылықтарды бойларына сіңіре отырып дұрыс тәрбие беру. Осы жолда үнемі даму үстінде өзіміз де еңбек етудеміз. Бастысы жақындарымыздың амандығы мен дендерінің саулығы.

Сөз соңында осы мүмкіндікті пайдаланып Ұлттық ұланға оның ішінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы мен оған қарасты 5571 әскери бөлімінің басшылығына алғысымды білдіремін. Кәсіби мерекемен барлық әріптестерімді құттықтаймын! Дендеріне саулық, отбасыларына амандық, қызметте шығармашылық табыс тілеймін!», - деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.

Қатардағы Аяулым Мадиканова, Алматы қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -