2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 264 кәсіпорны 17,8 мың жұмыскерге 3,9 млрд теңгеге жалақы бойынша берешек екенін анықтады. Сонымен бірге түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында 7,1 мыңнан аса еңбек құқығының бұзылуы анықталды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жалақы бойынша берешегі бар кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 235 ұйғарым берілді және 46,5 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 16,5 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 3,1 млрд теңге төленді.
Бұдан басқа, еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ерекше бақылауында.
2024 жылғы 1 қарашадағы деректер бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 4 552 тексеру жүргізді, оның барысында 7 149 бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек саласында – 5 310; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 1 769; халықты жұмыспен қамту бойынша – 67.
Жұмыс берушілерге 2 723 ұйғарым беріліп, 338,9 млн теңге сомасына 3 207 әкімшілік айыппұл салынды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 31 мыңнан аса жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.