ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте «Серпін» бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Әлеуметтік жобаның мақсаты еліміздің оңтүстік өңірлерінен келген жастарды оқытып, кадр жетіспеушілігі байқалып отырған Қазақстанның солтүстік, орталық және шығыс аймақтарына жұмысқа орналастыруға бағытталған.
Облыс әкімдерінің орынбасарлары жоба аясында атқарылып жатқан шаралар туралы айта келе, шешуді қажет ететін мәселелерді ортаға салды. Вице-премьер бағдарламаны жүзеге асырудағы негізгі мәселе жауаптылардың нақты, адрестік жұмысының жоқтығы екенін атап өтті. Жобада қамтылатын жастар анықталғанымен, аймақтардағы жұмыс берушілерге нақты қандай мамандықты меңгерген кадрлар қажет екені нақтыланбаған.
«Бұл мәселені шешу үшін Ғылым және жоғары білім министрлігінің жанынан республикалық жобалық кеңсе және кадрларға қажеттілікті нақтылау үшін жұмыс берушілермен, жұмыспен қамту орталықтарымен, университеттермен және колледждермен өзара іс-қимыл жасайтын өңірлік кеңселер құрылды. Оқуды бітіргеннен кейін міндетті түрде жұмысқа орналасатын мамандарды даярлау үшін нақты оқу орындарын таңдау маңызды қадам болады» Тамара Дүйсенова
Республикалық жобалық кеңсеге ҚР Парламентінің депутаты Мұрат Әбенов, ал өңірлік офистерге облыс және Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары жетекшілік етеді. Оңтүстік аймақтарда кәсіби бағдарлау ісіне ерекше мән берілетін болады. Бүгінде салалық министрлікпен Түркістан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда және Жетісу облыстарының мектептері мен колледждерінің тізімі анықталды. Бағдарлама аясында осы өңірлердің жастарын Ақмола, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Абай, Қарағанды және Ұлытау өңірлерінде оқытып, жұмыспен қамту қарастырылған.